5-БӨЛІМ
Туған-туыспен ынтымағыңыз жарассын
“Жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер” (Қолостықтарға 3:12).
Екі жас қосылғанда, жаңа шаңырақ бой көтереді. Бағып-қағып өсірген ата-ананы әрдайым жақсы көріп, ардақтау — әр адамның парызы. Десе де отау құрғаннан кейін адам үшін әлемдегі ең қымбат жан оның жары болу керек. Мұнымен келісу туыстарыңыздың кейбіріне қиын болатын шығар. Құдай Сөзіндегі кеңестер осы мәселеде сізге байсалдылық танытуға көмектесе алады. Соның арқасында туған-туыстарыңызбен ынтымақта бола отырып, өзіңіздің жас отауыңызды да нығайта аласыз.
1. ТУЫСТАРҒА ДЕГЕН ДҰРЫС КӨЗҚАРАС
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Онда “әке-шешеңді құрметте” деген сөздер бар (Ефестіктерге 6:2). Жасыңыз қаншада болмасын, ата-ананы өмір бойы аялап, құрметтеу — сіздің перзенттік борышыңыз. Ендеше, жұбайыңыздың да өз ата-анасының алдында осындай борышы бар екенін ұмытпаңыз. Құдай Сөзінде: “Сүйіспеншілік қызғанбайды”,— делінген. Сондықтан жарыңыз өз ата-анасымен араласқанда, қызғанышқа бой алдырмаңыз. Оның туған-туысымен араласқаны отбасыңыздың берекесін кетірер деп қауіптенбеңіз (Қорынттықтарға 1-хат 13:4; Ғалаттықтарға 5:26).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
-
“Сенің үй ішің мені үнемі сынап-мінейді”, “сенің анаңа ешқашан жақпайсың” деп асыра сілтеп сөйлеуден аулақ болыңыз.
-
Жағдайға жұбайыңыздың көзімен қарауға тырысыңыз.
2. ҚАЖЕТ БОЛҒАНДА, ӨЗ ДЕГЕНІҢІЗДЕ ТҰРЫҢЫЗ
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”,— делінген Құдай Сөзінде (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Өз алдыңызға отау тіккенде де, ата-анаңыз сіз үшін әлі де жауаптымыз деп ойлауы мүмкін. Олардың жеке өміріңізге тым араласып кетуі де сондықтан.
Ата-анаңыз отбасылық өмірлеріңізге қаншалықты араласа алатынын жұбайыңызбен ақылдасып алыңыз. Сосын мұны ата-анаңызға ізетпен әрі еш бүкпесіз айтып жеткізіңіз (Нақыл сөздер 15:1). Кішіпейілділік, жұмсақтық және шыдамдылық сияқты қасиеттер туған-туыстарыңызбен жақсы қатынаста болуға, сондай-ақ оларға “сүйіспеншілікпен төзімділік танытуға” көмектеседі (Ефестіктерге 4:2).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
-
Туыстарыңыздың отбасыңызға жиі араласып кететіні сізді мазаласа, оңтайлы уақытта жарыңызбен осы жөнінде сөйлесіңіз.
-
Осы мәселеде ортақ шешімге келіп алыңыздар.