Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Ол “Ехобаның алдында өсіп, ержете берді”

Ол “Ехобаның алдында өсіп, ержете берді”

1, 2. Самуилдің алдына жиналған халықтың жағдайы қандай болды және неге оларға өкіну қажет еді?

ҒЫЛҒАЛҒА қалың жұрт жиналып, Самуил пайғамбардың алдында тұрды. Олар ондаған жыл бойы би болып адал қызмет етіп келетін осы пайғамбардың нұсқауымен жиналған еді. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша мамыр не маусым айы, яғни құрғақшылық кезі болатын. Егістіктерде алтын бидай жайқалып, жинауға дайын тұрған еді. Халық Самуилдің алдында үн-түнсіз тұрды. Самуилдің айтқалы жатқан сөздері олардың жүректеріне әсер етер ме екен?

2 Халық өздерінің қаншалықты мүшкіл күйде екендерін түсінбеді. Олар араларынан патша тағайындалуын талап етті. Осы әрекеттерімен олар Құдайлары Ехобаны да, оның пайғамбарын да қорлап тұрғандарын ұқпады. Былайша айтқанда, олар Патшалары Ехобадан бас тартып тұрған еді! Халық бұл ісіне өкіну үшін Самуил не істей алады?

Кішкентай Самуил жаман ортаның әсеріне берілмей, Ехобаға адалдық сақтауымен жақсы үлгі қалдырды

3, 4. а) Неге Самуил балалық шағы жайлы айтты? ә) Неліктен бүгінде Самуилдің сенімін үлгі ету маңызды?

3 Самуил: “Мен қартайдым, басымды қырау шалды”,— деп сөзін бастады. Оның ағарған шашы бұл сөздеріне салмақ қосып тұрды. Самуил сөзін жалғап: “Мен жастайымнан Құдайға қызмет етіп, сендерді басқарып келдім”,— деді (Сам. 1-ж. 11:14, 15; 12:2). Арада қанша жыл өтсе де, Самуил жастық шағын ұмытпады. Оның бала кезі кешегі күндей есінде еді. Жас кезінде дұрыс шешімдер қабылдағанының арқасында ол Ехоба Құдайына шын беріліп өмір сүріп, сенім жолынан таймады.

4 Самуил түзу жолдан тайып кеткен, сенімнен ада халықтың арасында өмір сүрсе де, Құдайға деген сенімін нығайтып, адал болып қалды. Бүгінгі күні бізге де сенімнен жұрдай, өнегесіз адамдардың арасында адалдық сақтап өмір сүру оңай емес (Лұқа 18:8 оқыңыз). Қазір Самуилдің балалық шағына оралып, оның бізге үлгі боларлық қырларына тоқталып өтейік.

Жас Самуил Ехобаға қызмет етіп жүрді

5, 6. Самуилдің балалық шағы несімен ерекше болды және неге ата-анасы ұлдарының қараусыз қалмайтынына сенімді болды?

5 Самуилдің балалық шағы өзге балалардікінен ерекше болды. Емшектен шығарылғаннан кейін, шамамен үш жас не одан үлкенірек кезінде, ата-анасы оны Шилодағы Ехобаның киелі шатырына апарды. Шило оның туған қаласы Рамақтан 30 шақырымдай жерде орналасқан еді. Елқана мен Ханна ұлдары Самуилді Ехобаның алдында ерекше қызмет түрін атқаруға бағыштады: Самуил өмірінің соңына дейін назир болмақ еді *. Ата-анасы аузынан сүті кеппеген Самуилді ғибадатханаға тастап кетіп, безбүйректік танытты деуге бола ма?

6 Мүлдем олай емес! Олар Шилода балаларына қамқорлық көрсетілетінін білді. Самуил бас діни қызметкер Елидің қасында жүріп қызмет ететіндіктен, Ели оны қанатының астына алды. Бұған қоса, ғибадатханада түрлі қызмет атқаратын әйелдер де оған көз қырын салып жүрсе керек (Мұс. 2-ж. 38:8; Би. 11:34—40).

7, 8. а) Ханна мен Елқана жыл сайын Самуилге келгенде не істейтін? ә) Елқана мен Ханна ата-аналарға қандай үлгі қалдырды?

7 Оның үстіне, Ханна мен Елқананың Құдайдан тілеп алған тұңғыш ұлдарын ұмытып кетулері мүмкін емес еді. Ханна кезінде бұл баланы Құдайдан жалбарынып сұрап, оны қасиетті қызмет атқаруға бағыштайтынын уәде еткен болатын. Ол киелі шатырға жыл сайын келіп, Самуилге қызмет атқарғанда киетін жеңсіз көйлек беріп кететін. Балақай Самуил аяулы анасымен қауышатын бұл сәттерді қатты бағаласа керек. Ата-анасы келген сайын оған қолдау көрсетіп, ақылдарын айтып, осы бір ерекше жерде Ехобаға қызмет етудің үлкен мәртебе екенін есіне салып отырғанында күмән жоқ.

8 Бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың Ханна мен Елқанадан үйренері көп. Ата-аналардың көбісі балаларының киімдері мен тамақтарын ғана ойлап, рухани қажеттіліктерін ысырып қойып жатады. Ал Ханна мен Елқана ең алдымен ұлдарының рухани күйін ойлады. Бұл Самуилдің жақсы адам болып ержетуіне көп ықпалын тигізді (Нақыл сөздер 22:6 оқыңыз).

9, 10. а) Киелі шатыр қандай болды және сонда қызмет ететін Самуил не сезінді? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Самуилдің міндетіне не кірді және ол жастарға қандай үлгі қалдырды?

9 Өсіп қалған жеткіншек Самуилді елестетіп көрейікші. Ол Шилоның маңайындағы қырларда серуендеп жүріп, төменде жатқан қалаға, жанындағы созылып жатқан аңғарға көз тастап қояды. Ал Ехобаның ғибадатханасын көргенде, оның жүрегін ерекше бір қуаныш пен мақтаныш сезімі кернейді *. Бұл расында да киелі жер еді! Мұсаның басшылығымен шамамен 400 жыл бұрын тұрғызылған бұл ғибадатхана дүниежүзі бойынша шынайы ғибадаттың жалғыз орталығы болып табылатын.

10 Жас Самуил киелі шатырды жақсы көріп өсті. Кейінірек өзі жазған бір тармақта ол: “Самуил бала болғанына қарамай, үстіне бәтес ефод киіп, Ехобаға қызмет етіп жүрді”,— деген (Сам. 1-ж. 2:18). Осындай жеңсіз киім кигеніне қарағанда, ол діни қызметкерлерге көмектесіп жүрген. Самуил діни қызметкерлердің қатарына жатпаса да, кейбір міндеттерді атқаратын болған. Ол күнде ерте тұрып, киелі шатырдың ауласының есігін ашатын, әрі егде тартып қалған Елиге қолғабыс етіп жүретін. Самуил бұл жауапкершіліктерді қуана атқаратын. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсе оны қатты уайымдатты. Ехобаның үйінде сұмдық жайттар орын алып жатты.

Өнегесіз ортада таза болып қалды

11, 12. а) Опни мен Пінехестің күнә жасауларының түпкі себебі неде? ә) Опни мен Пінехес ғибадатханада қандай зұлымдық пен өнегесіздікке барды? (Сілтемені де қараңыз.)

11 Жеткіншек Самуилдің көз алдында зұлымдық пен өнегесіздік орын алып жатты. Елидің Опни мен Пінехес деген екі ұлы бар еді. Самуилдің жазбасында: “Елидің ұлдары болса Ехобаны қадір тұтпайтын арсыз адамдар еді”,— делінген (Сам. 1-ж. 2:12). Бұл тармақтан бір-бірімен байланысты екі ойды аңғаруға болады. Опни мен Пінехес Ехобаға еш құрмет танытпады, осылай өздерінің арсыз адамдар екенін көрсетті. Олар Құдайдың әділ заңдарынан аттап, талаптарын таптады. Олардың күнәға батуының түпкі себебі осыда еді.

12 Құдайдың Заңында діни қызметкерлердің міндеттеріне қатысты және ғибадатханада құрбандық шалуға қатысты нақты ережелер жазылған болатын. Бұл бекерден бекер емес еді. Өйткені сол шаралардың арқасында халықтың күнәлары кешіріліп, олар Құдайдың алдында таза саналатын, әрі оның батасы мен басшылығын алуға лайық бола алатын. Ал Опни мен Пінехес халық әкелген сый-тартуды аяқасты етулерімен қоймай, өзге діни қызметкерлерді де осыған еліктірді *.

13, 14. а) Ғибадатханадағы зұлымдық ақжүрек адамдарға қалай әсер етті? ә) Елидің әкелік те, бас діни қызметкерлік те міндетін орындамағанын неден білеміз?

13 Осындай күнә жасағандардың жазасыз қалып жатқанын түсінбей жүрген жас Самуилді елестетіп көріңізші. Ғибадатханаға рухани қолдау мен жұбаныш іздеп келген кедей, кішіпейіл адамдардың еңселері түсіп, жігерлері құм болып қайтып бара жатқандарын көргенде, оның жүрегі ауырған болса керек. Бұдан да сорақысы, Опни мен Пінехес ғибадатханада қызмет ететін кейбір әйелдермен зинақорлық жасап, Ехобаның заңдарын мазақ қылып, аяқасты ететін (Сам. 1-ж. 2:22). Бәлкім, Самуил Елидің қандай да бір шара қолдануын күткен болар.

Самуил Елидің ұлдарының зұлымдығын көріп, қатты қынжылса керек

14 Расында да, Ели өршіп бара жатқан бұл бассыздықты тоқтатуға жауапты бірден-бір адам еді. Бас діни қызметкер болғандықтан, ол киелі шатырда болып жатқан кез келген істі бақылап отыру керек болған. Сондай-ақ ол әкелік міндетін де орындап, ұлдарын түзету керек еді. Сонда олар өздеріне де, халыққа да залалын тигізбес еді. Бірақ Ели бас діни қызметкерлік те, әкелік те міндетін дұрыс атқармады. Ұлдары өлуге лайық сорақы күнәлар жасаса да, Ели оларды жұмсақ түрде ескертіп қана қойды (Самуилдің 1-жазбасы 2:23—25 оқыңыз).

15. Ехоба Елиге қандай хабар жіберді және Елидің отбасы мұны қалай қабылдады?

15 Ақырында бұл іске Ехобаның өзі араласты. Құдай өзінің бір пайғамбарын жіберіп, Елиге қатаң үкімін жеткізді. Ехоба Елиге: “Сен ұлдарыңды менен артық көресің”,— деді. Құдай оған зұлым ұлдарының бір күнде жер құшатынын, сондай-ақ Елидің әулеті діни қызметкерлік міндеттен шеттетіліп, көптеген бақытсыздыққа ұшырайтынын айтты. Ели мен оның ұлдары осы қатаң ескертуден кейін тәубаға келді ме? Жазбалардан білетініміздей, бұл сөздер оларға титтей де болса әсер етпеген (Сам. 1-ж. 2:27—3:1).

16. а) Киелі жазбалардан жас Самуил жайлы не білеміз? ә) Самуил жайлы оқығандарыңыз сізге жігер бере ме? Түсіндіріңіз.

16 Айналасында болып жатқан өнегесіздік Самуилге қалай әсер етті? Жазбаларда баяндалған осы жағымсыз жағдай туралы оқып келе жатып, ара-арасында Самуил жайында жақсы сөздерді кездестіреміз. Мысалы, Самуилдің 1-жазбасы 2:18-де: “Самуил бала болғанына қарамай . . . Ехобаға қызмет етіп жүрді”,— делінген. Самуил кішкентай кезінен Құдайға қызмет етуді маңызды санаған. Ал 21-тармақта: “Жас Самуил Ехобаның алдында өсіп, ержете берді”,— деген тағы бір жанға жылу беретін сөздерді оқимыз. Жасына жас қосылған сайын Самуилдің Ехобамен қарым-қатынасы берік бола түсті. Ехобамен осындай тығыз қарым-қатынас оны күнә атаулыдан қалқандай қорғады.

17, 18. а) Өнегесіздікпен бетпе-бет келген мәсіхші жастар Самуилге қай жағынан еліктей алады? ә) Самуилдің тура жолдан таймағанын қайдан білеміз?

17 Самуилдің “егер бас діни қызметкер мен оның ұлдары күнә жасап жүрсе, мен де қалағанымды істей аламын” деп ойлауына болар еді. Бірақ басқалардың, тіпті дәрежесі жоғары адамдардың, өнегесіз әрекеттері ешкімнің күнә жасауына себеп бола алмайды. Бүгінде көптеген мәсіхші жастар Самуилге еліктеп жүр. Олар айналасындағы кейбір адамдардың бұрыс қылықтарын көрсе де, оларға қосылмай, “Ехобаның алдында өсіп, ержетуде”.

18 Самуилдің Құдайды тыңдағаны қандай нәтиже әкелді? Киелі кітапта: “Жас Самуил болса өсіп келе жатты, әрі Ехобаға да, адамдарға да ұнамдылығы арта түсті”,— делінген (Сам. 1-ж. 2:26). Самуилді көбісі жақсы көрді, ол әсіресе өзі құрметтейтін адамдар үшін ұнамды болды. Ехоба да бұл баланы тура жолмен келе жатқаны үшін қымбат санады. Самуил Шилодағы ғибадатханада болып жатқан барлық зұлымдықты Ехобаның өзі тоқтататынына сенімді болған. Алайда бұл қашан болмақ еді? Бір күні түнде Самуил осы сұраққа жауап алды.

“Айта бер, қызметшің тыңдап тұр”

19, 20. а) Бір күні түнде ғибадатханада қандай жағдай болды? ә) Самуил Елиге қалай қарады және дауыстың кімнен екенін ол қалай білді?

19 Таң атуға шақ қалды. Дала әлі қараңғы болғандықтан, ғибадатханадағы үлкен шам сөндірілмеген еді. Айнала жым-жырт. Кенет Самуил біреудің: “Самуил, Самуил!”— деп шақырған даусын естіді. Бұл Ели екен деп ойлап, орнынан атып тұрды. Ол кезде егде тартқан Елидің көзі нашар көретін. Балақайдың Елиге көмек керек екен деп жалаңаяқ жүгіріп бара жатқанын елестетіп көріңізші. Самуил Елиді құрметтейтін, әрі оған қолғабыс ететін. Себебі Ели күнә жасаса да, әлі де Ехобаның бас діни қызметкері болатын (Сам. 1-ж. 3:2—5).

20 Самуил Елидің қасына келіп: “Мені шақырдыңыз ба?”— дегенде, ол оянып кетті. Ели: “Жоқ, шақырған жоқпын. Орныңа барып жата ғой”,— деді. Осы жағдай бірнеше рет қайталанды. Содан кейін ғана Ели жағдайдың мән-жайын түсінді. Сол кездері Ехобаның халыққа аян не хабар беруі сирек еді. Неліктен бұлай болып кеткені айтпаса да түсінікті. Енді Ели Ехобаның осы балаға аян беріп, сөзін арнағалы жатқанын ұқты. Содан ол Самуилге естіген даусына қалай жауап беру керектігін үйретіп, бөлмесіне жіберді. Бір кезде Самуил әлгі дауысты қайтадан естіді. Сонда ол: “Айта бер, қызметшің тыңдап тұр”,— деп, бәрін Ели айтқандай істеді (Сам. 1-ж. 3:1, 5—10).

21. Біз Ехобаның даусын қалай ести аламыз және мұның қандай пайдасы бар?

21 Міне, енді Шилода Ехобаны тыңдайтын қызметші пайда болды. Сол кезден бастап Ехоба Самуилге үнемі сөзін арнап отырды. Ехоба сізге де сөзін арнағанын қалайсыз ба? Әрине, Құдай бізге түнде дауыстап сөйлейді деп күтпейміз. Алайда біз оның даусын кез келген уақытта Киелі кітаптан ести аламыз. Құдайдың айтқандарына құлақ ассақ, сеніміміз берік бола түседі. Бұған Самуилдің мысалы дәлел.

