Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Өжеттік пен даналықты бойына тоғыстырған жанқияр әйел

Өжеттік пен даналықты бойына тоғыстырған жанқияр әйел

1—3. а) Естердің патша тағына жақындап келе жатқан кезін суреттеп беріңіз. ә) Патша Естерді көргенде не істеді?

ЕСТЕР дүрс-дүрс соққан жүрегімен алысып, патша отырған таққа жақындап келеді. Сарайдың ішінде жым-жырт тыныштық орнаған. Тек Естердің басар-баспасы білінбес қадамының дыбысы, әшекей сыңғыры мен киімінің сыбдыры ғана естіледі. Зәулім сарайдың ою-өрнектерге толы қабырғалары, ливан қарағайларынан ойып жасалған төбесі мен биік-биік бағаналары Естердің назарына ілікпеді. Оның екі көзі тақта отырған патшада болды. Естердің өмірі енді сол кісінің қолында еді.

2 Қуанышқа орай, патша қолындағы алтын асатаяғын созды! Оның бұл қарапайым ишараты бір нәрсені айқын етті: ол Естердің шақырусыз келгенін кешіріп, оны өлімге кеспеді! Естер таққа жақындап келгенше, патша одан көз алмай қарап отырды. Естер оның қасына барды да, асатаяқтың басына қолын тигізді. Осылайша ол аман қалғаны үшін алғыс білдірсе керек (Ест. 5:1, 2).

Естер аман қалғаны үшін патшаға алғысын білдірді

3 Ахашверош патшаның сырт келбеті оның құдіретін, бақ-дәулетке ие екенін паш етіп тұрды. Сол замандағы парсы патшаларының киімдері бүгінгі ақшамен есептегенде жүздеген миллион долларға парапар. Естер осындай ұлылыққа кенелген күйеуінің жанарынан бір жылулықты байқағандай болды. Ахашверош оны өзінше жақсы көретін. Ол Естерге: “Иә, Естер патшайым, қандай мәселемен келдің? Қандай өтінішің бар? Тіпті патшалығымның жартысын сұрасаң да, саған беріледі!”— деді (Ест. 5:3).

4. Естерді қандай іс күтіп тұрды?

4 Естердің өз елін түптамырымен жойылып кетуден сақтау үшін басын қатерге тігіп, патшаның алдына келгенінің өзі оның қайсарлығы мен сенімін аян етеді. Оның осы әрекетінің түбі қайырлы болып, патша оған мейірімін түсірді. Дегенмен алда Естерді әлдеқайда қиын іс күтіп тұрды. Естер паң патшаға оның оң қолы болып жүрген кеңесшісінің айлаға барып, халқына өлім үкімін шығартқанын дәлелдеуі керек. Естер бұған патшаның көзін қалай жеткізбек? Біз оның сенімінен қандай үлгі аламыз?

Ол “сөйлейтін уақытты” күтті

5, 6. а) Естер Уағыздаушы 3:1, 7-дегі сөздерді қалай қолданды? ә) Күйеуімен сөйлескенде, Естердің даналығы қалай көрінді?

5 Естер патшаға бар мәселені бірден жайып салды ма? Бұлай етсе, өзгелердің алдында патшаның абыройы төгіліп, Хаманға да өзін ақтап алуға себеп табылар еді. Сонымен Естер не істеді? Бірнеше ғасыр бұрын дана патша Сүлеймен рухтың жетелеуімен: “Әр нәрсенің өз уақыты бар... үндемейтін уақыт, сөйлейтін уақыт”,— деп жазып кеткен (Уағ. 3:1, 7). Естер ағасы Мардохайдан осы сияқты сөздерді бала кезінен санасына тоқып өссе керек. Ол “сөйлейтін уақытты” мұқият таңдаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінген.

6 Естер патшаға былай деп тіл қатты: “Егер патша мақұл көрсе, бүгін өзіңізге арнап дайындаған қонақасыма Хаманмен бірге келсеңіз екен” (Ест. 5:4). Патша бұл ұсынысты мақұл көріп, Хаманмен бірге келетінін айтты. Естердің қандай ақылды екенін көрдіңіз бе? Ол өзгелердің алдында күйеуінің қадір-қасиетін түсірмей, көкейінде жүрген мәселесін әлдеқайда қолайлы уақытта айтуды шешті (Нақыл сөздер 10:19 оқыңыз).

7, 8. Естер бірінші берген қонақасына қалай дайындалды және неге ол мәселесін кейінге қалдырды?

