11-ТАРАУ
Жұбаныш пен тәлім беретін жырлар
Дәуіт және басқа да жыршылар Құдайға ғибадат етуге арналған жырлар жазған. Олардың жүз елуі Забур кітабында жинақталған.
ЗАБУР ЖЫРЛАРЫНЫҢ жиынтығы — Киелі кітапқа енген кітаптардың ішіндегі ең көлемдісі. Ол шамамен 1000 жыл бойы жазылды. Забур жыршылары Құдайға деген сенімдерін білдіру үшін әсерлі де мағыналы сөздерді қолданған. Осы мадақ жырларында адамның сан-қилы сезімдері, мысалы, қуанышы мен күйініші, жүрегінің ризашылыққа толуы, өкініп қынжылуы сипатталған. Забур жыршыларының Құдайға шын берілген адамдар болғаны сөзсіз. Қазір сол жырлардың кейбірі қандай тақырыптарды қамтитынын қарастырайық.
Ехоба барлық саналы жаратылыстарының өзіне құлшылық етіп, мадақтауына лайық әрі Әлемнің Әміршісі болуға құқылы. Забур 82:19-да: “Жаратқан Ие [“Ехоба” ЖД] деп аталған жалғыз Сенің бүкіл жер бетіне билік жүргізетін Хақ Тағала екеніңді олар білсін!”— делінген. Бірнеше жырда Ехоба Құдай ұшы-қиыры жоқ аспан әлемін, жер бетіндегі таңғажайып тіршілік иелерін және адам тәнін керемет етіп жаратқаны үшін мадақталады (Забур 8, 18, 138, 148). Өзге жырларда Ехоба өзіне адалдық танытқандар үшін құтқарушы әрі қорғаныш болатын Құдай ретінде дәріптеледі (Забур 17, 96, 137). Ал тағы басқаларында ол жапа шеккендерді азат ететін және зұлымдарды жазаға тартатын әділ төреші ретінде сипатталады (Забур 10, 67, 145).
Ехоба өзін сүйетіндерге көмек пен жұбаныш береді. 22-ші Забур жырында Дәуіт Ехобаны қойларын жетелеп, қамқорлайтын ізгі Бағушы ретінде сипаттаған. Забур 64:3-те Ехоба Құдайдың өзіне сиынатындардың дұғаларын тыңдайтыны айтылған. 38-ші және 50-ші Забур жырлары ауыр күнә жасағандар үшін нағыз жұбаныш болып табылады. Бұл жырларда Дәуіт жасаған күнәларына шын өкінетінін және Ехобаның кешіріміне ие бола алатынын айтқан. Ал Забур 54:23-те жазылған сөздер Ехобаға сенім артып, бар уайымымызды соған тапсыруға шақырады.
Ехобаның Мәсіх Патшалығы арқылы төгетін баталары. Забур кітабының кейбір жырларында Мәсіхке, яғни уәде етілген Патшаға, тікелей қатысы бар пайғамбарлықтар жазылған. Мысалы, 2-ші Забур жырында бұл Патшаның өзіне қарсы шыққан зұлым халықтарды жоятыны айтылған. Ал 71-жырда оның аштық, әділетсіздік пен қысымшылық атаулыны жоятыны сөз етіледі. Забур 45:10-да Құдайдың Мәсіх Патшалығы арқылы соғысты, тіпті барлық қару-жарақты құртатыны айтылған. 36-шы Забур жырында зұлым адамдардың жойылатыны, ал әділдердің тыныштық пен татулық орнаған жерде мәңгі өмір сүретіні жазылған.
Забур жырларына негізделген.