Патшалар 2-жазба 10:1—36
10 Ахабтың+ Самарияда 70 ұлы бар еді. Сондықтан Иқу Езрехелдегі бекзадаларға, ақсақалдар+ мен Ахабтың балаларының қараушыларына былай деп хат жазды:
2 “Сендерде тақсыр иелеріңнің ұлдары, соғыс арбалары мен аттары, бекіністі қаласы мен қару-жарағы бар. Ендеше осы хатты алған соң,
3 қожайындарыңның ең жақсы әрі лайықты деген ұлдарының бірін таңдап алып, әкесінің тағына отырғызыңдар. Сосын тақсыр иелерің үшін шайқасыңдар!”
4 Бірақ олар зәрелері қалмай: “Оған екі бірдей патша төтеп бере алмағанда+, біз қалай төтеп береміз?!”— десті.
5 Содан сарай басқарушысы, қала әкімі, ақсақалдар мен қараушылар Иқуға: “Біз сіздің қызметшілеріңізбіз, не айтсаңыз да, бәрін орындаймыз. Ешкімді де патша етпейміз. Дұрыс деп тапқаныңызды істеңіз”,— деген хабар жіберді.
6 Сонда Иқу оларға тағы да былай деп хат жазды: “Егер менің жағымда болсаңдар, әрі маған мойынсұнғыларың келсе, ертең осы уақытта тақсыр иелеріңнің ұлдарының бастарын Езрехелге әкеліп беріңдер”.
Бұл кезде қаланың беделді адамдарының тәрбиесіндегі патшаның 70 ұлы солардың қасында болатын.
7 Хатты алған бойда, олар патшаның 70 ұлының бәрін өлтірді де+, бастарын себеттерге салып, Езрехелге жөнелтті.
8 Иқуға хабаршы келіп: “Патша ұлдарының бастарын әкелген адамдар келді,— деп еді, ол: —Оларды қала қақпасының алдына екі төбе етіп үйіп, таң атқанша сонда қалдырыңдар”,— деп тапсырды.
9 Ертеңіне таңертең Иқу сыртқа шығып, күллі халықтың алдында былай деді: “Сендердің еш жазықтарың жоқ. Қастандық жасап, қожайынымды өлтірген — мен+. Ал мыналардың бәрін өлтірген кім?
10 Ендеше, біліп қойыңдар! Ехобаның бірде-бір сөзі, Ахаб үйіне қатысты айтқан Ехобаның ешбір сөзі орындалмай қалмайды+. Міне, Ехоба өз қызметшісі Ілияс арқылы айтқан сөзін жүзеге асырып отыр+”.
11 Бұдан кейін Иқу Ахабтың беделді кісілерін, таныс-тамырлары мен діни қызметкерлерінің бәрін+, сондай-ақ Езрехелде оның әулетінен қалған адамдардың бәрін бірін қалдырмай қырып тастады+.
12 Сосын Самарияға жол тартты. Жолшыбай шопандар қой қырқатын үйдің жанынан өтіп бара жатып,
13 Яһуда патшасы Ахазияның+ бауырларымен ұшырасып қалды. Иқу олардан: “Кімсіңдер?— деп сұрағанда, әлгілер: —Ахазияның бауырларымыз. Патша ұлдары мен патшайым ұлдарының амандығын білуге бара жатырмыз”,— деп жауап берді.
14 Сонда Иқу: “Мыналарды тірідей ұстаңдар!”— деп бұйырды. Адамдары оларды ұстап алды да, қой қырқатын үйдің жанындағы су қоймасына апарып, 42 кісінің бәрін, бірін қалдырмай қырып тастады+.
15 Бұдан кейін сапарын жалғастырған Иқу жолшыбай Рехаб+ ұлы Ехонадабты+ кездестірді. Ехонадаб амандық сұрағанда, ол:
“Мен бар жүрегіммен сенің жағыңдамын, сен де бар жүрегіңмен менің жағымдасың ба?”— деді.
Ехонадаб: “Иә!— деп еді, Иқу: —Ендеше қолыңды бер!”— деді.
Ол қолын бергенде, Иқу оны арбасына мінгізіп алды.
16 Сосын мынаны айтты: “Менімен бірге жүр! Ехобаға қарсы шыққандарға еш төзбейтініме куә бол!”+ Осылай Ехонадаб Иқудың соғыс арбасына мініп, бірге кетті.
