Лұқа 20:1—47

  • Исаның билігіне шек келтіру (1—8)

  • Зұлым жүзімшілер туралы мысал (9—19)

  • “Патшанікін патшаға, Құдайдікін Құдайға” (20—26)

  • Қайта тірілуге қатысты сұрақ (27—40)

  • Мәсіх Дәуіттің ұлы ма? (41—44)

  • Дін мұғалімдерінен сақтандыру (45—47)

20  Бірде Иса ғибадатханада жұртқа тәлім беріп, ізгі хабарды жариялап тұрғанда, жоғарғы діни қызметкерлер, дін мұғалімдері мен ақсақалдар келіп:  “Айтшы, бұларды қандай билікпен істеп жүрсің? Мұндай билікті саған кім берді?”— деді+.  Иса былай жауап берді: “Мен де сендерге сұрақ қояйын, соған жауап беріңдер:  Жақия шомылдыру рәсімін жасауға билікті көктен алды ма, әлде адамдардан ба?”  Олар өзара былай деп пікірлесті: “Егер: —Көктен,— десек, ол: —Онда неге оған сенбедіңдер?— дейді.  Ал: —Адамдардан,— десек, жұрттың бәрі бізді тас лақтырып өлтіреді. Өйткені олар Жақияның пайғамбар болғанына сенеді+”.  Сондықтан олар мұны білмейтінін айтты.  Сонда Иса: “Ендеше, бұларды қандай билікпен істеп жүргенімді мен де айтпаймын”,— деді.  Сосын ол халыққа мынадай мысал айтты: “Бір кісі жүзім бағын отырғызыпты+. Содан оны жүзімшілерге жалға беріп, өзі ұзақ уақытқа басқа елге сапарға аттанады+. 10  Мерзімі жеткенде ол өнімнен өз үлесін алу үшін жүзімшілерге бір құлын жұмсайды. Бірақ олар оны ұрып-соғып, құралақан қайтарады+. 11  Жүзімдік иесі басқа бір құлын жұмсайды. Олар оны да ұрып-соғып, қорлап, құралақан жібереді. 12  Ол үшіншісін жұмсайды. Жүзімшілер оны да жарақаттап, қуып жібереді. 13  Сонда жүзімдік иесі: —Не істесем екен? Өзімнің сүйікті ұлымды жіберейін+. Мүмкін, ұлымды сыйлар,— дейді. 14  Жүзімшілер оны көргенде, өзара ақылдасып: —Бұл — мұрагер ғой! Жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады,— деседі. 15  Оны жүзімдік сыртына сүйреп шығарып, өлтіріп тастайды+. Енді жүзімдік иесі оларға не істейді? 16  Ол келіп, жүзімшілердің көзін құртады да, жүзімдігін басқаларға береді”. Бұны естігендер: “Мұндайдың бетін аулақ қылсын!”— десті. 17  Иса оларға тіке қарап, былай деді: “Онда Жазбадағы “құрылысшылар бас тартқан тас негізгі бұрыштық тасқа* айналды”+ деген сөздер нені білдіреді? 18  Осы тасқа құлаған әркім парша-парша болады+, ал үстіне осы тас түскен адам жаншылып қалады”. 19  Дін мұғалімдері мен жоғарғы діни қызметкерлер бұл мысалдың өздеріне қатысты айтылғанын түсініп, Исаны сол сәтте ұстап алмақ болды, бірақ халықтан қорықты+. 20  Оны мұқият бақылаған соң, олар Исаны үкімет басындағы әміршінің билігіне тапсыру үшін, біреулерді жасырын жалдады. Бұлар өздерін әділ етіп көрсетіп, оны сөзден ұстап бермек болды+. 21  Сөйтіп, оған мынадай сұрақ қойды: “Ұстаз, біз сіздің сөзіңіздің де, тәліміңіздің де дұрыс екенін, ешкімді алаламайтыныңызды және шынымен Құдай жолына үйрететініңізді білеміз. 22  Айтыңызшы, патшаға* алым-салық төлеу заңды ма, жоқ па?” 23  Бірақ Иса олардың арам ойларын біліп: 24  “Маған динарды көрсетіңдерші. Мына сурет пен жазу кімдікі?”— деп сұрады. Олар: “Патшанікі”,— дегенде, 25  Иса: “Ендеше, патшанікін патшаға+, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер”+,— деді. 26  Осылай олар оны ел алдында сөзінен ұстай алмады. Қайта, жауабына аң-таң болып, үнсіз қалды. 27  Бірақ оған қайта тірілуге сенбейтін саддукейлер*+ келіп, мынадай сұрақ қойды+: 28  “Ұстаз, Мұса бізге егер үйленген біреу артында бала қалдырмай өлсе, онда бауыры оның жесіріне үйленіп, марқұмның ұрпағын жалғастыруы керектігін жазған болатын+. 29  Жеті ағайынды бар еді. Солардың үлкені үйленіп, артында бала қалдырмай өлді. 30  Жесіріне екіншісі, 31  сосын үшіншісі үйленді. Осылай оған жетеуі де үйленіп, арттарында бала қалдырмай, бәрі де көз жұмды. 32  Соңында әйелдің өзі де дүние салды. 33  Олай болса, өлгендер қайта тірілгенде, ол кімнің әйелі болады? Оған жетеуі де үйленген еді ғой”. 34  Исаның жауабы мынау болды: “Осы заманның* адамдары үйленеді, күйеуге шығады. 35  Ал келер заманда өмір сүруге және өлімнен қайта тірілуге лайық болғандар үйленбейді де, күйеуге де шықпайды+. 36  Олар періштелер іспетті болады, сондықтан ешқашан өлмейді. Сондай-ақ өлімнен қайта тірілетіндіктен Құдайдың балалары болады. 37  Тіпті Мұса пайғамбар тікенді бұта туралы әңгімеде Ехобаны “Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы” деп атауымен өлгендердің қайта тірілетінін айтқан+. 38  Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы. Өйткені ол үшін бәрі тірі+”. 39  Сонда бір дін мұғалімі: “Ұстаз, сіз дұрыс айттыңыз”,— деді. 40  Бұдан кейін оған сұрақ қоюға ешкімнің батылы бармады. 41  Ал Иса оларға мынадай сұрақ қойды: “Неге олар Мәсіхті Дәуіттің ұлы дейді+? 42  Дәуіттің өзі Зәбүр кітабында: —Ехоба менің Иеме былай деді: “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, 43  оң жағымда отыр+”,— деген ғой. 44  Егер Дәуіт оны Ием деп атаса, онда қалайша ол оның ұлы болады?” 45  Күллі халық тыңдап тұрғанда, Иса шәкірттеріне былай деді: 46  “Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүргенді, базар алаңдарында жұрттың өздеріне сәлем бергенін, мәжілісханаларда алдыңғы орындарда отырып, ал қонақасыларда төрде жантайғанды ұнатады+; 47  олар жесірлердің үй-жайын жалмайды; әдейі жұрт көзіне түсу үшін ұзақ дұға етеді. Оларға әлдеқайда қатаң үкім шығарылады”.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “цезарьға”.