7 Естер патшайым күйеуінің көңілінен шығу үшін қонақасына барын салып дайындалды. Қонақтар көтеріңкі көңіл күйде отырулары үшін дастарқанға ең сапалы шараптар қойылды (Зәб. 104:15). Көңілі шалқып, мәз-мейрам болып отырған Ахашверош Естерден қандай өтініші бар екенін сұрады. “Сөйлейтін уақыт” осы ма еді?

8 Естер олай деп ойламады. Ол патша мен Хаманды келесі күні де қонақасына шақырды (Ест. 5:7, 8). Неге Естер мәселесін кейінге қалдырды? Есімізде болса, патшаның жарлығы бойынша оның халқына жаппай қырылып кету қаупі төніп тұрды. Халқының өмірі қыл үстінде тұрғандықтан, Естер әрбір қадамын аңдап басып, мүлт кетпеуге тырысты. Ол оңтайлы уақытты күткендіктен, тағы бір қонақасын беруді шешіп, күйеуін қаншалықты құрмет тұтатынын көрсеткісі келді.

9. Шыдамдылық неліктен бағалы қасиет және бұл орайда Естерге қалай еліктей аламыз?

9 Шыдамдылық — көп адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиет. Өзегін үңгіп, ішін кеулеген уайымын патшаға айтып салғысы келсе де, Естер оңтайлы сәтті шыдаммен күтті. Шешімін табу керек мәселемен бәріміз де кезігіп жатамыз. Билігі бар адамға жүгініп, мәселемізді шешуді өтінгенде, сабырлық сақтайтын болсақ, Естердің үлгісіне еліктейміз. Нақыл сөздер 25:15-те: “Шыдамдылықпен басшыны көндіруге, жұмсақ тілмен сүйекті сындыруға болады”,— делінген. Естер сияқты қолайлы уақытты сабырмен күтіп, ойымызды жұмсақ тілмен жеткізсек, қатты қарсы болған адамның да жүрегін жібіте аламыз. Ал Ехоба шыдаммен әрі ақылмен әрекет еткен Естерді жарылқады ма?

Сабыр түбі сары алтын

10, 11. Қонақасынан шыққан Хаманның көңілі неге түсті және әйелі мен достары оған қандай кеңес берді?

10 Естердің шыдаммен әрекет еткені жағдайды өзге бағытта өрбітті. Патша мен патшайымның көрсеткен құрметіне масаттанған Хаман “қонақасынан қуанып, мәз-мейрам болып шықты”. Алайда қақпадан шыға бергенде, Мардохайды көріп, ашуға булықты (Ест. 5:9). Мардохай бұл жолы да оған басын имеген еді. Осы әрекетімен Мардохай оның намысын таптайын деген жоқ, бар қалағаны ар-ұжданын таза сақтап, Ехоба Құдайымен қарым-қатынасын бұзбау еді.

11 Хаман оның тағзым етпегеніне налып, үйіне өңі сынып келді де, бұл жайтты әйелі мен жора-жолдастарына айтып берді. Сонда олар Хаманның қолтығына су бүркіп, биіктігі 22 метр бөрене орнатуды, сосын патшаның рұқсатымен соған Мардохайды асып қоюды айтты. Бұл ой Хаманға жағып, ол бірден бөрене жасатуға бұйрық берді (Ест. 5:12—14).

12. Неге патша жылнама кітабын оқытты және нәтижесінде не анықталды?

12 Алайда Хаманның жоспарының күлі көкке ұшты. “Сол түні патшаның ұйқысы қашып”, қызметшілеріне мемлекетте орын алған жайттар баяндалған жылнама кітабын дауыстап оқытты. Оқу барысында кезінде Ахашверош патшаға қастандық жасалмақ болғаны аталып кетті. Бұл жағдайды патша әлі ұмыта қоймаған еді. Зымияндық жасамақ болғандар ұсталып, тиісті жазаларын алған болатын. Осы қастандықты әшкере еткен Мардохай ше? Ол бұл жақсылығы үшін қандай да бір сый-сыяпат алды ма? Ахашверош қызметшілерінен осы жайында сұрағанда, олар Мардохайдың еш марапатталмағанын айтты (Естер 6:1—3 оқыңыз).

13, 14. а) Хаман қалайша жеңіле бастады? ә) Әйелі мен достары Хаманға не деді?

