Матай 12:1—50

  • Иса — “Демалыс күнінің Иесі” (1—8)

  • Қолы семіп қалған кісінің сауығуы (9—14)

  • Құдайдың жақсы көретін қызметшісі (15—21)

  • Жындардың Құдайдың рухымен қуылуы (22—30)

  • Кешірілмейтін күнә (31, 32)

  • Ағаш жемісімен танылар (33—37)

  • Жүніс пайғамбардың белгісі (38—42)

  • Жын адамның бойына қайта енгенде (43—45)

  • Исаның анасы мен бауырлары (46—50)

12  Бір Демалыс күні* Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, қарындары ашқан шәкірттері масақ үзіп жей бастады+.  Мұны көрген парызшылдар оған: “Қарашы, шәкірттерің Демалыс күні істеуге болмайтынды істеп жатыр+”,— деді.  Иса былай деп жауап қайырды: “Дәуіт пен қасындағылардың қарны ашқанда, оның не істегені жайлы оқымап па едіңдер+?  Ол Құдай үйіне кіріп, қасындағылармен бірге Құдайға тарту ретінде ұсынылған нандарды+ жемеп пе еді? Оларды діни қызметкерлерден басқа ешкімнің — Дәуіттің де, қасындағыларының да — жеуіне құқы жоқ болатын+.  Сондай-ақ ғибадатханадағы діни қызметкерлердің Демалыс күні жұмыс істеп, сөйтсе де осы үшін айыпты болмайтыны жөнінде Мұса Заңынан оқымап па едіңдер+?  Бірақ сендерге мынаны айтамын: бұл жерде ғибадатханадан да маңызды біреу бар+.  Егер сендер “мен құрбандықты емес, мейірімділікті+ қалаймын”+ деген сөздердің мәнін түсінсеңдер, кінәсіздерді айыптамас едіңдер.  Өйткені Адам Ұлы — Демалыс күнінің Иесі+”.  Иса ол жерден кетіп, мәжілісханаға кірді. 10  Сол жерде қолы семіп қалған* бір кісі бар еді+. Сонда кейбіреулер Исаны айыптауға сылтау іздеп, одан: “Демалыс күні адамды сауықтыруға бола ма?”— деп сұрады+. 11  Бұған ол: “Егер біреуіңнің жалғыз қойың болып, Демалыс күні шұңқырға түсіп кетсе, оны шығарып алмас па едіңдер+? 12  Ал адам қойдан әлдеқайда артық қой! Демек, Демалыс күні жақсылық жасауға болады”,— деп жауап берді. 13  Сосын әлгі кісіге: “Қолыңды соз!”— деді. Ол созғанда, қолы екіншісі сияқты сап-сау қалпына келді. 14  Сонда парызшылдар сыртқа шығып, Исаның көзін құртуды ойластырды. 15  Мұны білгенде, Иса сол жерден кетіп қалды. Оның соңынан көп адам ілесті+, Иса науқастардың бәрін сауықтырды. 16  Бірақ оларға өзі туралы айтуға қатаң тыйым салды+. 17  Осылай Ишая пайғамбар арқылы айтылған мына сөздер жүзеге асты: 18  “Міне, менің таңдап алған қызметшім+! Мен оны жақсы көремін әрі оған ризамын+! Оған рухымды қондырамын+. Ол халықтарға әділдіктің не екенін түсіндіретін болады. 19  Ол айтыспайды+, айқайламайды, үлкен көшелерде де ешкім оның даусын естімейді. 20  Әділдікті жеңіске жеткізбейінше, майысқан қамысты сындырмайды, сығырайып тұрған білтені де сөндірмейді+. 21  Оның есіміне халықтар үміт артатын болады+”. 22  Бірде оған бойын жын билеген соқыр әрі мылқау адамды әкелді. Иса оны айықтырды, сонда мылқау кісі сөйлейтін әрі көретін болды. 23  Жұрттың бәрі бұған таңғалып: “Дәуіт Ұлы осы шығар?”— десті. 24  Мұны естіген парызшылдар: “Ол жындарды жындардың әміршісі Белзебүлдің* күшімен қуып шығарады”+,— десті. 25  Олардың ойын білген Иса былай деді: “Жікке бөлінген әрбір патшалық күйрейді, жікке бөлінген әрбір қала не отбасы да ойран болады. 26  Тап солай, егер Шайтан Шайтанды қуып шығарса, онда өзара жікке бөлінгені. Олай болса, оның патшалығы қалайша жойылмай, берік тұра алады? 27  Егер мен жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығаратын болсам, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен шығарады? Сондықтан қателесіп тұрғандарыңды өз шәкірттерің әшкерелейді. 28  Ал мен жындарды Құдайдың рухымен қуып шығаратын болсам, онда Құдай Патшалығының сендерге келіп қалғаны+. 29  Күштінің үйіне кіріп мүлкін тонағысы келген адам оның өзін байлап тастамайынша, қалай тонамақ? Байлап тастағаннан кейін ғана, оның үйін тонайды ғой. 30  Кім менің жағымда болмаса, сол маған қарсы. Кім менімен бірге жинамаса, сол шашады+. 31  Сондықтан сендерге мынаны айтамын: адамдардың кез келген күнәсі мен қорлық сөздері кешіріледі, бірақ киелі рухқа қарсы айтқан қорлық сөздері кешірілмейді+. 32  Мысалы, кімде-кім Адам Ұлына қарсы қорлық сөздер айтса, бұнысы кешіріледі+, бірақ киелі рухқа қарсы айтса, оған осы заманда* да, келер заманда да кешірім болмайды+. 33  Жақсы ағаш болсаңдар, жемістерің де жақсы болады, ал нашар ағаш болсаңдар, жемістерің де нашар болады. Себебі ағаш жемісімен танылар+. 34  Улы жыланның ұрпағы+! Зұлым бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта аласыңдар? Өйткені адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар+ 35  Жақсы адам жүрегіндегі жақсы қазынадан жақсы нәрсе, ал жаман адам жүрегіндегі жаман қазынадан жаман нәрсе алып шығады+. 36  Сендерге мынаны айтамын: адамдар айтқан әрбір бос сөзі үшін Сот күні жауап береді+. 37  Өйткені адам айтқан сөздеріне сай не әділ деп жарияланады, не айыпталады”. 38  Сонда кейбір дін мұғалімдері мен парызшылдар оған: “Ұстаз, Құдайдан келгеніңді дәлелдейтін белгі көрсетуіңді қалаймыз+”,— деді. 39  Иса былай деп жауап берді: “Зұлым да азғын* ұрпақ белгі іздеуін қоймайды, бірақ оған Жүніс пайғамбардың белгісінен басқа белгі көрсетілмейді+. 40  Жүністің үш күн, үш түн алып балықтың ішінде болғанындай+, Адам Ұлы да жер қойнында үш күн, үш түн болады+. 41  Сот күні ниневиялықтар осы ұрпақпен бірге қайта тіріліп, оны айыптайды. Өйткені Жүністің уағызын естігенде, олар күнәларына өкінген еді+. Бірақ мұнда Жүністен де зор біреу бар+. 42  Сот күні оңтүстік патшайымы осы ұрпақпен бірге қайта тіріліп, оны айыптайды. Өйткені ол Сүлейменнің дана сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келген еді+. Бірақ мұнда Сүлейменнен де зор біреу бар+. 43  Жын адамнан шыққаннан кейін, шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды+. 44  Сонда ол: —Шыққан үйіме қайта барайын,— дейді. Қайтып келсе, үй тазартылып, сәнделіпті, бірақ бос тұр екен. 45  Содан ол барып, өзінен де зұлым тағы жеті жынды ертіп келеді де, сол жерге кіріп, тұрақтап қалады. Сонда әлгі адамның кейінгі жағдайы бастапқысынан да мүшкіл болады+. Осы зұлым ұрпақтың жағдайы да солай болмақ”. 46  Ол әлі халыққа сөйлеп тұрғанда, онымен тілдесуге анасы мен бауырлары+ келіп, сыртта тұрды+. 47  Сонда біреу Исаға: “Сыртта анаңыз бен бауырларыңыз келіп, сізбен сөйлесеміз деп тұр”,— деді. 48  Иса мұны айтқан адамға: “Менің анам кім? Бауырларым кім?”— деді де, 49  қолымен шәкірттеріне нұсқап: “Міне, менің анам және бауырларым+! 50  Өйткені кім көктегі Әкемнің еркін орындаса, сол — менің бауырым, әпке-қарындасым және анам+”,— деді.

Сілтемелер

Немесе “қолы сал”.
Шайтанға қатысты қолданылған есім.
Немесе “опасыз”.