Патшалар 1-жазба 3:1—28
3 Сүлеймен Мысыр патшасының қызына үйленіп+, перғауынмен туыс болды. Сүлеймен өзінің патша сарайын+, Ехобаның үйін+ және Иерусалим дуалын тұрғызып біткенше+, әйелі Дәуіттің қаласында+ тұрды.
2 Жұрт ол кездері құрбандықты ғибадат төбелерінде шалып жүрді+. Себебі Ехобаның атына арналған үй әлі салынбаған еді+.
3 Сүлеймен ғибадат төбелерінде құрбандық шалып өртейтіні болмаса, Ехобаны жақсы көретін, әрі әкесі Дәуіттің өсиеттерін орындап жүрді+.
4 Бірде патша Гибеондағы ғибадат ететін ең басты ғибадат төбесіне барып+, сондағы құрбандық ошағында 1000 малды құрбандыққа шалып өртеді+.
5 Сүлеймен Гибеонда болғанда, түнде Ехоба оның түсіне еніп: “Өзіңе не бергенімді қалайсың, сұра”,— деді+.
6 Ол мынаны айтты: “Сен өз қызметшің, менің әкем Дәуітке айнымас сүйіспеншілігіңді молынан таныттың, өйткені ол алдыңда адал да әділ болып, шыншыл жүрекпен жүрді. Сен оған өзінен кейін таққа отыратын ұл беріп, күні бүгінге дейін айнымас сүйіспеншілігіңді молынан танытып келесің+.
7 Құдайым Ехоба, сен қызметшіңді әкем Дәуіттің орнына патша етіп қойдың, бірақ мен тым жаспын, тәжірибем де жоқ+.
8 Қызметшің өзің таңдап алған халықты+, ешкім санап есебіне жетпейтін ұлы халықты басқарып отыр.
9 Сондықтан халқыңа төрелік етіп+, жақсы мен жаманды айыра алуым үшін+, қызметшіңе мойынсұнғыш жүрек сыйлай көр. Онсыз сенің осыншама көп* халқыңа төрелік ету кімнің қолынан келеді?!”
10 Сүлейменнің осыны сұрағаны Ехобаға ұнады+.
11 Сондықтан Құдай оған былай деді: “Өзіңе ұзақ өмір, зор байлық не жауларыңның өлімін емес, төрелік ететін ақыл-парасат сұрағаның үшін+,
12 өтінішіңді орындап+, саған ақыл-парасатқа толы жүрек сыйлаймын+. Сендей адам бұрын-соңды болған емес, сенен кейін де болмайды+.
13 Бұған қоса, сұрамағаныңды — байлық пен атақ-даңқ+ та беремін+. Көзіңнің тірісінде саған тең келер патша болмайды+.
14 Әкең Дәуіт сияқты жарлықтарым мен бұйрықтарымды ұстанып, менің жолдарыммен жүрсең+, ғұмырыңды да ұзақ қыламын+”.
15 Сүлеймен оянғанда, аян көргенін ұқты. Ол Иерусалимге оралып, Ехобаның келісім сандығының алдына келді. Сол жерде ол түгел өртелетін және татулық құрбандықтарын+ ұсынды. Сосын күллі қызметшілеріне арнап той жасады.
16 Бір күні патшаның алдына екі жезөкше әйел келді.
17 Олардың біреуі былай деді: “Тақсыр ием, мына әйел екеуміз бір үйде тұрамыз. Ол үйде болған кезде, мен босанып бала тудым.
18 Үш күннен кейін мына әйел де бала туды. Үйде екеумізден басқа ешкім болған жоқ.
19 Бір күні түнде ол ұйықтап жатқанда, баласын денесімен басып қалып, өлтіріп алыпты.
20 Сосын түн ортасында тұрып, күңіңіз ұйықтап жатқанда, қойнымдағы баламды алып, орнына өзінің өлі баласын салып қойыпты.
21 Таңертең баламды емізейін деп тұрсам, ол өлі екен. Бірақ мұқият зер салып қарап едім, оның мен туған бала емес екенін көрдім!”
22 Алайда екінші әйел: “Олай емес, тірі бала менікі, өлі бала сенікі!”— деді. Сонда біріншісі: “Жоқ, өлі бала сенікі, тірісі менікі!”— деп қоймады. Осылай екі әйел патшаның алдында айтысып тұрып алды.
23 Ақырында патша былай деді: “Біреуі “тірі бала менікі, өлі бала сенікі” десе, екіншісі “жоқ, өлі бала сенікі, ал тірісі менікі” дейді”.
24 Бұдан кейін патша: “Маған семсер әкеліңдер!”— деп бұйырды. Оған семсер әкелінді.
25 Сонда ол: “Тірі баланы қақ бөліп, бір жартысын біреуіне, екінші жартысын екіншісіне беріңдер!”— деді.
26 Мұны ести сала, тірі баланың шешесі ет жүрегі езіліп: “Тақсыр ием! Баланы өлтіре көрмеңіз, мына әйелге бере салыңыз!”— деп өтінді. Ал екінші әйел: “Маған да жоқ, саған да жоқ. Баланы шаба беріңдер!”— деді.
27 Сонда патша: “Баланы өлтірмеңдер, бірінші әйелге беріңдер. Оның анасы — сол!”— деп кесімін айтты.
28 Патшаның қалай төрелік еткенін бүкіл Исраил естіді. Олар Құдайдың оған әділдік орнататын даналық бергенін көріп+, патшаны қастерлейтін болды+.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “қыңыр”. Сөзбе-сөз “ауыр”.