13 Патша осы қателікті түзеуді кімге тапсыратынын ойлап, сарай қызметкерлерін іздестірді. Сөйтсе, сарайдың сыртқы ауласында Хаман тұр екен. Ол Мардохайды жазалауға рұқсат алу үшін таң атпай келсе керек. Бірақ ол аузын ашып үлгермей жатып, патша одан: “Патша құрмет көрсеткісі келген адамға не істелу керек?”— деп сұрады. Сонда Хаман өзі жайлы айтып тұр деп ойлап, оған мынадай ағыл-тегіл құрмет көрсетуді ұсынды: сол адамға патшаның сәнді киімі кигізілсін, беделді әміршілерінің бірі оны патшаның тұлпарына мінгізіп, Сузының көшелерімен алып өтсін, сондай-ақ көпшіліктің алдында оны дауыстап мадақтасын. Хаман патшаның құрмет көрсеткісі келген адамы Мардохай екенін білгенде, бал-бұл жайнап тұрған жүзі бірден сұрланып, тілі байланып қалды. Мардохайға құрмет көрсетіп, оны мадақтайтын беделді әмірші кім болмақ? Сол Хаманның өзі! (Ест. 6:4—10).

14 Хаман жаны жаратпай тұрса да, бұл тапсырманы орындауға мәжбүр болды. Сосын ол ызаланған бойда бірден үйіне қарай тартты. Әйелі мен достары бұл жайтты жамандыққа жорып, оның енді сол яһудидің алдында тізе бүгетінін айтты (Ест. 6:12, 13).

15. а) Естердің шыдамдылығы қандай нәтиже берді? ә) Неге Ехобаны шыдаммен күткен дұрыс?

15 Бұл тосын жағдай Естер өтінішін патшаға бірден айтпай, бір күн күткеннің арқасында орын алды. Хаман өз дәрежесін өзі түсірді. Патшаның ұйқысын қашырып, осы жағдайға араласқан Ехобаның өзі болса керек (Нақ. с. 21:1). Сондықтан да Киелі кітаптың бізді әрдайым “Құтқарушы Құдайды шыдаммен күтуге” шақыруы бекер емес (Миха 7:7 оқыңыз). Ехобаға сенім артып, ол әрекет ететін уақытты шыдаммен күтсек, Ехобаның мәселемізді бізден әлдеқайда дұрыс жолмен шешетінін көреміз.

Ол батыл сөйледі

16, 17. а) Естердің сөйлейтін уақыты қашан келді? ә) Естер мен Астиннің айырмашылығы неде?

16 Естер екінші қонақасында патшаның төзімін сынамай, оған бәрін айтып беруге бекінді. Патша одан: “Естер патшайым, қандай тілегің бар?”— деп сұрады (Ест. 7:2). Міне, енді сөйлейтін уақыт келді.

17 Бәлкім, Естер тілегін айтпас бұрын ішінен Құдайға қысқаша дұға етіп алған шығар. Сосын ол сөзін бастап: “Уа, патшам, егер ықыласыңызға ие болсам, егер патшам мақұл көрсе, тілегім — жаным аман қалса екен, өтінішім — халқым қырылмаса екен”,— деді (Ест. 7:3). Естердің сөздерінен патшаның нені мақұл көріп, нені мақұл көрмейтініне қатысты шешімін құрметтейтіні байқалды. Ол күйеуінің төрдегі басын есікке сүйреген патшаның бұрынғы әйелі Астинге мүлдем ұқсамайтын (Ест. 1:10—12). Естер күйеуінің қу Хаманға сеніп жүргенін де бетіне баспады. Ол бар болғаны патшадан өзін төніп тұрған қауіптен қорғауды өтінді.

18. Естер патшаға тілегін қалай жеткізді?

18 Естердің не дегенін естігенде, патшаның төбесіне жай түскендей болды. Теңдесі жоқ ұлы патшаның патшайымына қауіп төндіруге кімнің дәті барды екен? Естер сөзін жалғап: “Мен де, халқым да қырылып-жойылуға сатылдық. Егер жай ғана құл-күңдікке сатылған болсақ, үндемес едім. Алайда бұл апатқа жол берілмеу керек, әйтпесе бұның патшаға да залалы тиеді”,— деді (Ест. 7:4). Назар аударыңызшы, Естер еш нәрсені бүкпей, бәрін ашық айтты. Ол халқының құл-күңдікке сатылып кетсе бір жөн екенін, алайда түгел бір ұлттың жер бетінен жоқ болып кетейін деп жатқанын ескертті. Бұл патшаның өзіне де залал келтіретіндіктен, Естер үндемей қала алмады.

19. Өзгенің көзін жеткізуде Естерден не үйренеміз?

