Жохан 15:1—27
15 Иса сөзін жалғап былай деді: “Мен шынайы жүзім бұтасымын, ал Әкем — жүзімші.
2 Ол мендегі жеміс бермейтін әрбір сабақты кесіп тастайды, ал жеміс беретіндерін молырақ өнім берсін+ деп тазартады.
3 Сендер менің өздеріңе айтқан сөздерім арқылы тазардыңдар+.
4 Менімен бірлікте бола беріңдер, сонда мен де сендермен бірлікте бола беремін. Сабақ жүзім бұтасынан дербес жеміс бере алмайтыны сияқты, сендер де менімен бірлікте болмасаңдар, жеміс бере алмайсыңдар+.
5 Мен жүзім бұтасымын, ал сендер сабақсыңдар. Кім менімен, ал мен онымен бірлікте болсам, сол мол жеміс береді+. Ал менсіз ештеңе істей алмайсыңдар.
6 Кім менімен бірлікте болмаса, кесіліп, қурап қалған сабаққа ұқсайды. Адамдар мұндай сабақтарды жинап алып, отқа тастайды да, олар жанып кетеді.
7 Егер менімен бірлікте болып, сөздерімді жүректеріңде сақтасаңдар, қалағандарыңды сұраңдар, сонда сендерге беріледі+.
8 Мол жеміс беріп, әрі менің шәкірттерім екендеріңді дәлелдесеңдер, Әкем мадақталады+.
9 Әкем мені сүйгеніндей+, мен де сендерді сүйемін. Сондықтан менің сүйіспеншілігімнен айырылмаңдар.
10 Мен Әкемнің өсиеттерін орындап, оның сүйіспеншілігінен айырылмайтынымдай, сендер де менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімнен айырылмайсыңдар.
11 Бұларды менің қуанышым сендерде де болсын, әрі қуаныштарың толық болсын деп айттым+.
12 Сендерге айтар өсиетім мынау — бір-біріңді мен өздеріңді сүйгендей сүйіңдер+.
13 Достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ+.
14 Егер өсиет еткендерімді орындасаңдар, онда менің достарымсыңдар+.
15 Енді сендерді құл деп атамаймын, өйткені құл қожайынының не істеп жүргенін білмейді. Ал мен сендерді достарым деп атаймын, себебі Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім.
16 Сендер мені емес, қайта, үнемі мол жеміс беріп, сол жемістерің сақталсын деп, мен сендерді таңдадым. Сонда менің атымнан не сұрасаңдар да, Әкем сендерге береді+.
17 Бұларды бір-біріңді сүюлерің үшін өсиет етіп тұрмын+.
18 Осы дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын мені жек көргенін біліңдер+.
19 Егер осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер+, қайта, мен сендерді осы дүниеден таңдап алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді+.
20 Сендерге айтқан мына сөзімді есте ұстаңдар: құл қожайынынан үлкен емес. Олар мені қудаласа, сендерді де қудалайды+. Ал егер менің сөздерімді ұстанса, сендердікін де ұстанады.
21 Олар осының бәрін сендерге менің атыма бола істейді, себебі мені жібергенді білмейді+.
22 Егер мен келіп, ештеңе айтпасам, олар күнәлары үшін айыпты болмас еді+. Ал енді күнәларынан еш ақтала алмайды+.
23 Кім мені жек көрсе, Әкемді де жек көреді+.
24 Егер мен араларында басқа ешкім жасамаған кереметтерді жасамасам, күнәлары үшін айыпты болмас еді+. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, мені де, Әкемді де жек көреді.
25 Алайда Жазбалардағы* “олар мені себепсіз жек көрді” деген сөздер орындалу үшін осылай болды+.
26 Мен сендерге Әкемнен көмекші, шындықты ашатын киелі рух+, жіберемін. Әкемнен келген ол мен жайында куәлік етеді+.
27 Сендер де мен туралы куәлік етесіңдер+, өйткені қызметімнің басынан бастап менімен бірге болдыңдар.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “олардың Заңындағы”.