Самуилдің 1-жазбасы 13:1—23

  • Саулдың таңдаулы әскері (1—4)

  • Саулдың өзімшілдікпен әрекет етуі (5—9)

  • Самуил Саулдың қателігін бетіне басты (10—14)

  • Исраилде қару-жарақ жоқ (15—23)

13  Саул...* жасында патша болып+, Исраилде билік еткеніне екі жыл толды.  Сонда ол Исраилден 3000 адам таңдап алып, 2000-ын өзімен бірге Миқмаста және Бетелдің таулы өңірінде қалдырды, ал 1000-ы Жонатанмен+ бірге Бениямин жеріндегі Гибеяда+ болды. Қалғандарын үйлеріне қайтарып жіберді.  Бірде Жонатан філістірлердің+ Гебадағы+ қарауыл тобының тас-талқанын шығарды. Бұл хабар філістірлердің құлағына жетті. Сол кезде Саул бүкіл елде керней тартқызып+, “Еврейлер құлақ ассын!” деп жар салғызды.  Күллі халық “Саул філістірлердің қарауыл тобын тас-талқанын шығарыпты, енді олар бізге өшігіп отыр” дегенді естіп, Саулдың қасына Ғылғалға+ жиналды.  Філістірлер де олармен соғысу үшін 30 000 соғыс арбасын, 6000 салт атты сарбаз және теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз әскер жинады+. Олар жорыққа аттанып, Бет-Әбеннің+ шығысындағы Миқмаста қос тікті.  Исраилдіктер қыспаққа алынып, тығырыққа тірелгенін көргенде, үңгірлерге, шатқалдар мен жартас қуыстарына, жерқоймалар мен су жинайтын орларға барып тығылды+.  Кейбіреулері тіпті Иорданнан өтіп, Ғад пен Ғалақат+ жеріне қашты. Саул болса Ғылғалда қалды, оның қасындағылардың бәрі қорқып қалтыраумен болды.  Ол Самуил белгілеген уақытқа дейін, жеті күн күтті. Бірақ Самуил Ғылғалға келмей жатқан соң, жұрт жан-жаққа бытырай бастады.  Сонда Саул: “Түгел өртелетін және татулық құрбандықтарын әкеліңдер”,— деді де, түгел өртелетін құрбандықты өзі шалды+. 10  Құрбандықты өртеп болғаны сол-ақ екен, Самуил келді. Саул оны қарсы алып, амандасу үшін алдынан шықты. 11  Самуил оған: “Бұл не қылғаның?”— деді. Саулдың жауабы мынау болды: “Жұрт жан-жаққа бытырай бастады+, сіз болсаңыз белгіленген уақытта келмей қойдыңыз. Оның үстіне, філістірлер Миқмасқа жиналып жатты+. 12  Сонда мен: —Енді філістірлер Ғылғалға түсіп, маған шабуылдайды. Ал мен болсам Ехобадан ықыласын түсіруін әлі сұраған жоқпын,— деп ойладым. Осылайша түгел өртелетін құрбандықты шалуға тиістімін деп есептедім”. 13  Сонда Самуил оған былай деді: “Құдайың Ехоба берген бұйрықты орындамай, ақымақтық жасадың+! Оны орындағаныңда, Ехоба патшалығыңды мәңгі мызғымайтын берік етер еді. 14  Ал енді ұзақ патшалық етпейсің+. Ехоба өзінің көңілінен шығатын адамды табады+. Ехоба оны халқына басшы етіп қояды+. Себебі сен Ехобаның бұйрығына мойынсұнбадың+”. 15  Бұдан кейін Самуил Ғылғалдан Бениямин жеріндегі Гибеяға кетті. Саул қасындағы сарбаздарын санап шыққанда, бас-аяғы 600-дей адам болды+. 16  Содан Саул мен Жонатан қастарында қалған адамдарымен Бениямин жеріндегі Гебада+ тұрақтап қалды. Ал філістірлер қостарын Миқмаста+ тікті. 17  Олар елге шапқыншылық жасайтын үш топ құрды. Топтардың біреуі Офраға апаратын жолға, Шуал жеріне қарай түссе, 18  екіншісі Бет-Хоронға+ апаратын, ал үшіншісі Себоим аңғарына жақын орналасқан шегараға апаратын жолға, шөл далаға, бет алды. 19  Ол кезде бүкіл Исраил елінде темір ұстасы жоқ еді, себебі філістірлер “Еврейлер семсер, найза жасап алып жүрер” деп қорқатын. 20  Сондықтан исраилдіктер соқа-кетпендері мен орақ-балталарын қайратуға філістірлерге баратын. 21  Олар соқа, кетпен, айыр, балталарының жүзін қайрату үшін немесе ұшы темір асатаяқтың басын жөндету үшін бір пим* төлейтін. 22  Сондықтан шайқасатын күні Саул мен Жонатанның қасындағы адамдардың ешқайсысында семсер де, найза да болмады+. Саул мен Жонатанда ғана қару бар еді. 23  Філістірлердің қарауыл тобы Миқмастағы асуға қарай беттеді+.

Сілтемелер

Еврей тіліндегі мәтінде жасы көрсетілмеген.
Ежелгі өлшем бірлігі. Шамамен 8 г күміске тең.