Мұсаның 3-жазбасы 25:1—55
25 Синай тауында Ехоба Мұсаға тағы былай деді:
2 “Исраилдіктерге мынаны айт: —Мен өздеріңе бергелі жатқан жерге келген соң+, Ехобаның Демалысқа қатысты заңын ұстанып, жерді тынықтырыңдар+.
3 Алты жыл бойы танапқа егін егіп, жүзімдікті бұтап, жердің өнімін жинаңдар+.
4 Ал жетінші жылы жерлерің толықтай тынықсын, бұл жыл — Ехобаға арналған Демалыс жылы. Осы жылы танапқа ешқандай егін екпеңдер, жүзімдікті бұтамаңдар.
5 Соңғы орақ кезінде түскен дәннен шыққан егінді ормаңдар, бұталмаған жүзімдіктің жемісін жинамаңдар. Бұл жыл жер толығымен тынығатын жыл болсын.
6 Демалыс жылы жердің өзі берген өнімі сендерге азық болсын. Оны өздерің де, құл-күңдерің де, жалдамалы жұмысшыларың да, араларыңда тұрып жатқан кірмелер де,
7 малдарың да, далада жүрген аңдар да жесін. Жерден өсіп шыққанның бәрін жеуге болады.
8 Жеті Демалыс жылын, яғни жеті рет жеті жылдан есептеңдер. Сонда жеті Демалыс жылы 49 жылды құрайды.
9 Жетінші айдың оныншы күні, Күнә өтелетін күні+, мүйіз керней тартыңдар, оның үні қатты шықсын. Бүкіл елде керней тартылатын болсын.
10 Елуінші жыл қасиетті жыл болып, елдің күллі тұрғындарына азаттық жариялаңдар+. Бұл жыл — сендер үшін Азаттық жылы. Әрқайсысың мұра еткен жерлеріңе, отбасыларыңа оралыңдар+.
11 Елуінші жыл сендер үшін Азаттық жылы болмақ. Сол жылы егін екпеңдер, түсіп қалған дәннен шыққан егінді ормаңдар, бұталмаған жүзімдіктің жемісін де жинамаңдар+.
12 Өйткені бұл — Азаттық жылы, ол сендер үшін қасиетті болсын. Осы жылы жердің өзі берген өнімін ғана азық етіңдер+.
13 Азаттық жылы әрқайсысың мұра еткен жерлеріңе қайтыңдар+.
14 Егер біреуге бірдеңе сататын не одан сатып алатын болсаңдар, бір-біріңнен пайда түсіруді көздемеңдер+.
15 Егерде біреуден жер сатып алатын болсаңдар, оның құнын белгілеу үшін соңғы Азаттық жылынан бері қанша жыл өткенін ескеріңдер. Ал сатушы жердің құнын келесі Азаттық жылына дейін өнім жинайтын қанша жыл қалса, соған қарай белгілесін+.
16 Егер Азаттық жылына дейін әлі көп жыл бар болса, ол жердің бағасын қымбаттата алады. Ал азғана жыл қалса, бағасын арзандату керек. Себебі ол жерден алатын өнімді сатып отыр.
17 Бір-біріңнен пайда көруге тырыспаңдар+. Құдайдан қорқыңдар+. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын+.
18 Менің нұсқауларым мен шешімдерімді орындаңдар, сонда елдеріңде қауіп-қатерсіз өмір кешесіңдер+.
19 Жер өз өнімін беріп+, сендер тойынғанша ішіп-жеп, бейбіт өмір сүресіңдер+.
20 Бірақ сендер “Жетінші жылы тұқым егіп, өнімін жинамасақ, онда қалай күн көреміз?” деп сұрарсыңдар+.
21 Алайда уайымдамаңдар, өйткені мен алтыншы жылы сендерге батамды жаудырамын, сонда жер үш жылға жетерлік өнім береді+.
22 Сегізінші жылы егін егесіңдер, бірақ сол жылы алтыншы жылдың өнімін жейсіңдер, тіпті оны тоғызыншы жылдың егінін жинағанша азық етесіңдер.
23 Жерді біржола сатып жіберуге болмайды+, себебі жер менікі+. Сендер мен үшін жатжерлік әрі кірмесіңдер+.
24 Иеліктеріңе тиген бүкіл елде әркім өз жерін қайта сатып алуға құқылы болу керек.
25 Егер исраилдік бауырың кедейленіп, меншігіндегі жерінің бір бөлігін сатып жіберсе, ең жақын туысы оның жерін қайта сатып әперуі керек+.
26 Ал сатып әперетін туысы болмай, бірақ өзінің әл-ауқаты жақсарып, жерін сатып алуға қаражат тапса,
27 онда жерін сатқан жылдан бері түскен өнімнің бағасын есептесін де, оны бастапқы бағасынан алып тастасын. Сөйтіп, шыққан айырманы әлгі кісіге төлесін. Осыдан кейін ол өз жерін қайта иемдене алады+.
