Лұқа 12:1—59

  • Парызшылдардың ашытқысы (1—3)

  • Адамнан емес, Құдайдан қорқу керек (4—7)

  • Мәсіхті ашық мойындау (8—12)

  • Түйсіксіз бай туралы мысал (13—21)

  • Уайымдауды қойыңдар (22—34)

    • Кішкене отар (32)

  • Сергектік сақтау (35—40)

  • Адал басқарушы және опасыз құл (41—48)

  • “Татуластыруға емес, бөлуге келдім” (49—53)

  • Қазіргі уақытта болып жатқан жайттарды ұғу (54—56)

  • Дауды шешу (57—59)

12  Осы екі арада сан мыңдаған адам жиналып, сығылысып тұрғанда, Иса алдымен шәкірттеріне былай деді: “Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екіжүзділіктен сақтаныңдар+!  Жақсылап жасырылған нәрсенің бәрі ашылады, ал кез келген құпия мәлім болады+.  Сол себепті қараңғыда айтқандарың жарықта естіледі, үйде сыбырлап айтқандарың үй төбесінен жарияланады.  Достарым+, сендерге мынаны айтамын: тәнді өлтірсе де, кейін басқа ештеңе істей алмайтындардан қорықпаңдар+!  Сендерге кімнен қорқу керек екенін айтайын: өлтіргеннен кейін, жаһаннамға* тастауға билігі бар Құдайдан қорқыңдар+. Иә, сендерге мынаны айтамын: содан қорқыңдар+!  Бес торғай екі тиынға* сатылады емес пе? Десе де Құдай олардың бірде-біреуін ұмытпайды*+.  Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі+! Қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар+!  Сендерге мынаны айтамын: мені адамдар алдында мойындаған әркімді+ Адам Ұлы да Құдайдың періштелерінің алдында мойындайды+.  Ал кім менен адамдар алдында танса, мен де одан Құдайдың періштелерінің алдында танамын+. 10  Адам Ұлына қарсы сөйлеген әркім кешіріледі, ал киелі рухқа қарсы қорлық сөз айтқан адам кешірілмейді+. 11  Адамдар сендерді жиын* алдына не басшылар мен билік иелерінің алдына апарғанда, өзімізді қалай қорғап сөйлейміз, не айтамыз деп уайымдамаңдар+. 12  Сендерге не айту керектігін сол сәтте киелі рух үйретеді+”. 13  Жиналған елдің арасынан біреу Исаға: “Ұстаз, мұраны менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деді. 14  Ал Иса оған: “Кім мені екеуіңе қазы не төреші етіп қойды?”— деп жауап берді де, 15  халыққа: “Байқаңдар, ашкөздік атаулыдан аулақ болыңдар+. Себебі адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес+”,— деді. 16  Сосын мынадай мысал айтып берді: “Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. 17  Ол ішінен: —Не істесем екен? Астығымды жинайтын жерім жоқ,— деп ойлайды да, 18  мынадай шешімге келеді: —Былай істейін+: қамбаларымды бұзып, үлкендеу етіп соғайын, сөйтіп, бар астығым мен дүниемді сонда жинайын. 19  Сосын өзіме: “Көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер”,— деймін. 20  Бірақ Құдай оған: —Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның* алынады. Сонда жиған-тергенің кімге қалады+?— дейді. 21  Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдайдың көз алдында бай болмаған адамның ақыры осындай болады+”. 22  Бұдан кейін шәкірттеріне мынаны айтты: “Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не жейміз деп жандарыңды, не киеміз деп тәндеріңді ойлап уайымдай беруді қойыңдар+! 23  Жан тамақтан, ал тән киімнен әлдеқайда артық қой. 24  Қарғаларға қараңдаршы: олар егін екпейді де, орып, қамбаға жинамайды да, әйтсе де көктегі Әкелерің оларды асырайды+. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме+?! 25  Уайымдаумен қайсысың өміріңді бір сәтке* болсын ұзарта аласың? 26  Ал осындай кішкене нәрсені де істей алмасаңдар, онда басқасын уайымдаудың қажеті не+? 27  Лалагүлдердің қалай өсетініне қараңдаршы: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Сендерге мынаны айтамын: тіпті Сүлеймен патша бар сән-салтанатында солардың біріндей киінген емес+. 28  Ал енді бүгін бар, ертең отқа тасталатын дала гүлін Құдай осылай киіндірсе, сендерді де киіндіреді емес пе, сенімі аздар-ау?! 29  Сондықтан не ішіп-жейтіндеріңді ойлап уайымдамаңдар. Сарыуайымға салынуды қойыңдар+! 