Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҮШІНШІ ТАРАУ

“Сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің түп атасы”

“Сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің түп атасы”

1, 2. Нұхтың заманынан бері дүниедегі жағдай қалайша өзгерді және Ыбырам бұған қалай қарады?

ЫБЫРАМ туған қаласы Урда мен мұндалап тұрған мұнараға көз тастады *. Мұнараның төбесінен будақтап түтін шығып, у-шу дауыстар естіліп жатты. Бұл ай құдайына құрбандық шалып жатқан абыздар болатын. Ыбырам мұны көргенде, кері бұрылып, басын шайқап кетіп бара жатты. Көшеде қаумалаған жұрт арасымен кетіп бара жатып, ол Урда пұтқа табынушылықтың белең алғаны жайлы ойланса керек. Нұхтың заманынан бері жалған тәңірге табынушылық қаншалықты кең тарап кетті десеңізші!

2 Ыбырам туылардан екі жыл бұрын Нұх дүниеден өткен. Жер бетін басқан Топан судан аман қалған Нұх отбасымен бірге кемеден шығып, Ехоба Құдайға құрбандық шалған еді. Ал Ехоба бұлт арасынан кемпірқосақ шығарған (Мұс. 1-ж. 8:20; 9:12—14). Сол уақытта адамдар шынайы Құдайға ғана ғибадат ететін. Ал енді Нұхтың оныншы ұрпағының арасында шынайы Құдайға ғибадат етушілер жоқтың қасы. Қайда барсаң да, жалған тәңірге құлшылық ететін адамдар кезігеді. Тіпті Ыбырамның әкесі Тарах та пұтқа табынған. Ол пұт мүсіндерін жасаумен айналысқанға ұқсайды (Ешуа 24:2).

Ыбырам берік сенімге қалай қол жеткізді?

3. Ыбырам қандай қасиетімен ерекшеленді және біз бұдан не нәрсеге үйренеміз?

3 Ыбырам көпшілікке ілеспеді. Жылдар өткен сайын ол өзінің берік сенімімен ерекшелене түсті. Рухтың жетелеуімен елші Пауыл оны “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы” деп атаған (Римдіктерге 4:11 оқыңыз). Қазір Ыбырамның осындай сипаттамаға қалай лайық болғаны жайлы қарастырайық, сонда біз де сенімімізді нығайта аламыз.

Топан судан кейінгі уақытта қызмет ету

4, 5. Ыбырам Ехоба жайлы қайдан білген болуы мүмкін және бұлай деуге қандай негіз бар?

4 Ыбырам Ехоба Құдай жайлы қайдан білді? Сол заманда да Ехобаның адал қызметшілері өмір сүрген. Олардың бірі — Шам. Ол үйдің тұңғышы болмаса да, Киелі кітапта Нұхтың ұлдарының есімдері аталғанда, Шам әрдайым бірінші аталады *. Себебі Шам сенімі берік адам болған. Топан судан кейін бірнеше жыл өткен соң, Нұх Ехобаны “Шамның Құдайы” деп атаған (Мұс. 1-ж. 9:26). Шам Ехоба Құдайды қастер тұтып, шынайы ғибадатты бағалайтын адам болған.

5 Ыбырам Шаммен кездескен болуы әбден мүмкін. Көз алдыңызға Ыбырамның бала кезін елестетіп көріңізші. Адамзат тарихының төрт ғасырын басынан өткерген арғы атасы бар екенін білгенде, ол қатты қуанса керек! Шам Топан суға дейінгі зұлымдыққа батқан дүниені, жер бетін жамандықтан тазартқан Топан суды, халықтар мен ұлттардың қалыптасуын өз көзімен көрген. Сондай-ақ ол Бабыл мұнарасында Нымрод шығарған бүліктің куәсі болған. Алайда ол Ехобаға қарсы шығарылған бүліктен бойын аулақ ұстаған. Ехоба мұнараны соғып жатқандардың тілдерін шатастырып жібергенде, Шам мен оның отбасы әрі қарай да адамзаттың бастапқы тілінде, Нұх сөйлеген тілде, сөйлей берген. Бұл отбасының ішінде Ыбырам да болған. Осы жағдайлардан кейін Ыбырамның Шамды үлгі тұтып өскенінде күмән жоқ. Шам Ыбырам бірталай жасқа келгенше өмір сүрді. Сондықтан Ыбырам Ехоба жайлы шындықты Шамнан білген дей аламыз.

Ыбырам Урда белең алған пұтқа табынушылықтан бас тартты

6. а) Неге Ыбырам Топан су туралы оқиғадан көп сабақ алды дей аламыз? ә) Ыбырам мен Сарай қалай өмір сүрді?

6 Қалай болған күнде де, Ыбырам Топан су жайлы оқиғадан көп сабақ алған. Ол Нұх сияқты Құдайдың жолымен жүруге барынша күш салған. Ыбырам Ур тұрғындарының, бәлкім өз үй ішіндегілерінің де пұтқа табынғандарына қарамастан, Ехоба Құдайға адал болып қалған. Кейіннен Ыбырам өзіне Сарай деген керемет жар тапты. Ол Ехобаға деген берік сенімімен ерекшеленген ақылына көркі сай әйел еді *. Бұл жұп бала сүймесе де, Ехобаға бірге қызмет етуден зор қуаныш тапқан. Олар Ыбырамның жетім қалған немере інісі Лұтты өз қамқорлықтарына алды.

7. Неге Исаның ізбасарлары Ыбырамның үлгісіне еліктеу керек?

7 Ыбырам Урдағы пұтқа табынушылыққа араласып, Ехобадан бас тартып кетпеді. Ол Сарай екеуі жалған тәңірге табынатын халықтан ерекшеленуден қорықпады. Шынайы сенім дамытқысы келетін әркім Ыбырам мен Сарай сияқты, көпшіліктен ерекшеленуден қорықпауы керек. Иса өз ізбасарларының “осы дүниелік емес” екендіктері үшін дүние оларды жек көретінін айтқан (Жохан 15:19 оқыңыз). Ехобаға ғибадат ететініңіз үшін отбасыңыз не басқа адамдар сізден теріс айналып, содан еңсеңіз түсіп жүрген болса, мынаны есте ұстаңыз: сіз жалғыз емессіз. Себебі сіз Ыбырам мен Сарай сияқты, Құдай жолымен жүретін адамдардың қатарындасыз.

“Жеріңді, туған-туысыңды қалдыр”

8, 9. а) Ыбырамның өмірінде қандай жайт орын алды? ә) Ехоба Ыбырамға қандай хабар айтты?

8 Бір күні Ыбырамның өмірінде ұмытылмас бір жайт орын алды: ол Ехоба Құдайдан хабар алды! Киелі кітапта мұның нақты қалай болғаны айтылмаған. Бірақ онда “даңққа бөленген Құдайдың” сол адал адамға көрінгені жазылған (Елшілердің істері 7:2, 3 оқыңыз). Бәлкім, Ыбырамға періште келіп, Әлемнің Әміршісінің ғаламат даңқының бір ұшқынын ғана көрсеткен болуы мүмкін. Сонда замандастары табынатын жансыз пұттар мен тірі Құдайдың айырмашылығы жер мен көктей екенін көріп, Ыбырамның бойын ерекше бір қастерлі сезім билесе керек!

9 Ехоба Ыбырамға қандай хабар айтты? Ол: “Жеріңді, туған-туысыңды қалдырып, мен көрсететін елге бар”,— деді. Ехоба оған нақты қай елге бару керектігін айтпай, жай ғана оны көрсетуді уәде етті. Бұл үшін Ыбырамға туған жері мен туыстарын тастап кету керек болды. Таяу Шығыста адамдар отбасы үшін жанын беруге дайын болған. Туған-туысын тастап, жат елге көшу адам басына түсуі мүмкін ең үлкен қасірет деп қарастырылған. Мұндай айырылысу тіпті адам өлімінен бетер ауыр болған!

10. Неліктен Ыбырам мен Сарайға Урдағы үйлерін тастап кету оңай болмады?

10 Туған жерді тастап кету Ыбырамға оңайға соқпады. Ур қаласы халқы көп, бай қала болған. ( “Ыбырам мен Сарай тастап кеткен қала” деген қоршауды қараңыз.) Археологтар ежелгі Ур қаласында өте жайлы үйлер болғанын анықтады. Кейбір үйлерде отбасы мүшелері мен қызметшілерге арналған он не одан да көп бөлме болған. Бұл бөлмелер ішкі ауланы айналдыра соғылатын. Ал ішкі аулаларға әдетте тас төселетін. Әр үйде субұрқақтар, әжетхана мен лас су ағатын кәріз болған. Ыбырам мен Сарайдың өздері болса көшіп-қонып жүретін жаста емес еді. Ол кезде Ыбырам 70, ал Сарай 60 жаста болса керек. Әрбір сүюші отағасы сияқты, Ыбырам да аяулы жарының жайлы өмір кешіп, еш нәрседен мұқтаждық көрмегенін қалаған. Тапсырма алғаннан кейін олардың бірге отырып, көкейлерінде туған сұрақтарын талқылап, бір-біріне уайымдарын айтып жатқанын елестетіп көріңізші. Сарай елді тастап, көшуге келіскенде, Ыбырам бұған шексіз риза болған. Сарай да күйеуі сияқты, жайлы өмірді тастап кетуге дайын болды.

11, 12. а) Урдан кетпес бұрын қандай дайындықтар жүргізу керек болды? ә) Сапарға аттанар күнгі жағдайды сипаттап беріңіз.

11 Ыбырам мен Сарай Құдайдың хабарына құлақ асып, ұзақ сапарға қамданды. Оларға заттарын жинау және көп нәрсені жоспарлау қажет еді. Белгісіз жаққа бет алғандықтан, екеуіне нені алып, нені қалдырып кетуді шешу оңай болмаса керек. Бұдан да маңыздысы, олар ет жақын туыстарын, әсіресе егде тартқан әкелері Тарахты уайымдады. Ыбырам мен Сарай Тарахты бірге алып жүріп, оған көз жұмғанынша қамқорлық етуді шешті. Тарах олармен бірге жүруге келіскен көрінеді, себебі Жазбаларда оның рубасы ретінде үй ішіндегілерін Урдан бастап шыққаны жазылған. Оның пұтқа табынуды қойғанында күмән жоқ. Сапарға аттанғалы жатқандардың қатарында Ыбырамның немере інісі Лұт та болды (Мұс. 1-ж. 11:31).

12 Міне, жолға шығатын күн де келіп жетті. Таңертең Ур қаласының қақпасының алдында тізбектелген керуенді көз алдыңызға елестетіп көріңізші: жүк тиелген түйелер мен есектер, ірілі-ұсақты мал және көшуге дайын тұрған отбасы мүшелері мен қызметшілер *. Барлығы да Ыбырамға көз салып, оның жүруге белгі беруін күтіп тұрса керек. Ақыры керуен орнынан жылжып, Урды мәңгіге артта қалдырды.

13. Ехобаның бүгіндегі қызметшілері Ыбырам мен Сарайға қалай еліктеуде?

13 Бүгінде Патшалықтың жариялаушылары жетіспейтін жаққа көшіп жатқан Ехобаның қызметшілері көп. Олардың кейбірі өзге тілді үйреніп, сол тілде уағыздайды. Өзгелері бұрын-соңды атқармаған қызмет түрін атқаруды шешіп, көп күш салып жатыр. Мұндай шешімдер ыңғайлы өмірден бас тартып, құрбандықтарға баруды талап етеді. Ыбырам мен Сарайдың сенімін үлгі еткен бұл бауырластар мақтауға тұрарлық! Біздің де сеніміміз осындай болса, Ехоба қарымтамызды еселеп қайтарады. Ол сенімі берік қызметшісін ешқашан сыйсыз қалдырмайды (Евр. 6:10; 11:6). Ал Ыбырам өз сыйын алды ма?

Евфраттан өту

14, 15. Урдан Харанға дейінгі сапар қандай болды және неге Ыбырам Харанда біраз уақыт тұрақтауды шешті?

14 Керуенмен ұзақ жол жүру үйреншікті жайтқа айналды. Ыбырам мен Сарай бірде жаяу жүрсе, бірде түйенің үстінде отырып әңгімелеседі. Екеуінің дауыстары түйелердің ноқтасына байланған қоңыраушалардың сыңғырымен үндесіп келеді. Бұрын-соңды мұндай сапарға шығып көрмеген олар енді көшті басқарудың, шатыр тігіп, оны қайта жинаудың қас шебері болып алды. Көш жиналған сайын олар қарт Тарахтың түйеге не есекке мініп, ыңғайлы отыруын да қадағалап жүрді. Олар солтүстік-батысқа қарай бет алып, Евфрат өзенін бойлай жүрмек. Осылай күндер апталарға созылып, бір көрініс екінші көрініске ұласып жатты.

15 Шамамен 1000 шақырым жүріп өткен соң, олар пішіні араның ұяларына ұқсайтын үйлері бар шаһарды көрді. Бұл шығыстан батысқа созылатын сауда жолдарында орналасқан, өркендеп жатқан Харан қаласы еді. Керуен сол жерге жетіп тоқтап, біраз уақытқа тұрақтады. Бәлкім, бұның себебі Тарахтың жол ауыртпалығын бұдан артық көтере алмағандығында болар.

16, 17. а) Қандай келісім Ыбырамға қанат бітірді? ә) Ехоба Ыбырамды Харанда болған кезінде қалай жарылқады?

16 Тарах 205 жасқа келіп қайтыс болды (Мұс. 1-ж. 11:32). Әкесінен айырылып, қабырғасы қайысқан Ыбырамға Ехоба Құдай қайтадан көрінгенде, ол зор жұбаныш тапса керек. Ехоба оған Урда айтқандарын есіне салды, әрі ниетінің басқа да қырларын ашты: Ыбырамнан “ұлы халық” тарап, ол арқылы жер бетіндегі барлық халықтар Құдайдың батасына кенелмек еді (Мұсаның 1-жазбасы 12:2, 3 оқыңыз). Құдаймен жасасқан бұл келісім Ыбырамға қанат бітіріп, сапарын жалғастыруға жаңа серпін берді.

17 Бұл жолы сапарға шығарда жинайтын нәрсе көп болды, себебі Ехоба Ыбырамды Харан қаласында молынан жарылқады. Киелі жазбаларда Ыбырамның “жиған-терген мал-мүлкі мен Харанда иемденген қызметшілерін алып” шыққаны жазылған (Мұс. 1-ж. 12:5). Бұл түсінікті де, себебі Ыбырамнан ұлы халық тарау үшін оған бақ-дәулет пен қызметшілер қажет еді. Ехоба өзінің адал қызметшілеріне әрдайым байлық бермейді, дегенмен өз ниетін іске асыру үшін оларға қажеттінің бәрін береді. Содан Ыбырам керуенді тағы бір сапарға бастап кетті.

Урдағы жайлы өмірді тастап шыққан Ыбырам мен Сарайды қиындықтар күтіп тұрды

18. а) Құдай халқының тарихындағы елеулі оқиға қашан орын алды? ә) Кейінгі жылдары 14 нисанда қандай оқиғалар болды? (“ Құдай халқының тарихындағы маңызды күн” деген қоршауды қараңыз.)

18 Бірнеше күннен кейін Хараннан шыққан керуен Кархемиске келіп, Евфрат өзенін кесіп өтті. Бәлкім, Құдай халқының тарихындағы елеулі оқиға дәл осы жерде орын алса керек. Бұл б. з. б. 1943 жылдың кейінірек нисан деп аталған айының 14-інші жұлдызы еді (Мұс. 2-ж. 12:40—43). Сол күннен бастап Құдайдың Ыбыраммен жасасқан келісімі күшіне енді. Ал Ехоба Ыбырамға көрсетпек болған жер оңтүстікте жатты.

19. Ехоба Ыбырамға не жайлы уәде етті және бұл Ыбырамның есіне нені салса керек?

