Мұсаның 2-жазбасы 30:1—38

  • Хош иісті зат түтету үстелі (1—10)

  • Санақ және құнды өтеу үшін әкелінетін ақша (11—16)

  • Жуынатын суға арналған мыс қазан (17—21)

  • Майлау рәсіміне арналған арнайы қоспа (22—33)

  • Киелі хош иісті заттың құрамы (34—38)

30  Хош иісті зат түтету үшін қараған ағашынан+ үстел жаса+.  Ол төрт бұрышты болсын: ұзындығы мен ені бір шынтақ, биіктігі екі шынтақ. Одан біртұтас жасалған мүйіздер шығып тұрсын+.  Үстелдің бетін, бүйірлері мен мүйіздерін саф алтынмен қапта да, жоғарғы жиегін айналдыра алтынмен өрнекте.  Сондай-ақ жиектің астына, үстелдің қарама-қарсы екі бүйіріне алтыннан екі-екіден сақина орнат. Олардан үстелді көтеріп жүретін сырықтар өткізіледі.  Сосын қараған ағашынан сырықтар жасап, алтынмен қапта.  Үстелді куәлік сандығын көзден тасалап тұратын шымылдықтың дәл сыртына қой+. Ол куәлік сандығы қақпағының, яғни мен саған көрінетін жердің, тұсында тұру керек+.  Харон+ күн сайын таңертең шамдарды дайындаған кезде+, үстел үстінде хош иісті зат+ түтетсін+.  Ол екі кештің арасында шамдарды жаққан кезде де, хош иісті затты түтетуі керек. Бұл — күллі келер ұрпақтарың да Ехобаның алдында әрдайым ұсынуы қажет хош иісті тарту.  Оның үстінде рұқсат етілмеген хош иісті зат түтетпеңдер+, сондай-ақ өртелетін құрбандық та, астық тарту да ұсынбаңдар, оған сұйық тарту да құймаңдар. 10  Харон күнә үшін әкелінген құрбандықтың қанынан алып+, үстелді тазарту үшін оның мүйіздеріне жақсын. Үстелді қасиетті ету үшін ол мұны жылына бір рет жасау керек+. Бұны күллі келер ұрпақтарың да орындауға тиіс. Бұл — Ехоба үшін аса киелі нәрсе”. 11  Содан соң Ехоба Мұсаға былай деді: 12  “Исраил ұлдарының санын есептегенде+, әрқайсысы өз жаны үшін Ехобаға құн төлесін. Сонда олар санаққа алынғанда, ешқандай пәлеге ұшырамайды. 13  Санақтан өтіп жатқандардың әрбірі қасиетті орынның шекелімен өлшегенде+, жарты шекел* берсін. Бір шекел 20 герахқа* тең. Жарты шекел — Ехобаға берілетін сый-тарту+. 14  Санақтан өткен жасы жиырмаға толған не одан асқан әркім Ехобаға сый-тарту берсін+. 15  Өз жанының төлемі ретінде Ехобаға сый-тарту бергенде, бай адам жарты шекелден көп, ал кедей адам жарты шекелден аз бермесін. 16  Исраилдіктер төлем ретінде берген күміс ақшаны алып, кездесу шатырындағы қызметке арна. Осылайша бұл Ехобаның алдында исраилдіктер үшін естелік әрі өз жандарың үшін төлем болмақ”. 17  Ехоба Мұсаға әрі қарай мынаны айтты: 18  “Жуыну үшін мыстан үлкен қазан мен оның тұғырын жаса+. Оны кездесу шатыры мен құрбандық ошағының ортасына қойып, ішіне су құй+. 19  Харон мен оның ұлдары сол жерде аяқ-қолдарын жусын+. 20  Олар кездесу шатырына кірерде немесе қызмет ету үшін құрбандық ошағына барып, Ехобаға арналған өртелетін құрбандық ұсынарда өліп қалмау үшін, осы сумен жуынуға тиіс. 21  Олар өліп кетпеу үшін, аяқ-қолдарын жусын. Бұл — Харон мен оның ұрпақтарына мәңгілікке берілген нұсқау+”. 22  Ехоба Мұсаға тағы былай деді: 23  “Хош иісті заттардың ең жақсыларынан: қатқан мүрден 500 шекел, жұпар иісті даршыннан 250 шекел (яғни мүрдің жарты мөлшері) және жұпар иісті аирдан 250 шекел, 24  кассиядан* 500 шекел (бәрі қасиетті орындағы шекелмен есептелсін+), зәйтүн майынан 1 хин* ал. 25  Сөйтіп, олардан майлау рәсіміне арналған киелі май дайында. Ол шеберлікпен әзірленсін+. Бұл майлау рәсіміне қолданылатын киелі май болмақ. 26  Онымен мыналарды майла: кездесу шатырын+, куәлік сандығын, 27  үстел мен оның құрал-жабдықтарын, шамдал мен оның бұйымдарын, хош иісті зат түтететін үстелді, 28  өртелетін құрбандық ұсынатын ошақ пен оның құрал-жабдықтарын, үлкен қазан мен оның тұғырын. 29  Бұл заттар аса киелі болу үшін, оларды қасиетті ет*+. Оларға қол тигізетіндердің бәрі қасиетті болу керек+. 30  Сондай-ақ Харон мен оның ұлдарына майлау рәсімін жасап+, діни қызметкерлерім ретінде қызмет ету үшін қасиетті ет+. 31  Исраилдіктерге мынаны айт: —Бұл май менің көз алдымда ұрпақтан ұрпаққа майлау рәсіміне арналған киелі май болып қала береді+. 32  Оны ешкімнің денесіне жақпаңдар да, құрамы сондай қоспа жасамаңдар да. Ол киелі, оны әрдайым қасиетті тұтыңдар. 33  Кімде-кім осындай май қоспасын жасаса яки оны бөтен* біреуге жақса, халқының арасынан сол адамның көзі құртылсын+”. 34  Сосын Ехоба Мұсаға былай деді: “Мына хош иісті заттардан+: стакти тамшыларынан, онихтен, жұпар иісті галбан мен таза ладаннан — бірдей мөлшерде ал. 35  Сөйтіп, олардан түтететін хош иісті зат жаса+. Бұл қоспа шеберлікпен әзірленіп, тұздалған+, таза және киелі болсын. 36  Қоспаның біразын жақсылап ұнтақта да, содан алып, мен саған көрінетін жерге, яғни кездесу шатырындағы куәлік сандығының алдына қой. Ол сендер үшін аса киелі болу керек. 37  Өздеріңе осындай құрамдағы хош иісті заттың қоспасын жасаушы болмаңдар+. Оны Ехобаға арналған киелі нәрсе деп қарастырыңдар. 38  Кімде-кім иісінен рақат алу үшін өзіне осындай қоспа жасаса, халқының арасынан мұндай адамның көзі құртылсын”.

Сілтемелер

1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
1 герах 0,57 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Даршын ағашы не одан алынған өнім.
1 хин 3,67 л-ге тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Түсіндірмедегі “Қасиетті” сөзін қараңыз.
Яғни Харонның әулетіне жатпайтын адам.