Қорынттықтарға 1-хат 15:1—58

  • Мәсіхтің тірілуі (1—11)

  • Қайта тірілу — сенімнің негізі (12—19)

  • Мәсіхтің қайта тірілгені — кепілдік (20—34)

  • Рухани дене мен тәндік дене (35—49)

  • Өлместік және шірімейтін дене (50—57)

  • Иеміздің ісінде көп еңбектеніңдер (58)

15  Енді, бауырластар, мен өздеріңе уағыздаған ізгі хабарды естеріңе салып отырмын+. Сендер оны қабылдадыңдар, берік ұстанып та жүрсіңдер.  Менен естіген осы хабарды әрі қарай да берік ұстана берсеңдер, сол арқылы құтқарыласыңдар. Әйтпесе оған сенгендерің бекер.  Сендерге айтқан, өзім де қабылдаған басты нәрселердің бірі — Жазбаларда айтылғанға сай, Мәсіх біздің күнәларымыз үшін өлді+.  Сондай-ақ, Жазбаларда айтылғандай+, жерленді+, ал үшінші күні+ қайта тірілді+.  Сосын Кефаға+, кейін он екі елшіге көрінді+.  Бұдан соң бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінді+. Олардың көбі әлі арамызда, ал кейбірі өлім ұйқысында жатыр.  Сонан соң Жақыпқа+, сосын елшілердің бәріне көрінді+.  Соңынан, мезгілінен бұрын туылғандай болған маған да көрінді+.  Мен елшілердің ең кішісімін, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі Құдай қауымын қудаладым+. 10  Бірақ Құдайдың рақымымен осындай дәрежеге ие болдым. Оның рақымы бекер болған жоқ, өйткені мен елшілердің бәрінен көп еңбек еттім. Алайда өзім емес, маған жар болып жүрген Құдайдың рақымы еңбектенді. 11  Әйтсе де мен болайын, олар болсын — біз осы хабарды уағыздап жүрміз, әрі сендер соған сендіңдер. 12  Мәсіхтің өлімнен қайта тірілгені туралы уағыздалып жатса+, қалайша кейбірің “Өлгендер қайта тірілмейді” дейсіңдер? 13  Егер өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда Мәсіхтің де қайта тірілмегені. 14  Ал Мәсіх қайта тірілмесе, уағызымыздың да, сеніміміздің де бекер болғаны. 15  Оның үстіне, біз Құдай туралы жалған куәлік берген боламыз+. Өйткені өлгендер шындығында қайта тірілмейтін болса, Мәсіхті қайта тірілтпесе де, тірілтті деп, Құдай туралы жалған куәлік бергеніміз+. 16  Себебі өлгендер қайта тірілмейтін болса, Мәсіхтің де тірілмегені ғой. 17  Ал Мәсіх тірілмеген болса, сенімдерің еш пайдасыз, күнәларың да кешірілген жоқ+. 18  Онда Мәсіхтің шәкірті ретінде өлім ұйқысына кеткендердің де біржола жоқ болғаны+. 19  Егер Мәсіхке осы өмірде ғана үміт артсақ, онда барша адамдардың ішіндегі ең бейшарасы болар едік. 20  Бірақ, шындық мынау — Мәсіх өлім ұйқысындағылардың алғашқысы* болып тірілді+. 21  Өлім адам арқылы келді+, қайта тірілу де адам арқылы болады+. 22  Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей+, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі+. 23  Бірақ барлығы өз кезегімен: алғашқысы* — Мәсіх+, сосын Мәсіх осында болатын кезде* оның меншігіндегілер тіріледі+. 24  Бұдан кейін, яғни соңында, Мәсіх күллі үкімет, барша билік пен күшті жоқ қылады да+, Патшалықты Құдай Әкесіне тапсырады. 25  Себебі Құдай барлық жауларын аяғына жығып бергенше, ол билік жүргізуі тиіс+. 26  Жойылатын соңғы жау — өлім+. 27  Құдай “бәрін оның аяғының астына салып, бағындырды”+. Ал “бәрі бағындырылды” деген сөз+ бәрін бағындырған Құдайды қамтымайтыны анық+. 28  Бірақ Құдай өз Ұлына бәрін бағындырған соң, Ұлы да өзіне бәрін бағындырған Құдайға бағынатын болады+. Осылайша Құдай бірден-бір Билеуші болмақ+. 29  Өлгендер қайта тірілмесе, өлі болу үшін шомылдыру рәсімінен өткендердің қандай үміті бар+? Өлгендер мүлдем тірілмейтін болса, өлі болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп не керек? 