28 Ал егер жерін сатып алуға қаражат таппаса, онда сатқан жері жаңа иесінің қарамағында Азаттық жылына дейін қала береді+. Сол жыл келгенде, жер бұрынғы иесіне қайтарылады. Осылай ол өз меншігін қайта иемденеді+.
29 Егер біреу бекінісі бар қаладағы үйін сатса, оны бір жылдың ішінде қайта сатып алуға құқы бар+. Оның бұл құқы бір жылға дейін күшінде болады.
30 Ал егер бір жылдың ішінде сатып алмаса, бекінісі бар қаладағы үй оның жаңа иесіне және соның үрім-бұтағына біржола өтеді. Азаттық жылы үй бұрынғы иесіне қайтарылмайды.
31 Ал бекінісі жоқ ауылды жерлердегі үйлер егістік жердің бір бөлігі болып есептеледі. Сондықтан үйді қайта сатып алу құқығы сақталып қалады. Азаттық жылында үй бұрынғы иесіне қайтарылады.
32 Ал леуіліктер өз қалаларындағы+ үйлерін қайта сатып алуға әрдайым құқылы.
33 Егер леуілік үйін сатып алмаса, Азаттық жылы өзіне қайтарылу керек+. Өйткені леуіліктердің қалаларындағы үйлер исраилдіктердің арасындағы олардың меншіктері болып табылады+.
34 Ал олардың қалаларының маңындағы жайылымдарды+ сатуға болмайды. Себебі бұлар леуіліктердің мәңгілік иеліктері.
35 Егер қасыңда тұратын исраилдік бауырың кедейленіп, күнін көре алмай қалса, араңда тұра беруі үшін, жатжерлік пен кірмеге+ көмектескеніңдей, оған да көмектес+.
36 Одан өсім алма не пайда түсіруді көздеме+. Құдайдан қорық+. Бауырыңның араңда тұра беруіне жағдай жаса.
37 Оған қарызды өсіммен берме+, азық-түлік бергенде де, пайда көздеме.
38 Мен сендерге Қанахан жерін сыйлап, Құдайларың болу үшін Мысыр елінен алып шыққан+ Құдайларың Ехобамын+.
39 Егер қасыңда тұратын исраилдік бауырың кедейленіп, өзін саған құлдыққа сатса+, оны құл сияқты ауыр жұмысқа салма+.
40 Оған жалдамалы жұмысшыға+ немесе кірмеге қарағандай қара. Ол саған Азаттық жылына дейін қызмет етсін.
41 Ал сол жылы балаларымен бірге өз туыстарына, ата-бабасынан мұра еткен иелігіне қайтсын+.
42 Өйткені Исраил ұлдары — Мысыр елінен алып шыққан менің құлдарым+. Олар өздерін құлдыққа сатпау керек.
43 Оларға қатыгездік танытпа+, Құдайдан қорық+.
44 Құл мен күңің айналаңда тұратын халықтардан болсын. Құл не күңді солардан сатып ал.
45 Сондай-ақ құлды араларыңда тұратын кірмелерден+, елдеріңде туылған олардың ұрпақтарынан сатып алыңдар. Міне, солар сендердің меншіктерің бола алады.
46 Оларды балаларыңа мәңгілік мұраға қалдыра аласыңдар. Соларды жұмысқа салсаңдар болады, бірақ исраилдік бауырларыңа қатыгездік танытпаңдар+.
47 Егер жатжерлік не кірме адам байыса, ал оның қасында тұратын исраилдік бауырың кедейленіп, өзін соған не соның әулетіндегі біреуге құлдыққа сатса,
48 оны қайта сатып алу құқығы сақтала береді. Оны не бауырларының бірі+,
49 не әкесінің ағасы, не ағасының баласы, не қандас туыстарының бірі қайта сатып алса болады.
Құлдықтағы адам байып кетсе, өз-өзін құлдықтан сатып алуына болады+.
50 Ол өзін құлдыққа сатқан жылдан бастап Азаттық жылға+ дейінгі уақытты қожайынымен бірге есептесін, оның өзін сатқан құны сол жылдарға сай болу керек+. Сол уақыттағы оның жұмыс күндері жалдамалы жұмысшынікіндей болу керек+.
51 Егер Азаттық жылына дейін әлі көп жыл бар болса, ол өзін сатып алу құнын сол жылдарға сай төлесін.
52 Аз жыл қалса да, өзін сатып алу құнын сол қалған жылдарға сай есептеп, төлесін.
53 Қызмет еткен жылдарының бәрінде қожайыны оған жалдамалы жұмысшы ретінде қарасын. Сендер оның исраилдік құлға қатыгездік көрсетуіне жол бермеңдер+.
54 Ал егер ол осы жолмен өзін құлдықтан қайта сатып ала алмаса, онда Азаттық жылы өзі де, бала-шағасы да босатылсын+.
55 Өйткені исраилдіктер — менің құлдарым. Олар — менің Мысырдан алып шыққан құлдарым+. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын.