Матай 11:1—30
11 Иса 12 шәкіртіне нұсқау беріп болған соң, сол жерден кетіп, тәлім беру және уағыздау үшін басқа қалаларға барды+.
2 Түрмеде отырған Жақия+ Мәсіхтің жасаған істері туралы естігенде, оған өз шәкірттерін жіберіп+,
3 былай деп сұратты: “Келеді деген Кісі сіз бе, әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе+?”
4 Иса оларға былай деп жауап берді: “Барыңдар да, естігендерің мен көргендерің туралы Жақияға айтып беріңдер+:
5 зағиптар көріп+, ақсақтар жүріп, алапестер тазарып+, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, кедей-кепшіктерге ізгі хабар жарияланып жатыр+.
6 Маған күмәнданбайтын* адам бақытты+!”
7 Олар кеткен соң, Иса жұртқа Жақия жөнінде былай деді: “Сендер шөл далаға не көруге бардыңдар+? Жел тербеткен қамысты ма+?
8 Айтыңдаршы, не көруге бардыңдар? Қымбат киім киген кісіні ме? Қымбат киім киетіндер патша сарайларында тұрады ғой.
9 Шынында да, ол жерге не үшін бардыңдар? Пайғамбарды көруге ме? Иә, сендерге мынаны айтамын: ол пайғамбардан әлдеқайда жоғары+.
10 Келесі сөздер сол туралы жазылған: “Міне, мен сенің алдыңда хабаршымды жіберемін. Ол саған жол дайындайды+”.
11 Сендерге шындығын айтамын, адам атаулының ішінде шомылдыру рәсімін жасаушы Жақиядан ұлы ешкім болған емес. Бірақ Көк Патшалығындағы кіші деген адам одан ұлы+.
12 Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның уақытынан қазірге дейін адамдар Көк Патшалығына барынша ұмтылып келеді, барынша ұмтылып жатқандар оны иемденуде+.
13 Өйткені барлық пайғамбарлар да, Мұса Заңы да Жақияға дейін пайғамбарлық еткен+.
14 Қабылдағыларың келсе де, келмесе де, ол — “келуі тиіс Ілияс”+.
15 Құлағы барлар тыңдап алсын!
16 Бұл ұрпақты кімге теңесем екен+? Олар базар алаңдарында отырған балаларға ұқсайды. Олар жолдастарына айғайлап:
17 —Біз сыбызғы тарттық, ал сендер билемедіңдер. Біз жоқтау айттық, бірақ сендер қайғырып, көкіректеріңді ұрмадыңдар,— дейді.
18 Сол сияқты, Жақия өзгелердей ішіп-жемеді. Бірақ жұрт оны “бойында жын бар” деді.
19 Ал Адам Ұлы өзгелердей ішіп-жейді+, бірақ жұрт бәрібір “мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, өзі салықшылар мен күнәкарлардың досы екен” дейді+. Алайда даналық істерімен дәлелденеді*+”.
20 Сосын кезінде өзі көптеген құдіретті істер жасаған қалаларды күнәларына өкінбегені үшін айыптай бастады:
21 “Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Өйткені сендерде жасалған құдіретті істер Тир мен Сидон қалаларында жасалса, олар әлдеқашан азалы киім киіп, күлде отырып* күнәларына өкінер еді+.
22 Мен сендерге мынаны айтамын: Сот күні сендердің жазаларыңнан гөрі Тир мен Сидонның жазасы жеңілірек болады+!
23 Қапарнаум+ қаласы, бәлкім, сен көкке жетерсің? Жоқ, сен көрге* тасталасың+! Өйткені сенде жасалған құдіретті істер Содомда жасалса, ол осы күнге дейін тұрар еді.
24 Мен сендерге мынаны айтамын: Сот күні Қапарнаумның жазасынан гөрі Содомның жазасы жеңілірек болады+!”
25 Сол кезде Иса: “Көк пен жердің Иесі — Әке, сені ел алдында мадақтаймын! Себебі сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан жасырып, бала сияқты кішіпейіл адамдарға аштың+.
26 Иә, Әке, өйткені сенің қалауың осы еді”,— деді.
27 Сондай-ақ Иса мынаны айтты: “Әкем маған барлығын берді+. Ұлын Әкеден басқа ешкім жақсы білмейді+, ал Әкені Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім жақсы білмейді+.
28 Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін.
29 Мойынтұрығымды* алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін*+. Сонда жандарың сергиді.
30 Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл”.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “сүрінбейтін”.
^ Немесе “ақталады”.
^ Бұлай ету қайғырудың белгісі болған.
^ Грекше “гадес”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Немесе “мойынағашымды”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “жүрегім кішіпейіл”.