17 Самарияға жеткен соң, Иқу Ехобаның Ілияс пайғамбарға айтқан сөзіне сай+, Ахаб үйінен қалғандардың бәрін қырды, ешкімді аман қалдырмады+.
18 Бұдан кейін қаладағы халықты түгел жинап алып: “Ахаб Бағалға барын салып табынған жоқ+, ал мен оған барымды салып құлшылық етемін.
19 Сондықтан Бағалдың пайғамбарларын+, табынушылары мен абыздарының бәрін+ маған жинаңдар. Ешкім қалып қоймасын, өйткені мен Бағалға арнап мол құрбандық шалмақпын. Келмей қалған адам тірі қалмайды!”— деді. Бірақ Иқу мұны Бағалға табынушыларды құрту үшін қулықпен істеген еді.
20 Содан ол: “Бағалға арналған салтанатты жиын өтетінін жария етіңдер!”— деп бұйырды. Жиын болатыны жарияланды.
21 Иқу бүкіл Исраил бойынша жаршылар жіберіп, Бағалға табынушылардың бәрі жиналды. Келмей қалған ешкім болмады. Бәрі Бағалдың үйіне+ жиналғанда, онда ине шаншыр жер қалмады.
22 Бұдан кейін Иқу киім қоймасының басқарушысына: “Бағалға табынатындардың бәріне шапан әкел”,— деді. Басқарушы оларға шапан алып шықты.
23 Сосын Иқу Рехаб ұлы Ехонадабпен+ Бағалдың үйіне кіріп, табынуға келгендерге: “Жақсылап қараңдар, араларыңда Ехобаға ғибадат ететіндер қалып қоймасын. Мұнда тек Бағалға табынатындар қалсын”,— деп тапсырды.
24 Сонымен олар түгел өртелетін және басқа да құрбандықтар шалу үшін ішке кірді. Иқу үйді айналдыра 80 адамын қойып, оларға: “Өзім қолдарыңа тапсырған адамның біреуі құтылып кетсе, жанға* жан алынады”,— деген нұсқау берген еді.
25 Иқу түгел өртелетін құрбандықты шалып болған соң, күзетшілері мен көмекшілеріне: “Ішке кіріп, бәрін қырып салыңдар! Бірде-бірі аман қалушы болмасын!”+— деді. Олар ішке кіріп, үйдегілерді семсермен өлтіріп, денелерін сыртқа лақтыра берді. Осылай Бағал үйінің түпкі бөлмесіне* дейін жетті.
26 Сосын Бағал үйіндегі қасиетті бағаналарды+ алып шығып, өртеп жіберді+.
27 Бағалдың қасиетті бағанасын да, оның үйін+ де талқандап тастады+. Ал орнын әжетханаға айналдырды, сол жер күні бүгінге дейін солай қолданылады.
28 Осылайша Иқу Исраил елінен Бағалға табынушылықты түптамырымен құртты.
29 Бірақ ол Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғам ұстанған жолдан таймады. Еробоғам екі алтын бұзау жасап, Бетел мен Данға қойдырған еді+.
30 Ехоба Иқуға: “Сен дұрыс әрекет етіп, Ахаб үйіне қатысты менің көңілімдегінің бәрін орындап, маған ұнамдыны істедің+. Сол үшін өзіңнен кейінгі төрт ұрпағың Исраил тағына отырады+”,— деді.
31 Алайда Иқу бар жүрегімен Исраил Құдайы Ехобаның Заңын орындауға ұмтылған жоқ+. Ол Исраилді күнәға батырған Еробоғамның жолынан таймады+.
32 Сол кездерден бастап Ехоба Исраил жерінің көлемін бірте-бірте қысқарта берді. Хазаел күллі Исраил елі бойынша халыққа шабуыл жасаумен болды+.
33 Ол Иорданның шығысындағы ғадтықтар, рубендіктер мен манасалықтар қоныс тепкен күллі Ғалақат жерін+: Арнон аңғарының* бойындағы Арогерден бастап, Ғалақат пен Башан өңірін тартып алды+.
34 Иқудың басқа да істері мен құдіреті туралы Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапта жазылған.
35 Ақырында Иқу ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Самарияға қойылды. Ал орнына ұлы Ехохаз+ патша болды.
36 Иқу Самарияда Исраил еліне 28 жыл патшалық етті.
Сілтемелер
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “қаласына”. Бұл бекініс тектес етіп салынған құрылыс болса керек.
^ Немесе “Арнон өзен аңғарының”.