19 Керуен оңтүстікке қарай бет алып, үлкен ағаштар өсетін Море деген жердің жанындағы Сихемге келіп жетті. Бұл жерде Құдай Ыбырамға тағы да сөзін арнады. Ол Ыбырамнан ұрпақ шығып, сол ұрпақтың уәде етілген жерді иемденетінін айтты. Сонда Ыбырам Ехобаның Едемде айтқан уәдесі жайлы, атап айтқанда, адамзатты құтқаратын “ұрпақ” келетіні жайлы ойлаған шығар (Мұс. 1-ж. 3:15; 12:7). Осылайша ол Ехобаның ниетінің орындалуында өзінің қандай да бір рөл атқаратынын түсіне бастаса керек.

20. Ыбырам Ехобаның зор мәртебеге бөлегеніне ризашылығын қалай білдірді?

20 Ехобаның осылайша зор мәртебеге бөлегені үшін Ыбырам оған ризашылық білдіргісі келді. Ол қанахандықтардың жерімен сақтықпен өтіп, үлкен ағаштар өсетін Моренің маңында құрбандық орнын жасады. Ал екінші құрбандық орнын Бетелдің маңындағы жерде тұрғызды. Болашақ ұрпағы жайлы ой жүгірткен Ыбырам Ехобаның атын атап шақырып, дұғада оған зор алғысын білдірсе керек. Сондай-ақ ол айналасындағы қанахандықтарға Ехоба жайлы айтқан болуы да мүмкін (Мұсаның 1-жазбасы 12:7, 8 оқыңыз). Әрине, алдағы уақытта Ыбырамның сенімі әлі талай сыналмақ еді. Бірақ ол Урда қалдырған үйі мен жайлы өмірін аңсап, артқа жалтақтамады. Қайта, бар назарын Ехобаның уәдесіне аударды. Еврейлерге 11:10-да: “[Ыбырам] сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті”,— делінген.

21. Ыбырамға қарағанда біз Құдай Патшалығы жайлы не білеміз және сіз не істеуге бел будыңыз?

21 Ехобаның бүгінгі таңдағы қызметшілері сол бейнелі қала Құдай Патшалығы жайлы Ыбырамға қарағанда көбірек біледі. Біз Құдай Патшалығының қазір көкте билік етіп жатқанын әрі жуырда осы зұлым дүниенің тамырына балта шабатынын білеміз. Сондай-ақ Ыбырамға уәде етілген ұрпақтың Иса Мәсіх екенін әрі ол Құдай Патшалығының патшасы екенін де білеміз. Болашақта қайта тірілген Ыбырайыммен қауышатын уақыт неткен қуанышты сәт болмақ! Кезінде бұлыңғыр болып көрінген Құдайдың ниетін толық әрі анық түсінгенде, Ыбырайымды қандай сезім билейтінін елестетіп көріңізші. Сіз де Ехобаның барлық уәделерінің орындалғанын өз көзіңізбен көргіңіз келе ме? Олай болса, әрі қарай да Ыбырамнан үлгі ала беріңіз. Жанқияр, мойынсұнғыш болып, Ехобаға қызмет ету мәртебесі үшін дұғада ризашылық білдіріңіз. Ыбырамның сенімін үлгі етер болсақ, “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің түп атасы” біздің де түп атамызға айналмақ!

^ 1-абзац Бірнеше жыл өткен соң Құдай Ыбырамның атын Ыбырайым, яғни “көптің атасы” деп өзгертті (Мұс. 1-ж. 17:5).

^ 4-абзац Сол сияқты Ыбырам да Тарахтың тұңғыш ұлы болмаған. Бірақ бауырларының ішінен оның есімі үнемі бірінші аталады.

^ 6-абзац Кейінірек Құдай Сарайдың есімін Сара деп, яғни “ханшайым” деп өзгертті (Мұс. 1-ж. 17:15).

^ 12-абзац Кейбір ғалымдар Ыбырамның уағында адамдардың түйелерді үй жануарындай ұстағанына күмән келтіреді. Алайда бұлай деп күмәндануға еш негіз жоқ. Киелі кітапта Ыбырамның иелігінің арасында түйелердің де болғаны жайлы бірнеше рет сөз етіледі (Мұс. 1-ж. 12:16; 24:35).