Патшалар 1-жазба 16:1—34
16 Ехоба Ханани+ ұлы Иқуға+ сөзін арнап, Бағасаға шығарған мынадай үкімін жеткізді:
2 “Мен сені шаң-тозаңнан көтеріп, халқым Исраилге көсем етіп қойдым+. Сен болсаң Еробоғамның жолына түсіп, халқымды күнәға батырдың. Осылай олар күнәларымен мені қорлады+.
3 Сол үшін Набат ұлы Еробоғамның үй ішін жойып жібергенімдей+, Бағасаның үй ішін де түптамырымен құртып жіберемін.
4 Оның әулетіне жататындардың қалада өлгендері итке, ал далада өлгендері құсқа жем болады”.
5 Бағасаның басқа әрекеттері, жасаған істері мен құдіреті жайлы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
6 Ақырында Бағаса ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Тирсаға+ қойылды. Оның орнына ұлы Елах таққа отырды.
7 Ехоба Ханани ұлы Иқу пайғамбар арқылы Бағасаның өзіне және үй ішіне шығарған үкімін жеткізді. Себебі Бағаса жасаған барлық зұлым істерімен Ехобаны қорлаған еді: ол Еробоғамның үй ішінің ісін қайталады, әрі Надапты* өлтірді+.
8 Яһуда патшасы Асаның билік құруының жиырма алтыншы жылы Бағаса ұлы Елах Исраил тағына отырып, Тирсада екі жыл патшалық етті.
9 Елахқа соғыс арбаларының жартысына басшылық ететін Зимри деген қызметшісі қастандық жасады. Елах Тирсада сарай басқарушысы Арзаның үйінде ішіп, мас болып отырған еді.
10 Зимри кіріп келді де, оны өлтіріп тастады+. Ал өзі орнына патша болып алды. Бұл Яһуда патшасы Асаның билік құруының жиырма жетінші жылы болды.
11 Таққа отыра салысымен, Зимри Бағасаның үй ішін түгел қырып салды. Оның әулетіндегі еркек кіндіктілерді, туыстары* мен достарын да бірін қалдырмай жойып жіберді.
12 Осылай Зимри Иқу пайғамбар арқылы айтқан Ехобаның сөздеріне сай, Бағасаның үй ішін түптамырымен құртты+.
13 Өйткені Бағаса мен оның ұлы Елах өздері де күнәға батып, Исраилді де күнәға батырып, түкке тұрғысыз пұттарымен Исраилдің Құдайы Ехобаны қорлаған еді+.
14 Елахтың басқа да әрекеттері мен жасаған істері жайлы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
15 Яһуда патшасы Асаның билік құруының жиырма жетінші жылы Зимри Тирсада жеті күн патша болды. Бұл кезде Исраил жасағы філістірлердің қаласы Гибетонды қоршауға алып жатқан болатын+.
16 Қаланы қоршауға алып жатқан жасаққа Зимридің патшаға қастандық жасап, өлтіргені туралы хабар жетті. Сол-ақ екен күллі Исраил қолбасшылары Омриді+ әскер қосында Исраилге патша етіп тағайындады.
17 Омри мен қасындағы исраилдіктердің бәрі Гибетонды тастап, Тирсаны қоршауға алды.
18 Зимри қаланың жаулап алынғанын көргенде, патша сарайындағы бекініс мұнарасына кіріп алып, от қойды да, сонда өртеніп өлді+.
19 Бұл оның Еробоғамның жолымен жүріп, Ехобаның алдында зұлымдық жасап күнәға батқаны үшін және Исраил елін күнәға батырғаны үшін осылай болды+.
20 Зимридің басқа әрекеттері мен жасаған қастандығы жайлы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
21 Сол кезде Исраил елі екіге бөлінген еді: бір жартысы Гинат ұлы Тибниді патша еткісі келді, екінші жартысы Омридің жағына шықты.
22 Ақырында Омридің жақтастары үстем болып, Гинат ұлы Тибни қаза тапты, ал Омри патша болды.
23 Осылай Яһуда патшасы Асаның билік құруының отыз бірінші жылы Омри Исраил тағына отырып, 12 жыл билік етті. Тирсада ол 6 жыл патшалық құрды.
24 Омри Шемер деген кісіден екі талантқа* Самария қырын сатып алып, сол жерге қала салды. Ол қаланы қырдың бұрынғы иесі Шемердің есімімен Самария*+ деп атады.
25 Омри Ехобаның алдында зұлымдық жасай берді. Оның зұлымдығы өзіне дейінгілердің бәрінен асып түсті+.
26 Омри Набат ұлы Еробоғамның барлық жолымен жүріп, оның Исраилді күнәға батырған істерінен айырылмады. Осылай түкке тұрғысыз пұттарымен Исраил Құдайы Ехобаны қорлады+.
27 Омридің басқа әрекеттері, жасаған істері мен ерліктері жайлы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
28 Ақырында, ол ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Самарияға қойылды. Оның орнына ұлы Ахаб+ таққа отырды.
29 Омри ұлы Ахаб Яһуда патшасы Асаның билік құруының отыз сегізінші жылы Исраил еліне патша болып, Самарияда+ 22 жыл билік етті.
30 Омри ұлы Ахабтың Ехобаның алдында жасаған зұлымдығы өзіне дейінгілердің бәрінен асып түсті+.
31 Набат ұлы Еробоғамның күнәкар жолымен жүргені+ аз болғандай, ол Сидон+ патшасы Етбағалдың қызы Езабелді+ әйелдікке алып, Бағалға табынып+, бас ұратын болды.
32 Мұнысы былай тұрсын, Ахаб Самарияда Бағалға арнап ғибадатхана+ салып, сол жерде Бағалға құрбандық орнын тұрғызды.
33 Сондай-ақ ол қасиетті бағана* орнатты+. Ахаб Исраилдің Құдайы Ехобаны өзіне дейінгі патшалардың қай-қайсысынан да бетер қорлады.
34 Ахаб патшаның тұсында бетелдік Хиел Иерихон қаласын қайта тұрғызды. Ол қаланың іргетасын қалағанда, тұңғышы Әбирамнан, ал қақпаларын орнатқанда, кенжесі Сегубтен айырылды. Осылай Ехобаның Нұн ұлы Ешуа арқылы айтқан сөздері орындалды+.
Сілтемелер
^ Яғни Еробоғам ұлы Надапты.
^ Немесе “қанның кегін алушылар”.
^ 1 талант 34,2 кг-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Мағынасы “Шемер әулетінің меншігі”.
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.