19 Естер өз сөздерінің дұрыстығына патшаның көзін жеткізе алды. Біз де жақынымызбен не билігі бар адаммен өзекті бір мәселені талқылағанда, сабыр сақтап, құрмет танытып, ашық сөйлессек, жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз (Нақ. с. 16:21, 23).

20, 21. а) Естер Хаманды қалай әшкереледі, ал патша не істеді? ә) Бетпердесі ашылғанда, Хаман не істеді?

20 Ахашверош: “Ол кім өзі? Мұндай іске дәті барған кісі қайда?”— деп сұрады. Естер Хаманды саусағымен көрсетіп: “Сол қас жау әрі дұшпан — мына залым Хаман”,— деді. Сонда Хаман селк етіп, қатты қорыққаннан қызарып-сазарып кетті. Ахашвероштың сол кезде қабағы түйіліп, жүзі түнеріп, қатты ашудан қарайып кеткенін елестетіңізші. Осы уақытқа дейін сеніп келген кеңесшісінің сүйікті де асыл жарына айлакерлікпен өлім үкімін шығартқаны үшін оның зығырданы қайнады! Ашуға булыққан патша қаһарын баса алмай, баққа шығып кетті (Ест. 7:5—7).

Естер Хаманның зұлым істерін батыл әшкереледі

21 Бетпердесі ашылғанда, Хаман патшайымның аяғына жығыла кетті. Ахашверош бөлмеге қайта кіргенде, сәкіде жантайған Естердің алдында Хаманның жығылып жатқанын көріп: “Енді патшайымды өз сарайымда зорламақсың ба?”— деп, одан бетер қаһарланды. Бұл сөздер Хаманға шығарылған өлім жазасындай естілді. Сонда сарай қызметкерлері жетіп келіп, оның бетін бүркеп, сыртқа алып кетті. Қызметкерлердің бірі патшаға Хаманның Мардохайды асып қою үшін биік бөрене тұрғызғанын айтты. Сонда Ахашверош сол бөренеге Хаманның өзін ілуді бұйырды (Ест. 7:8—10).

22. Үміт үзбеу, түңілмеу, сенімді әлсіретпеуге қатысты Естерден қандай үлгі аламыз?

22 Кейде біз мына әділетсіз заманға қарап, бұл әлемде ешқашан әділдік орнамайды деп ойлайтын шығармыз. Бірақ Естердің ешқашан үміт үзбегенін, өмірден түңіліп кетпегенін және сенімінің әлсіреуіне жол бермегенін ұмытпайық. Оңтайлы уақыт туғанда, ол әділдік үшін батыл сөйледі, ал қалған істі Ехобаның қолына тапсырды. Біз де Естерді өнеге етіп, дәл осылай әрекет етейік. Ехоба Естердің күндерінде қандай болған болса, бүгінде де дәл сондай. Ол өзгерген жоқ. Хаманның жағдайындағыдай, ол әлі де зұлым да зымиян адамдардың жамандықтарын өз бастарына келтіре алады (Зәбүр 7:11—16 оқыңыз).

Ол Ехоба Құдайы мен халқы үшін жанын аямады

23. а) Патша Мардохай мен Естерді қалай марапаттады? ә) Жақыптың Бенияминге қатысты өлер алдында айтқан пайғамбарлығы қалай орындалды? (“ Орындалған пайғамбарлық” деген қоршауды қараңыз.)

23 Ақырында патша Мардохайдың өзін өлімнен құтқарып қалған кісі ғана емес, Естерді асырап алған ағасы екенін де білді. Ахашверош оны Хаманның орнына оң қолы етіп тағайындады. Ал Хаманның бар меншігін Естерге тапсырды. Естер болса мұны Мардохайдың еншісіне берді (Ест. 8:1, 2).

24, 25. а) Неге Хаманды әшкере еткеннен кейін де Естер тыншымады? ә) Естер тағы қалай жанқиярлық танытты?

24 Естер өзінің және Мардохайдың жанын аман алып қалғанын қанағат тұтты ма? Ол бұлай ететіндей өзімшіл емес еді. Сол уақытта шабармандар яһудилерге шығарылған үкімді Персия империясының түкпір-түкпіріне жариялап жатты. Хаман зымиян пиғылын жүзеге асыруға оңтайлы уақытты белгілеу үшін “пур”, яғни жеребе, тастаған болатын. Сол заманда пур тастау сиқырлықтың бір түрі болса керек (Ест. 9:24—26). Хаман белгілеп кеткен күнге дейін бірнеше ай бар болса да, бұл қол қусырып отыратын уақыт емес еді. Төнген апаттың алдын алу мүмкін бе?

