Патшалар 1-жазба 11:1—43
11 Сүлеймен патша перғауынның қызынан+ басқа көптеген моабтық+, аммондық+, едомдық, сидондық+ және хеттік+ әйелдерге ғашық болып, соларға үйленді+.
2 Бұл халықтар жөнінде Ехоба: “Олар сендердің, сендер олардың арасына барушы болмаңдар*. Әйтпесе олар жүректеріңді өз құдайларына бұрып әкетеді”,— деген еді+. Бірақ Сүлеймен сол халықтардың әйелдеріне ғашық болып, солардан айырылмады.
3 Оның ақсүйектердің тұқымынан шыққан 700 әйелі және 300 кәнизагы болды. Олар патшаны адастырып, бірте-бірте тура жолдан тайдырды*.
4 Қартайған шағында+ әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен құдайларға бұрып әкетті+. Осылайша ол әкесі Дәуіт сияқты, Құдайы Ехобаға бар жүрегімен берілмеді.
5 Сүлеймен сидондықтардың әйел тәңірі Аштарға+ және аммондықтардың жеркенішті тәңірі Милкомға+ табына бастады.
6 Осылай ол Ехобаға ұнамсыз істер жасап, әкесі Дәуіт сияқты, Ехобаға толығымен мойынсұнбады+.
7 Сүлеймен Иерусалимге қарсы орналасқан тауда моабтықтардың Хамос деген және аммондықтардың Молек+ деген жеркенішті тәңірлеріне арналған ғибадат төбесін+ сол кезде тұрғызған еді+.
8 Ол өз тәңірлеріне құрбандық түтінін түтететін, құрбандық шалатын жатжерлік әйелдерінің бәріне осындай төбелер жасап берді.
9 Сүлеймен өзіне екі рет көрінген+ Исраил Құдайы Ехобадан теріс айналып кеткені үшін, Ехоба оған қаһарланды+.
10 Ехоба оған бөтен құдайларға құлшылық етпе деп бұйырған еді+, бірақ ол құлақ аспады.
11 Сонда Ехоба оған былай деді: “Осылай істеп келісімімді бұзғаның үшін және орындауды бұйырған жарлықтарымды елемегенің үшін, патшалықты сенен тартып алып, қызметшілеріңнің біріне беремін+.
12 Бірақ әкең Дәуітке уәде бергендіктен, бұны сенің көзіңнің тірісінде істемеймін. Патшалықты ұлыңның қолынан тартып аламын+.
13 Бірақ оны толығымен тартып алмаймын+. Қызметшім Дәуіт және өзім таңдап алған Иерусалим үшін+ ұлыңның билігіне бір руды қалдырамын+”.
14 Содан Ехоба Едом патшасының тұқымынан шыққан едомдық Хададты Сүлейменге+ өштестіріп қойды+.
15 Кезінде Дәуіт Едомды жеңгеннен кейін+, қолбасшы Жоғаб қаза болғандарды қабірге қоюға келгенде, ондағы барлық ер кісілерді қырып тастағысы келген еді.
16 (Жоғаб пен күллі исраилдіктер Едомдағы еркек атаулыны жойып біткенше, сонда алты ай тұрған болатын.)
17 Бірақ Хадад әкесінің бірнеше едомдық қызметшісімен Мысырға қашып кетті. Хадад ол кезде жас бала болатын.
18 Олар Мадияннан шығып, Паранға+ тартты. Сол жерден қастарына біраз адам ертіп, Мысыр патшасы перғауынға келді. Патша Хададқа тұратын үй мен жер беріп, ас-сумен де қамтамасыз етті.
19 Перғауын оған қатты риза болып, өзінің әйелі Тахпенес патшайымның сіңлісін әйелдікке берді.
20 Уақыт өте Тахпенестің сіңлісі Хададқа Генубат деген ұл туып берді. Тахпенес патшайым бұл баланы перғауынның сарайында тәрбиелеп*, ол патша ұлдарымен бірге өсті.
21 Мысырда жүрген Хадад Дәуіттің де, оның қолбасшысы Жоғабтың да көз жұмғанын+ естіген соң, перғауыннан: “Мені өз еліме жіберсеңіз екен”,— деп өтінді.
22 Перғауын оған: “Өз еліңе барғың келетіндей, менің қасымда бірдеңеден тарығып жүрсің бе?— деп еді, Хадад: —Жоқ, әйтсе де мені өз еліме жіберіңізші”,— деді.
23 Құдай Сүлейменге Елияда ұлы Резонды да дұшпан етіп қойды+. Резон қожайыны Соба патшасы Ададәзерден+ қашып кеткен болатын.
24 Дәуіт Соба әскерін күйреткенде+, ол қасына адамдар жинап, бір топ қарақшының басшысы болып алған еді. Олар Дамаскіге+ барып, сол жерді билеп-төстеді.
25 Резон да Хадад сияқты, Сүлейменнің тұсында Исраилге қастандық жасаумен болды. Сирияда билік етіп отырған кездің бәрінде ол Исраил елін жек көріп өтті.
26 Сүлейменнің қызметшілерінің+ бірі — Набат ұлы Еробоғам+ да оған қарсы бас көтерді+. Ол Середахтан шыққан ефремдік еді. Оның анасы Серуах деген жесір әйел болатын.
27 Еробоғамның патшаға қарсы шығуының себебі мынау: Сүлеймен Миллоны* соғып+, әкесі Дәуіттің қаласын+ қоршап тұрған қабырғаның жарығын бітеп жатты.
28 Оның жұмысшыларының арасында Еробоғам деген қабілетті жігіт бар еді. Сүлеймен оның еңбекқор екенін көріп, Жүсіп ұлдарынан шақырылған міндетті жұмысшыларға бақылаушы етіп қойды+.
29 Бірде Еробоғам Иерусалимнен шығып, жолда келе жатқанда, оған шилолық Ахия пайғамбар+ кезікті. Ол үстіне жаңа шапан киген екен. Далада екеуінен басқа ешкім болмады.
30 Сонда Ахия үстіндегі жаңа шапанын шешіп алып, 12 бөлікке паршалап жыртты да,
31 Еробоғамға былай деді: “Мынаның он бөлігін өзіңе ал, себебі Исраил Құдайы Ехоба мынаны айтады: —Мен Сүлейменнің қолынан патшалықты тартып алып, саған он руды беремін+.
32 Ал оған бір руды қалдырамын+. Бұны қызметшім Дәуіт үшін+ және Исраил руларының ішінен өзім таңдап алған Иерусалим қаласы үшін істеймін+.
33 Халқым мені тастап+, сидондықтардың әйел тәңірі Аштарға, моабтықтардың тәңірі Хамосқа және аммондықтардың тәңірі Милкомға табынып кетті. Олар Сүлейменнің әкесі Дәуіт сияқты, маған ұнайтынды істеп, менің жолдарыммен жүрмеді, жарлықтарым мен шешімдерімді де ұстанбады.
34 Бірақ Сүлейменнің қолынан патшалықты толықтай тартып алмаймын, ол өмірінің соңына дейін билеуші болады. Мен мұны көзі тірісінде өсиеттерім мен жарлықтарымды орындап жүрген әрі өзім таңдап алған қызметшім Дәуіт үшін істеймін+.
35 Мен патшалықты Сүлейменнің ұлынан тартып алып, он руды саған беремін+.
36 Ал оның ұлына тек бір руды қалдырамын. Бұны өз есімімді орнықтыру үшін таңдап алған Иерусалим қаласында қызметшім Дәуіттің шырағы өшпесін деп істеймін+.
37 Мен сені таңдап аламын да, сен өзің қалағанның бәрінің үстінен билік етіп, Исраилдің патшасы боласың.
38 Егер айтқандарымның бәріне мойынсұнып, жолымнан таймай, қызметшім Дәуіт сияқты, менің жарлықтарым мен бұйрықтарымды орындап+, маған ұнайтынды істейтін болсаң, мен саған да жар болып жүремін. Дәуіттің үйіндей, сенің де үйіңді Исраилде мәңгіге орнықтырамын+.
39 Жасаған зұлым істері үшін Дәуіттің ұрпақтарын жер қыламын+, бірақ мұны мәңгілікке істемеймін+”.
40 Сонда Сүлеймен Еробоғамды өлтірмекші болды. Бірақ Еробоғам Мысыр патшасы Шұшаққа+ қашып кетіп+, Сүлеймен өмірден өткенше сонда тұрды.
41 Сүлейменнің басқа да істері мен оның даналығы туралы Сүлейменнің тарихы баяндалған кітапта жазылған+.
42 Ол Иерусалимде Исраил еліне 40 жыл билік еткен соң,
43 ата-бабаларына қосылды. Оның сүйегі әкесі Дәуіттің қаласына қойылды. Ал орнына Робоғам деген ұлы+ таққа отырды.
Сілтемелер
^ Немесе “Олармен қыз алысып, қыз беріспеңдер”.
^ Немесе “Олар патшаға қатты әсер етті”.
^ Мүмкін: “емшектен шығарып”.
^ Еврей сөзінің мағынасы “үйінді”.