Мұсаның 1-жазбасы 17:1—27
17 Ыбырам 99 жасқа келгенде, Ехоба оған көрініп, былай деді: “Мен Құдіреті шексіз Құдаймын. Менің көз алдымда адал жүр, мінсіз бол.
2 Мен сенімен келісім жасап+, үрім-бұтағыңды сансыз көп етемін+”.
3 Сонда Ыбырам жерге бас ұрып тағзым етті. Құдай сөзін жалғап былай деді:
4 “Айтқаным айтқан, сенімен жасаған келісімім+ бойынша, сен көптеген халықтың түп атасы боласың+.
5 Бұдан былай атың Ыбырам* емес, Ыбырайым* болады. Өйткені сені көптеген халықтың түп атасы етемін.
6 Үрім-бұтағыңды сансыз көп етіп, халықтар таратамын, сенен патшалар да шығатын болады+.
7 Мен сенімен, ұрпағыңмен және олардың ұрпақтарымен жасасқан мәңгілік келісімімді орындап+, сенің және ұрпағыңның Құдайы боламын.
8 Өзің жатжерлік болып тұрып жатқан осы жерді+, бүкіл Қанахан жерін, саған және ұрпағыңа мәңгі иелікке беріп, олардың Құдайы боламын+”.
9 Құдай Ыбырайымға тағы былай деді: “Ал сен менің келісіміме адал бол. Оны өзің де, ұрпағың да, олардың ұрпақтары да ұстансын.
10 Менің сендермен және келер ұрпақтарыңмен бекіткен әрі сендер ұстануларың керек келісімім бойынша, еркек кіндіктінің бәрі сүндеттелсін+.
11 Сүндеттелгендерің менің сендермен жасасқан келісімімнің белгісі болмақ+.
12 Үйіңде туылған әрбір ұл бала сегізінші күні сүндеттелсін+. Сондай-ақ жатжерліктен сатып алынған әрі сенің ұрпағыңа жатпайтын еркек кіндіктілер сүндеттелсін. Бұл рәсім ұрпақтан ұрпаққа жалғассын.
13 Сонымен, үйіңде туылса да, сатып алынса да, еркек кіндіктінің бәрі сүндеттелсін+. Тәндеріңде белгісі салынған осы келісімім мәңгілік келісім болмақ.
14 Сүндеттелмеген әрбір еркектің өз халқының арасынан көзі құртылсын, себебі ол менің келісімімді бұзды”.
15 Құдай Ыбырайымға әрі қарай былай деді: “Әйеліңді енді Сарай*+ емес, Сара* деп ата.
16 Мен оған батамды беріп, саған одан ұл сыйлаймын+. Оны жарылқап, одан көп ұлт таратамын, сондай-ақ халықтардың патшаларын шығарамын”.
17 Мұны естігенде, Ыбырайым жерге бас ұрып тағзым етті. Сосын күліп, іштей+: “Жүзге келген адам ұлды болып, тоқсанға келген Сара бала таба ма+?!”— деді.
18 Бұдан соң Ыбырайым Құдайға: “Ысмағұл сенің көз алдыңда тірі жүргей+!”— деді.
19 Ал Құдай былай деді: “Әйелің Сара саған ұл туып береді, оның атын Ысқақ*+ деп қоясың. Мен Ысқақпен келісім жасап, оны үрім-бұтағы үшін мәңгілікке бекітемін+.
20 Ал Ысмағұл туралы айтқан өтінішіңді естідім. Оған да батамды беріп, үрім-бұтағын сансыз көп етемін. Одан он екі рубасы шығады, мен одан үлкен халық таратамын+.
21 Алайда келісімімді Сара келесі жылы осы уақытта туатын+ Ысқақпен жасаймын+”.
22 Осымен Құдай сөзін аяқтап, Ыбырайымның қасынан кетіп қалды.
23 Ыбырайым тап сол күні ұлы Ысмағұлды, үйінде туылған және сатып алған еркек кіндіктіні, яғни үй ішіндегі барлық ер адамды жинап алып, Құдайдың айтуы бойынша сүндеттеді+.
24 Ыбырайым сүндеттелгенде+, жасы 99-да,
25 ал Ысмағұл сүндеттелгенде, 13 жаста болатын+.
26 Осылайша Ыбырайым мен ұлы Ысмағұл сол күні-ақ сүндеттелді.
27 Онымен бірге үй ішіндегі бар еркек кіндікті, үйінде туылғандары мен сатып алынғандары, түгел сүндеттелді.
Сілтемелер
^ Мағынасы “ұлық ата”.
^ Мағынасы “көптің атасы”.
^ Мағынасы “ханшайым”.
^ “Сөз таластырушы” дегенді білдіруі мүмкін.
^ Мағынасы “күлкі”.