30  Бізге де сағат сайын басымызды қатерге тігіп не керек+? 31  Мен күнде өліммен бетпе-бет келемін. Бауырластар, Иеміз Мәсіх Исаның жолындағы сендер үшін қуанатыным рас екеніндей, бұл да рас. 32  Егер мен де өзгелер сияқты* Ефесте жабайы аңдармен күрескен болсам+, бұдан маған не пайда? Өлгендер тірілмейтін болса, “бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой”+. 33  Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады+. 34  Әділ әрекет етіп, естеріңді жиыңдар, күнә жасауды қойыңдар, өйткені кейбірің Құдайды білмейсіңдер. Мұны сендерді ұялту үшін айтып отырмын. 35  Әлдебіреуің: “Өлгендер қалай қайта тіріледі? Тірілгенде денелері қандай болады?”+— дерсің. 36  Түйсіксіз! Себілген дән шірімесе*, өніп шықпайды* ғой. 37  Сенің еккенің — өніп қойған көшет* емес, бидай не басқа дақылдың дәні ғана. 38  Бірақ Құдай оған, сондай-ақ әрбір дәнге, өз қалауынша, өзіндік дене береді. 39  Денелердің бәрі бірдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелері бір-бірінен өзгеше. 40  Көктегілерге тән+ және жердегілерге тән дене бар+. Көктегілердің денесі мен жердегілердің денесінің даңқы әртүрлі. 41  Күннің, айдың, жұлдыздардың өзіндік даңқы бар+. Жұлдыздардың даңқы да бір-бірінен өзгеше. 42  Өлгендердің қайта тірілуі де солай болады: көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілген дене шірімейді+. 43  Қорлық көрген дене көміліп, даңқпен тіріледі+. Әлсіз дене көміліп, құдіретпен тіріледі+. 44  Көмілгені — тәндік, ал қайта тірілгені — рухани дене. Тәндік дененің бар екені сияқты, рухани дене де бар. 45  Жазбада да: “Алғашқы Адам тірі жан болды”,— делінген+. Ал соңғы Адам өмір беретін рух болды+. 46  Алайда алдымен рухани емес, тәндік дене, сосын рухани дене болады. 47  Алғашқы адам топырақтан жаратылып, жерде өмір сүрді+, ал екінші адам көктен келді+. 48  Жердегі адамдар Құдай топырақтан жаратқан адамға ұқсайды, ал көктегілер көктен келген тұлғаға ұқсайды+. 49  Біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай+, көктен келгеннің кейпіне ие боламыз+. 50  Алайда, бауырластар, сендерге мынаны айтамын: ет пен қаннан тұратын дене Құдай Патшалығын мұра ете алмайды, иә, шіритін дене шірімейтінді мұра ете алмайды. 51  Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлім ұйқысына кетпейміз, бірақ бәріміз де өзгереміз+. 52  Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылып жатқанда іске асады. Керней үні естілгенде+, өлгендер шірімейтін болып тіріледі, әрі біз өзгереміз. 53  Өйткені шіритін денеміз шірімейтінге+, өлетін денеміз өлмейтінге алмасуы тиіс+. 54  Шіритін дене шірімейтін, ал өлетін дене өлмейтінге алмасқанда, Киелі жазбадағы “Өлім біржола жоқ болды” деген сөздер жүзеге асады+. 55  “Өлім, сенің жеңісің қайда? Өлім, улы тісің қайда?”+ 56  Өлімге ұшырататын улы тіс — күнә+, ал күнәға күшті Заң береді+. 57  Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңіс сыйлайтын Құдайға алғыс айтайық+! 58  Сондықтан, сүйікті бауырластарым, берік болыңдар+, мызғымай тұрыңдар, Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектеніңдер+. Себебі Иеміздің жолындағы еңбектеріңнің бекер емес екенін білесіңдер+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “алғашқы өнімі”.
Сөзбе-сөз “алғашқы өнім”.
Түсіндірмедегі “Исаның осында болуын” қараңыз.
Мүмкін: “мен де пендешілік ниетпен”.
Сөзбе-сөз “өлмесе”.
Сөзбе-сөз “тірілмейді”.
Сөзбе-сөз “дамитын дене”.