Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

116-ТАРАУ

Иса шәкірттерін кішіпейілділікке үйретті

Иса шәкірттерін кішіпейілділікке үйретті

МАТАЙ 26:20 МАРҚА 14:17 ЛҰҚА 22:14—18 ЖОХАН 13:1—17

  • ЕЛШІЛЕРІМЕН СОҢҒЫ ҚҰТҚАРЫЛУ МЕЙРАМЫН ТОЙЛАДЫ

  • ЕЛШІЛЕРІНІҢ АЯҒЫН ЖУУ АРҚЫЛЫ КІШІПЕЙІЛДІЛІККЕ ҮЙРЕТТІ

Исаның тапсыруымен Иерусалимге кеткен Петір мен Жохан Құтқарылу мейрамына дайындықтар жасауда. Біраз уақыттан соң Иса мен оның елшілері де қалаға жол тартты. Түс қайтып, күн батуға бет алған шақ. Иса қасындағылармен Зәйтүн тауынан түсіп келеді. Төменде жатқан қаланың көрінісін ол қайта тірілгенше тамашаламайды.

Көп ұзамай Иса серіктерімен қалаға жетіп, бірден Құтқарылу мейрамының асы дайындалған үйге беттеді. Келген бойда баспалдақпен үйдің жоғарғы бөлмесіне көтерілді. Онда шәкірттерімен оңаша отырып, ас ішуге бәрі дайын. Иса бұл күнді қатты күткендіктен, шәкірттеріне: “Азап шегерімнің алдында осы Құтқарылу мейрамының асын сендермен жеуді қатты қалаған едім”,— деді (Лұқа 22:15).

Көп жыл бұрын Құтқарылу мейрамын тойлаушылар шарап құйылған тостақты бір-біріне беру үрдісін енгізген болатын. Бұл кеште де осындай тостақтың бірі Исаға берілді. Ол оны алып, ризашылық білдірді де, шәкірттеріне: “Мынаны алып, бәрің осыдан ішіңдер. Өйткені сендерге мынаны айтамын: Құдай Патшалығы келгенше, енді қайтып шарап ішпеймін”,— деді (Лұқа 22:17, 18). Бұдан оның өлетін уақытының жеткені анық болды.

Құтқарылу мейрамының бір уағында ерекше іс жасалды. Иса орнынан тұрып, жамылғысын шешті де, қолына сүлгі алды. Сосын ол қасында тұрған шылапшынға су құйды. Әдетте келген қонақтың аяғын жуу қамы үй иесінің міндеті, ол мұны қызметшісіне тапсыратын болса керек (Лұқа 7:44). Бірақ бұл жолы үй иесі жоқ, сондықтан бұл қызметті Иса көрсетпек болды. Елшілердің бірі ықылас білдірсе болар еді, бірақ олар бұлай етпеді. Араларында бақталастық әлі де бар болғаны ма? Бұл белгісіз. Қандай болған күнде де, Иса аяқтарын жуып жатқанына олар ұялды.

Иса Петірдің қасына келгенде, ол: “Мен сізге аяғымды ешқашан жуғызбаймын!”— деді. Иса оған: “Аяғыңды жумасам, менімен үлестес болмайсың”,— деп жауап қайырды. Сонда Петір сезімге беріліп: “Ием, онда аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз”,— деді. Бұған Иса: “Шомылған кісі толықтай таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер тазасыңдар, бірақ бәрің емес”,— дегенде, Петір қатты таңғалған болу керек (Жохан 13:8—10).

Сөйтіп Иса он екі адамның, Яһуда Исқариоттың да, аяғын жуып шықты. Сосын жамылғысын киіп, дастарқан басына қайта жантайды да, былай деді: “Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? Мені “Ұстаз”, “Ием” дейсіңдер. Бұларың дұрыс, өйткені мен солмын. Егер Иелерің әрі Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды жууларың керек. Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім. Сендерге нағыз шындықты айтамын, құлы қожайынынан, ал жіберілген өзін жібергеннен үлкен емес. Осыларды біліп қана қоймай, соған сай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар” (Жохан 13:12—17).

Адамдарға кішіпейілдікпен қызмет көрсетудің қандай керемет үлгісі десеңші! Исаның ізбасарлары жоғары дәрежеге ұмтылудан, өздерін маңызды санап немесе басқаларға қызмет етуге намыстанудан аулақ болулары керек. Қайта, Исаның үлгісіне еліктегендері абзал. Бірақ аяқ жуу рәсімін жасау арқылы емес, адамдарды алаламай, кішіпейілділікпен қызмет көрсету арқылы еліктегендері жөн.