Мұсаның 2-жазбасы 19:1—25
19 Мысырдан шыққаннан кейінгі үшінші айда, сол күні*, исраилдіктер Синай шөліне келіп жетті.
2 Репедимнен+ көшіп, Синай шөліне келген исраилдіктер сондағы таудың маңына қос тікті+.
3 Мұса Құдайдың алдында тұру үшін тауға көтерілді. Ехоба оған тау басынан+ былай деді: “Сен Жақыптың үйіне, исраилдіктерге, мынаны айт:
4 —Сендерді қырандай қанатыма салып, өзіме алып келу үшін+, мысырлықтарға не істегенімді өздерің көрдіңдер+.
5 Егер менің айтқанымның бәріне құлақ ассаңдар және сендермен жасайтын келісімімді ұстансаңдар, барлық халықтардың ішінде сендер менің ерекше* меншігім боласыңдар+, өйткені бүкіл жер менікі+.
6 Сендер маған тиесілі діни қызметкерлер патшалығы және қасиетті халық боласыңдар+. Исраилдіктерге осы сөздерімді жеткіз”.
7 Содан Мұса төмен түсіп, ел ақсақалдарын жинады да, оларға Ехоба бұйырған сөздердің бәрін айтып берді+.
8 Сосын барша халық бірауыздан: “Ехобаның айтқандарының бәрін орындауға дайынбыз”+,— деді. Халықтың жауабын Мұса бірден Ехобаға жеткізді.
9 Ехоба Мұсаға: “Сенімен сөйлескенімді халық есту үшін және олар үнемі саған да сенім арту үшін, мен қалың бұлтпен келемін”,— деді. Мұса Ехобаға халықтың айтқандарын жеткізді.
10 Бұдан кейін Ехоба Мұсаға былай деді: “Халыққа барып, оларды бүгін де, ертең де менімен кездесуге дайында, олар киім-кешектерін жусын.
11 Халық үшінші күні дайын болу керек. Өйткені сол күні Ехоба бәрінің көз алдында Синай тауына түседі.
12 Тауды айналдыра шегара белгіле де, оларға: —Тауға көтерілмеңдер, шегарадан бері аттаушы болмаңдар. Тауға аяқ басқан әркім өлтіріледі.
13 Мұндай адамға ешкім қол тигізбесін, ол таспен не садақпен атып өлтірілсін. Мейлі ол мал не адам болсын, тірі қалмауға тиіс+. Қошқар мүйізінен жасалған кернейдің үні естілгенде+ ғана жұрт тауға жақындай алады”.
14 Сосын Мұса таудан түсіп, халықты ерекше кездесуге дайындауға кірісті. Олар киім-кешектерін жуды+.
15 Мұса халыққа: “Үш күн дайындалыңдар. Еркектер әйелдерімен жақындаспасын”,— деді.
16 Үшінші күні таңертең күн күркіреп, найзағай ойнап, тау басын қалың бұлт басып+, кернейдің аса қатты даусы шықты. Сонда қостағы халық қатты қорқып дірілдеді+.
17 Мұса оларды Құдаймен кездестіру үшін қостан алып шықты. Олар тау етегіне барып тұрды.
18 Ехоба Синай тауына отпен түскендіктен, тау басынан түтін шықты+. Түтін пештен шыққандай бұрқырап көтеріліп жатты, ал тау қатты сілкініп тұрды+.
19 Керней үні болса күшейген үстіне күшейе түсті. Мұса Құдайға тіл қатқанда, ол дауыстап жауап беріп жатты.
20 Сонымен, Ехоба Синай тауының төбесіне түсті. Ехоба Мұсаны тау төбесіне шақырғанда, ол сонда көтерілді+.
21 Ехоба оған былай деді: “Төмен түсіп, халыққа мынаны ескерт: Ехобаны көремін деп тауға жақындауға тырыспасын, әйтпесе көбісі өлім құшады.
22 Ал Ехобаның алдына келіп тұратын діни қызметкерлер болса осы ерекше кездесуге дайындалып, өздерін тазартсын, олай етпесе, Ехобаның жазасына ұшырайды+”.
23 Сонда Мұса Ехобаға: “Халық Синай тауына көтеріле алмайды, себебі бізге тауды айналдыра шегара белгілеп, оны қасиетті деп санауды ескертіп қойғансың”+,— деді.
24 Бірақ Ехоба оған: “Төмен түсіп, Харонмен бірге қайта көтеріл. Ал діни қызметкерлер мен халық Ехобаның жазасына ұшырамас үшін, оған жақын келуге тырыспасын+”,— деді.
25 Содан Мұса таудан түсіп, халыққа осыларды айтып берді.