Марқа 5:1—43

  • Исаның жындарды шошқаларға қууы (1—20)

  • Жайырдың қызы; бір әйелдің Исаның жамылғысына қол тигізуі (21—43)

5  Олар теңіздің арғы бетіндегі герасалықтардың жеріне келді+.  Иса қайықтан түскен бойда, оған қабірлер арасынан шыққан жын буған бір кісі кездесе кетті.  Ол қабірлерді паналап жүретін. Осы уақытқа дейін оны ешкім тіпті шынжырмен де байлап қоя алмаған.  Оның аяқ-қолын қаншама рет кісенмен, шынжырмен бұғаулап тастаса да, ол шынжырды үзіп, кісенді сындырып тастайтын. Оны бағындыруға ешкімнің күші жетпейтін.  Ол күні-түні қабірлер мен тауларда айғайлап, өз-өзін таспен тілгілейтін.  Бірақ Исаны алыстан көре сала, ол жүгіріп келіп, тағзым етті де+:  “Құдай Тағаланың Ұлы Иса, мұнда неге келдің? Мені жазаламаймын деп Құдай алдында ант бер!”— деп қатты дауыстады+.  Себебі Иса: “Жын, шық бұл кісіден!”+— деген еді.  Сосын одан: “Атың кім?”— деп сұрағанда, әлгі кісі: “Атым — Қалың қол*, өйткені біз көппіз”,— деп жауап берді. 10  Ол Исадан жындарды сол аймақтан қуып жібермеуін сұрап, қайта-қайта өтінді+. 11  Сол жердегі тау беткейінде көп шошқа+ жайылып жүр еді+. 12  Сондықтан жындар: “Бізді шошқаларға жібере көр, соларға кірейік”,— деп өтінді. 13  Иса рұқсат еткенде, олар әлгі кісінің бойынан шығып, шошқаларға кірді. Сонда олардың бәрі, шамамен 2000 шошқа, жардан теңізге қарғып, суға батып, қырылып қалды. 14  Ал бақташылар қашып кетіп, болған жайтты қала мен ауылдарға таратты. Жұрт не болғанын көруге шықты+. 15  Олар Исаға келгенде, бойынан жындардың қалың қолы шыққан әлгі кісінің ақыл-есі кіріп, үстіне киім киіп отырғанын көріп, зәрелері қалмады. 16  Осы жағдайды өз көзімен көргендер оларға жын буған кісімен және шошқалармен не болғанын айтып берді. 17  Сонда жұрт Исадан өз жерлерінен кетуді өтінді+. 18  Иса қайыққа мініп жатқанда, жындардан арылған кісі онымен бірге жүруге рұқсат етуін жалынып сұрады+. 19  Алайда Иса рұқсат етпей: “Үйіңе барып, туған-туысқандарыңа Ехобаның өзіңе не істегенін және қалай қайырымдылық көрсеткенін айтып бер”,— деді. 20  Ол барып, Исаның өзіне істегендерінің бәрін Декаполис* аймағында жариялай бастады. Мұны естігендердің бәрі қайран қалысты. 21  Иса қайықпен қайтадан теңіздің бергі бетіне өткенде, қасына көп жұрт жиналды. Ол теңіздің жағасында тұрды+. 22  Сол жерге Жайыр есімді бір мәжілісхана жетекшісі келді. Исаны көргенде, ол аяғына жығылып+: 23  “Қызым хал үстінде жатыр. Аман қалуы үшін барып, үстіне қолыңызды қойып+, айықтыра көріңіз”,— деп өтініп тұрып алды. 24  Иса оған ерді. Оған ілескен қалың жұрт оны жан-жақтан қыспақтады. 25  Тобыр арасында 12 жыл бойы қан кетіп ауырған+ бір әйел бар еді+. 26  Ол көп дәрігерге емделемін деп талай азап шегіп, қолындағы бар мал-мүлкін жұмсаса да, еш ем қонбай, қайта, халі бұрынғысынан да нашарлай түскен болатын. 27  Иса жайлы естіген ол тобырдың арасымен өтіп, оның арт жағынан келіп, жамылғысына қолын тигізді+. 28  Өйткені ол ішінен: “Ең болмағанда, жамылғысына қолымды тигізсем, айығып кетемін”,— деумен болды+. 29  Әйел сол заматта-ақ қаны тоқтап, жанына батқан дертінен айыққанын сезді. 30  Иса да бойынан күш+ шыққанын бірден сезіп, кері бұрылып, жұрттан: “Жамылғыма кім қолын тигізді?”— деп сұрады+. 31  Сонда шәкірттері: “Жұрттың жан-жақтан қыспақтап жатқанын көре тұра: —Маған кім қолын тигізді?— дегеніңіз қалай?”— деді. 32  Алайда ол мұны істеген адамды көру үшін айналасына қарады. 33  Өзімен не болғанын білген әйел қорыққаннан дірілдеп, оның алдына келді де, аяғына жығылып, бар шындықты айтып берді. 34  Иса оған: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер+, жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— деді+. 35  Ол әлі сөйлеп тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен бір кісілер келіп: “Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз”,— деді+. 36  Мұны естіген Иса мәжілісхана жетекшісіне: “Қорықпаңыз, тек сеніміңіз болсын!”— деді+. 37  Сөйтіп, ол Петір, Жақып пен оның бауыры Жоханнан басқа ешкімге өзіне ілесуге рұқсат етпеді+. 38  Олар мәжілісхана жетекшісінің үйіне келгенде, Иса ондағылардың у-шу болып абыржып, зар еңіреп жылап жүргендерін көрді+. 39  Үйге кіріп, оларға: “Неге жылап, у-шу болып абыржып жатырсыздар? Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр”,— деді+. 40  Бұны естігенде, олар Исаны мысқылдап күле бастады. Бірақ ол барлығын сыртқа шығарып жіберіп, қыздың әке-шешесін және шәкірттерін ғана ертіп, қыз жатқан бөлмеге кірді. 41  Қыздың қолынан ұстап: “Талифа куми”,— деді. Мұның мағынасы: “Қызым, саған айтамын, тұра ғой!”+ 42  Сонда 12 жасар қыз бірден орнынан тұрып, жүре бастады. Мұны көрген сәтте, әке-шешесінің қуанышы қойнына сыймай, шат-шадыман болды. 43  Бірақ Иса оларға бұл туралы ешкімге тіс жармауды қайта-қайта ескертті*+, сосын қызға тамақ беруді айтты.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “Легион”. Легион — ежелгі Римнің әскери жасағы.
Немесе “он қала өңірі”.
Немесе “қатаң ескертті”.