Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-БӨЛІМ

Құдайдың ақыл-кеңесі — бақытты отбасының арқауы

Құдайдың ақыл-кеңесі — бақытты отбасының арқауы

“Жаратушы о баста адам баласын бірін еркек, бірін әйел етіп жаратты” (Матай 19:4).

Алғашқы некеге бастама берген — Ехоба a Құдай. Киелі кітапта Құдайдың тұңғыш әйелді жаратып, оны ер адамға алып келгені жайлы сөз етілген. Хауа ананы көріп қатты қуанған Адам ата: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, өз етімнен шыққан ет!”— деген (Мұсаның 1-жазбасы 2:22, 23). Құдай бүгінде де ерлі-зайыптылардың бақытты болғанын қалайды.

Адамдар отау құрғанда бәрі керемет болады деп ойлайды. Алайда ерлі-зайыптылар бірін-бірі қатты сүйген күнде де, отбасында қиындықтар болмай тұрмайды (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Осы кітапшада Киелі кітаптан алынған біраз ақыл-кеңес бар. Оларды қолданар болсаңыз, отбасыңызды бақытты да баянды ете аласыз (Зәбүр 19:8—11).

1. ҚҰДАЙ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Күйеу — үйдің отағасы (Ефестіктерге 5:23).

Құдай күйеуден әйелін аялап, қамқорлайды деп күтеді (Петірдің 1-хаты 3:7). Ол әйелді көмекші ретінде жаратқан, сондықтан күйеуінің оны қадірлеп, жақсы көргенін қалайды (Мұсаның 1-жазбасы 2:18). Әйелін қатты сүйетін адам оның тілек-қалауын өзінікінен жоғары қояды (Ефестіктерге 5:25—29).

Құдай үйдің отанасынан болса күйеуіне зор құрмет көрсетіп, оған отбасындағы міндетін атқаруға көмектеседі деп күтеді (Қорынттықтарға 1-хат 11:3; Ефестіктерге 5:33). Әйелі күйеуінің қабылдаған шешімдеріне шын жүректен қолдау көрсеткені абзал (Қолостықтарға 3:18). Осылай етсе, ол жұбайының да, Құдайдың да көзінде көрікті бола түседі (Петірдің 1-хаты 3:1—6).

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

  • Жақсы жар болу үшін сізге әлі де не жетіспейтінін жолдасыңыздан сұраңыз. Оны мұқият тыңдап, айтқанын орындап көріңіз.

  • Шыдамды болыңыз. Өйткені бір-біріңізді бақытты етуді үйрену үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін.

2. ЖҰБАЙЫҢЫЗДЫҢ СЕЗІМДЕРІН ОЙЛАҢЫЗ

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Жан жарыңыздың мүддесін ойлағаныңыз абзал (Філіпіліктерге 2:3, 4). Жарыңызды алақаныңызға салып, мейіріммен қараңыз. Өйткені Құдай бізден “бәріне мейірбан” болуды талап етеді (Тімөтеге 2-хат 2:24). Киелі жазбаларда: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды, ал дананың тілі сауықтырады”,— делінген. Сондықтан сөзіңізді сүзгіден өткізіп сөйлеуге тырысыңыз (Нақыл сөздер 12:18). Құдайдың құдіретті күші сізге жылулықпен және сүйіспеншілікпен сөйлеуге көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Қолостықтарға 4:6).

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

  • Жұбайыңызбен қиын мәселе жайлы сөйлесер алдында сабырлық сақтау үшін және біржақты болмай, түсінікпен қарау үшін Құдайдан көмек сұраңыз.

  • Не айтатыныңызды және қалай айтатыныңызды жақсылап ойластырып алыңыз.

3. ОЙЛАРЫҢЫЗ БІР ЖЕРДЕН ШЫҚСЫН

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Неке құрғанда, жұбайыңыз екеуіңіз “біртұтас боласыздар” (Матай 19:5). Десе де екі жеке дара тұлға болғандықтан, ойларыңыз әрдайым бір жерден шыға бермеуі мүмкін. Сондықтан сіздерге бірдей ойлап, бірдей сезінуді үйренуге тура келеді (Філіпіліктерге 2:2). Бұл әсіресе қандай да бір шешім қабылдағанда қажет. Киелі кітапта “жоспар іске асар кеңесумен” деген сөздер бар (Нақыл сөздер 20:18). Олай болса, маңызды шешімдер қабылдарда ақыл-кеңес табу үшін Құдай Сөзіне жүгініңіздер (Нақыл сөздер 8:32, 33).

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

  • Жарыңызға жай ғана пікіріңізді емес, не сезінетініңізді де айтыңыз.

  • Шешім қабылдамас бұрын жұбайыңызбен ақылдасыңыз.

a Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.