91-ТАРАУ
Елазар қайта тірілді
-
ЕЛАЗАРДЫҢ ҚАЙТА ТІРІЛУІ
-
ЖОҒАРҒЫ СОТ ИСАНЫ ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ
Иса Бетанияның маңында Марта мен Мәриямды кездестірген соң, Елазардың қабіріне бет алды. Қабір үлкен таспен жабылған үңгір еді. Иса: “Тасты алып тастаңдар”,— деп нұсқау берді. Оның не істегелі жатқанын түсінбеген Марта: “Ием, иістеніп кеткен шығар, жатқанына төрт күн болды ғой”,— деп алаңдады. Алайда Иса оған: “Егер сенсең, Құдайдың ұлылығын көресің демеп пе едім?”— деді (Жохан 11:39, 40).
Тас алынғанда, Иса көкке қарап: “Әке, дұғама құлақ салғаныңа рақмет. Дұғамды ылғи еститініңді білемін. Әйтсе де мұны айнала қаумалаған жұрт мені жіберген өзің екеніңе сенсін деп айтып тұрмын”,— деп дұға етті. Дауыстап дұға етуінің арқасында жұрт Исаның керемет ісі Құдайдың құдіретімен жүзеге асатынын білді. Сосын ол қатты дауыспен: “Елазар, шық!”— деді. Сонда аяқ-қолы кебінге оралған, бет-аузы орамалмен байланған Елазар үңгірден шықты. Иса қасындағыларға: “Кебінін шешіңдер, жүре берсін!”— деп тапсырды (Жохан 11:41—44).
Мәриям мен Мартаны жұбатуға келген яһуди кісілердің көбісі кереметті өз көздерімен көріп, Исаға сенді. Бірақ кейбіреулері сол жерден кетіп, парызшылдарға Исаның не істегенін айтып берді. Парызшылдар мен жоғарғы діни қызметкерлер яһудилердің Жоғарғы кеңесін шақырды. Оның бір мүшесі — бас діни қызметкер Қаяпа болатын. Жоғарғы кеңес жиналғанда, кейбіреулер: “Не істейміз? Бұл адам көптеген кереметтер жасауда. Оны осылай қалдырсақ, бәрі оған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, ғибадатханамыз бен халқымызға иелік етіп жүрер”,— деп налыды (Жохан 11:47, 48). Олар Исаның “көптеген кереметтерін” өз көзімен көргендердің куәлігін естісе де, Құдайдың сол адам арқылы жасаған ісіне қуанбады. Мұның басты себебі — олар өз беделі мен дәрежесін уайымдады.
Елазардың қайта тірілгені саддукейлерге соққы болды, өйткені олар қайта тірілуге сенбейтін. Саддукей Қаяпа былай деді: “Сендер түк білмейсіңдер ме? Бүкіл халқымыздың құрып кеткенінен гөрі, халық үшін бір кісінің өлгені өздеріңе жақсы екенін түсінбейсіңдер ме?” (Жохан 11:49, 50; Елшілердің істері 5:17; 23:8).
Қаяпаның діни қызметкер екенін ескерсек, бұл сөздерді ол өз ойынан айтқан жоқ, Құдайдың өзі айтқызды. Қаяпаның ойлағаны дінбасыларының беделі мен ықпалын сақтап қалу үшін Исаны өлтіру болатын. Алайда ол өзі аңдамай пайғамбарлық сөздер айтты. Бұл пайғамбарлық Исаның яһудилер үшін ғана емес, “жан-жаққа тарап кеткен Құдайдың балалары” үшін өмірін құрбан етіп, төлем ретінде беретініне нұсқады (Жохан 11:51, 52).
Қаяпаның ықпалымен Жоғарғы кеңес Исаны өлтіруді ойластырды. Олардың жоспарын Исаға Жоғарғы кеңестің мүшесі Нікөдем жеткізген болу керек. Қандай болған күнде де, Құдай белгілеген уақыттан бұрын өлмес үшін, Иса шұғыл түрде Иерусалим аймағынан кетіп қалды.