9-СҰРАҚ
Эволюцияға сенуім керек пе?
СЕН НЕ ІСТЕР ЕДІҢ?
Мына жағдайды елестетіп көрші: Алекс өзі күтпеген жағдайға кезігіп, тосылып тұр. Ата-анасының үйретуі бойынша, ол кішкентайынан тіршілік атаулыны Құдай жаратты деп сеніп келген. Ал бүгін биология сабағында мұғалім эволюцияның ғылыми түрде расталған айғақ екенін айтып тұр. Алекс бұған қарсылық білдіріп, бүкіл сыныптың алдында ақымақ болып көрінгісі келмейді. Ол ішінен: “Ғалымдар эволюция ілімін растаған болса, мұны дауға салатындай мен кіммін?!”— деп қояды.
Алекстің орнында болсаң, сен не істер едің? Мектеп оқулықтарында эволюцияның айғақ екені айтылғандықтан ғана, оған сене салар ма едің?
ТОҚТА ДА, ОЙЛАН!
Бұл даулы мәселеде екі жақ өз көзқарастарын еркін білдіре алатын шығар, бірақ соған не үшін сенетіндерін айтуға келгенде, жауап таппай қиналады.
-
Кейбіреулер діндері солай үйрететіндіктен ғана тіршілік атаулыны Құдай жаратты деп сенеді.
-
Басқалары мектепте солай үйреткендіктен ғана эволюция іліміне күмәнсіз сенеді.
ДЕН ҚОЯРЛЫҚ 6 СҰРАҚ
Киелі жазбаларда: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің Жаратушысы — Құдай”,— делінген (Еврейлерге 3:4). Бұл сөздер сен үшін қисынды ма?
ТҰЖЫРЫМ: Бүкіл ғалам кездейсоқ болған үлкен жарылыстың нәтижесінде пайда болды.
1. Үлкен жарылысты кім жасады я оған не себеп болды?
2. Қайсысы ақылға қонымдырақ, барлығы ештеңеден пайда болды деген бе, әлде барлығын біреу жаратты деген бе?
ТҰЖЫРЫМ: Адамдар жануарлардан пайда болды.
3. Адамдардың жануарлардан, мысалы маймылдардан, шыққаны рас болса, онда неге олардың ойлау қабілеттерінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей?
4. Неліктен ең қарапайым деген ағзалардың өзі соншалықты күрделі?
ТҰЖЫРЫМ: Эволюция — дәлелденген айғақ.
5. Осы сөздерді айтқан адам бұған өзі көз жеткізді ме?
6. Барлық көзі ашық адамдар эволюцияға сенеді дегенді естігендіктен ғана қаншама адам осыған сеніп жүр?
“Сен орманның ішімен келе жатып, әдемі үйді көрдің делік. Сонда сен: — Қандай тамаша үй! Ағаштар бір-бірінің үстіне керемет үйлесімділікпен құлағандықтан, осы үй пайда болған көрінеді!— дейсің бе? Әрине, жоқ! Бұл ақылға қонымсыз ғой. Ендеше барлық тіршілік өздігінен пайда болды дегенге неге сенуіміз керек?” (Джулия).
“Саған біреу баспаханада жарылыс болып, сия қабырғаға шашырап кетті. Содан мына үлкен сөздіктегі мәтін пайда болды десе, оған сенесің бе?” (Гвэн).
ҚҰДАЙҒА НЕ ҮШІН СЕНЕСІҢ?
Киелі кітап ақыл-ойды іске қосуға шақырады (Римдіктерге 12:1). Бұл дегеніміз — Құдайға деген сенімің тек мына нәрселерге негізделмеу керек:
-
СЕЗІМ (“Әйтеуір бір құдіреттің бар екенін түсінемін”)
-
БАСҚАЛАРДЫҢ ӘСЕРІ (“Мен діндар адамдардың арасында тұрамын”)
-
ҚЫСЫМ (“Ата-анам солай тәрбиеледі. Менің басқа амалым болмады”)
Сенің Жаратушыға деген сенімің ақылға қонымды, қисынды дәлелдерге негізделу керек.
“Мұғалім адам ағзасының қалай жұмыс істейтіні жайлы айтқанда, оны тыңдап отырып, Құдайдың бар екеніне еш күмәнім қалмайды. Адам ағзасының әрбір бөлігі өзіне тиесілі қызмет атқарады, тіпті титтей бөліктерінің өз қызметтері бар. Көп жағдайда ағзамыздағы бұл әрекеттердің қалай өтіп жатқанын біз тіпті білмейміз де. Шынында да, адам ағзасы кім-кімді де таң-тамаша қалдырады!” (Тереза).
“Аспанмен таласқан үйлерді, саяхат кемелері мен көліктерді көргенде, бір сәтке тоқтап: “Мұны кім жасады?”— деп ойланамын. Мысалы, көлікті ақыл-санасы бар адам баласы жасап шығарады ғой, өйткені ол жүру үшін көптеген майда-шүйде бөліктерін дұрыс орналастыру керек. Ендеше көлікті біреу жасап шығарса, адам баласын да біреу жаратты деу қисынды емес пе?” (Ричард).
“Ғылымды зерттеген сайын, эволюцияның шикілігіне көзім жете түсті... Жаратушыдан гөрі эволюцияға сену қиынырақ сияқты. Иә, эволюцияны қабылдау үшін “зор сенім” қажет” (Энтони).
ОЙТҮРТКІ
Ондаған жылғы зерттеулерге қарамастан, ғалымдардың эволюция жайлы дау-дамайлары әлі бітер емес. Білікті ғалымдардың өздері әлі күнге дейін ортақ пікірге келе алмай жатса, эволюция іліміне шек келтіруге болмайды деп ойлау орынды ма?