30  Себебі бұл дүниедегі халықтардың бар есіл-дерті осы нәрселерде. Ал бұлардың сендерге қажет екенін Әкелерің біледі ғой+. 31  Қайта, оның Патшалығын іздей беріңдер, сонда сендерге бұлар қосылып беріледі+. 32  Қорықпа, кішкене отар+, себебі Әкелерің сендерге Патшалықты беруді ұйғарды+. 33  Қолда барларыңды сатып, қайыр-садақа беріңдер+. Өздеріңе ақша салатын тозбайтын қалта жасаңдар, яғни көкте таусылмайтын қазына жинаңдар+. Ол жерде оған ұры да жоламайды, күйе де жемейді. 34  Өйткені қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады. 35  Белдерің буулы+, шамдарың жағулы болсын+. 36  Қожайынының үйлену тойынан оралуын күтіп жүрген құлдар сияқты болыңдар+. Олар қожайыны келіп, есік қаққанда, дереу ашуға дайын тұрады. 37  Қожайыны келгенде, сергек жүрген құлдар бақытты! Сендерге шындығын айтамын, ол белін буып, оларды дастарқан басына жантаюға шақырады да, өзі қастарына келіп, қызмет көрсетеді. 38  Қожайыны екінші күзетте*, тіпті үшінші күзетте* келіп, құлдардың сергек жүргенін көрсе, олар бақытты! 39  Бірақ мынаны біліп алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде келетінін білсе, үйіне ұры түсуіне жол бермес еді+. 40  Сендер де дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді+”. 41  Сонда Петір: “Ием, бұл мысалды бізге ғана айтып тұрсыз ба, әлде жұрттың бәріне ме?”— деп сұрады. 42  Иса былай деді: “Қожайыны басқа қызметшілеріне қажетті ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындайтын адал да ақылды басқарушы* кім+? 43  Қожайыны қайтып келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты! 44  Сендерге шынымен айтамын, ол оны бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындайды. 45  Алайда әлгі құл іштей “қожайыным кешігіп жатыр” деп, өзге құлдар мен күңдерді ұрып-соғып, ішіп-жеп, мас болып жүрсе+, 46  онда қожайыны ол күтпеген күні, білмеген сағатта келіп, оны аяусыз жазалап, адал болмағандардың кебін кигізеді. 47  Сонда қожайынының еркін түсіне тұра, дайын болмаған әрі оның айтқанын істемеген әлгі құл көп соққы жейді+. 48  Ал оның еркін түсінбегендіктен жазаға лайық істер жасағаны болса аз соққы жейді. Кімге көп берілсе, содан көп талап етіледі, кімге көп сеніп тапсырылса, содан анағұрлым көп талап етіледі+. 49  Мен жер бетіне от қоюға келдім. Ол қазірдің өзінде жанып жатса, бұдан басқа тілерім де жоқ. 50  Мен өтуім қажет шомылдыру рәсімі бар. Сол жүзеге аспайынша, қатты күйзелудемін+! 51  Мені жер бетіне татулық әкелуге келді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ! Сендерге мынаны айтамын: татуластыруға емес, бөлуге келдім+. 52  Қазірден бастап былай болмақ: бір үйде бесеу тұрса, олар бөлініп, үшеуі екеуіне, екеуі үшеуіне қарсы болады. 53  Әкесі ұлына, ұлы әкесіне, шешесі қызына, қызы шешесіне, енесі келініне, келіні енесіне қарсы болады+”. 54  Сосын халыққа қарап былай деді: “Батыстан көтерілген бұлтты көргенде, сендер дереу “дауыл тұрып, жаңбыр жауады” дейсіңдер, солай болады да. 55  Ал оңтүстіктен жел соқса, “аптап ыстық болады” дейсіңдер, бұл да солай болады. 56  Екіжүзділер, жер мен аспан құбылыстарын түсіне білесіңдер, ал қазіргі уақытта болып жатқан жайттарды неліктен ұқпайсыңдар+? 57  Неге әділдіктің парқына өздерің жетпейсіңдер? 58  Мысалы, айыптаушыңмен басшының алдына бара жатқанда, араларыңдағы дауды жол-жөнекей шешуге тырыс. Әйтпесе ол сені сот алдына апарады. Сот болса сот орындаушысына тапсырады, ал ол сені түрмеге жабады+. 59  Саған айтамын, берешегіңді соңғы тиынына* дейін төлемейінше, сол жерден шықпайсың!”

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “екі ассарионға”. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “елеусіз қалдырмайды”.
Мүмкін: “мәжілісхана”.
Немесе “өмірің”. Түсіндірмені қараңыз.
Сөзбе-сөз “шынтаққа”. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Шамамен түнгі 21:00 мен 24:00 аралығы. Түсіндірмені қараңыз.
Шамамен түнгі 24:00 мен 3:00 аралығы.
Немесе “үй басқарушы”.
Сөзбе-сөз “соңғы лептаға”. Ә14 қосымшасын қараңыз.