25 Естер тағы да басын қатерге тігіп, патшаның алдына шақырусыз барды. Бұл жолы ол патшадан шығарылған жарлықтың күшін жоюды сұрап, халқын аман алып қалуды жалбарына өтінді. Алайда парсылардың заңы бойынша, Персия патшасының атымен шығарылған жарлықты жою мүмкін емес еді (Дан. 6:12, 15). Сонда Ахашверош Естер мен Мардохайға жаңа жарлық шығаруға рұқсат етті. Сөйтіп, бұл жаңа жарлық яһудилерге өз жандары үшін күресіп, қорғануға құзыр берді. Шабармандар бұл жақсы хабарды елдің шартарабына лезде-ақ жеткізді. Яһуди халқының жүрегінде үміт оты қайта жанды (Ест. 8:3—16). Олар шығарылған жаңа заңнан қуат алып, қару-жарақ асынып, қорғануға сақадай сай тұрды. Бәрінен де маңыздысы, бұл халыққа Әскербасы Ехоба жар болды (Сам. 1-ж. 17:45).

Естер мен Мардохай Персия империясындағы яһудилерге қорғану туралы жарлық шығарды

26, 27. а) Ехоба өз халқына қандай ұлы жеңіс сыйлады? ә) Хаманның ұлдары жойылғанда, қандай пайғамбарлық орындалды?

26 Белгіленген күн келгенде, Құдай халқы толықтай даяр болды. Мардохайдың патшадан кейінгі екінші адам болғаны бүкіл империяға желдей тез тарап, Персия мемлекетінің көптеген қызметкерлері яһудилердің жағына шықты. Ехоба өзінің халқына ұлы жеңіс сыйлады. Ол халқын жауларынан қорғап, енді қайтып оларға қиянат жасалмайтындай етті (Ест. 9:1—6) *.

27 Зұлым Хаманның он баласы тірі жүргенде, Мардохай олардың үйіне емін-еркін, қауіпсіз басшылық ете алмас еді. Сондықтан олар да өлімге кесілді (Ест. 9:7—10). Осылайша Киелі кітаптағы Құдайдың амалектіктерге қатысты айтқан пайғамбарлығы жүзеге асты. Кезінде Ехоба исраилдіктерге жер бетінен бұл халықтың атын өшіруді бұйырған болатын (Мұс. 5-ж. 25:17—19). Хаманның ұлдары Құдайдың қарғысына ұшыраған сол халықтың соңғы ұрпағы болса керек.

28, 29. а) Неліктен Құдайдың ниеті жүзеге асу үшін Естер мен оның халқы соғысқа қатысу керек еді? ә) Естердің үлгісі бүгінде бізге қалай көмектеседі?

28 Нәзік жанды әйел болса да, Естер шайқасқа және жауларды жазалауға қатысты жарлықтар шығарып, күрделі істерді атқарды. Бүкіл халық үшін жауапкершілік алу оңай болмағаны анық. Ехоба Исраил халқын жер бетінен қырылып кетуден сақтады, себебі осы халықтан бүкіл адамзатты құтқаратын Мәсіх шығу керек еді (Мұс. 1-ж. 22:18). Алайда Мәсіх жер бетіне келгенде, ізбасарларына қолға қару алып соғысуға тыйым салды. Құдайдың бүгіндегі қызметшілері де осы нұсқауға мойынсұнады (Мат. 26:52).

29 Дегенмен біз рухани соғысқа қатысудамыз. Өйткені жауымыз Шайтан Ехоба Құдайға деген сенімімізді ойран еткісі келеді (Қорынттықтарға 2-хат 10:3, 4 оқыңыз). Естердің мысалын білгеніміздің біз үшін зор пайдасы бар! Біз де Естер сияқты өзгелердің көзін жеткізуде дана әрі шыдамды болу арқылы және Құдай халқын батыл әрі жанқиярлықпен қорғау арқылы сенімімізді паш етейік!

^ 26-абзац Яһудилер жауларын біржола жеңу үшін патша оларға тағы бір күн берді (Ест. 9:12—14). Күні бүгінге дейін яһудилер жыл сайын адар айында (ақпанның соңынан наурыз айының басына дейін) осы жеңіс күнін естеріне алып, атап өтеді. Бұл мейрам “пурим” деп, Хаман исраилдіктерді жою үшін тастаған жеребенің атымен аталады.