Самуил қорқып тұрса да Елиге Ехобаның үкімін жеткізді

22, 23. а) Самуил батылдықпен жеткізген хабар қалай жүзеге асты? ә) Самуилдің жағдайы қандай болды?

22 Түнде болған бұл оқиға Самуилдің өмірінде өшпес із қалдырды. Сол күннен оның Ехобамен ерекше қарым-қатынасы басталды. Ол енді Құдайдың атынан сөйлейтін пайғамбар болды. Алғашында Самуил Ехобадан алған хабарын Елиге жеткізуден сескенді. Себебі бұл хабар Елидің отбасына қатаң үкім шығарылғаны туралы еді, әрі бұл үкім жуырда шынымен жүзеге аспақ еді. Бірақ Самуил бар батылдығын жинап, бұл хабарды Елиге жеткізді. Ал Ели Құдайдың үкімімен келісіп, оны кішіпейілдікпен қабылдады. Көп ұзамай бәрі де Ехоба айтқандай болды. Исраилдіктер філістірлермен шайқасып, сол күні Опни мен Пінехес қаза болды. Ал Ехобаның келісім сандығы жаудың қолына түскенін білгенде, Ели де көз жұмды (Сам. 1-ж. 3:10—18; 4:1—18).

23 Самуил болса әрі қарай да адал қызмет ете берді. Ехоба ол арқылы жеткізген пайғамбарлықтардың бәрін жүзеге асырып, оған жар болып жүрді (Самуилдің 1-жазбасы 3:19 оқыңыз).

“Самуил Ехобаға сиынды”

24. Исраил халқы қандай шешім қабылдады және неге бұл ауыр күнә еді?

24 Исраил халқы Самуилдің ізімен жүріп, Ехобамен қарым-қатынастарын нығайтып, оған адал болды ма? Жоқ. Уақыт өте келе олар билік айтатын пайғамбарларын місе тұтпай, өзге ұлттардікіндей патшалары болғанын қалады. Самуил Ехобаның айтуы бойынша халықтың бұл өтінішін орындады. Алайда Самуил оларға қаншалықты ауыр күнә жасағандарын түсіндіргісі келді. Өйткені олар жай ғана адамнан емес, Ехоба Құдайдың өзінен бас тартып тұрған еді! Осы себеппен Самуил халықты Ғылғалға жинаған болатын.

Ехоба күн күркіретіп, Самуилдің сеніммен айтқан дұғасына жауап берді

25, 26. Самуил халыққа Ехобаға қарсы ауыр күнә жасағандарын қалай түсіндірді?

25 Егде тартқан Самуил Ғылғалда халықтың алдында сөйлеп тұрған жағдайға қайта оралайық. Ол Исраил халқына өзінің Ехобаға өмір бойы адалдық сақтап келгені жайлы айтып өтті. Сосын “Самуил Ехобаға сиынды”. Ол Ехобадан күн күркіретіп, жаңбыр жауғызуын сұрады (Сам. 1-ж. 12:17, 18).

26 Жаңбыр?! Бұл құрғақшылық кезеңі ғой! Бұлай болуы мүмкін бе? Біреулер жаңбыр жауатынына күмәнданып, тіпті күлген болар. Алайда бір уақытта аспанды қара бұлт торлап, егістіктегі бидайды жел тербей бастады. Сосын аспанда найзағай ойнап, күн күркіреді де, жаңбыр құйып кетті. “Мұны көрген халық Ехоба мен Самуилден қатты қорықты”. Осыдан кейін ғана олар қаншалықты ауыр күнә жасағандарын түсінді (Сам. 1-ж. 12:18, 19).

27. Самуилдің сенімін үлгі ететіндерге Ехоба қалай қарайды?

27 Самуил қыңыр халықтың жүрегіне әсер ете алды. Бұл Ехобаның батасы еді. Осылай Құдай Самуилді сенімі үшін жарылқады. Ехоба адал қызметшісі Самуилге бала күнінен жар болып келе жатқан болатын. Бүгінде де ол өзгерген жоқ. Самуилдікіндей сенімі барларды Ехоба әлі де қолдайды.

^ 5-абзац Назир антын бергендерге ішімдік ішуге, шаштарын қырқуға болмайтын. Көп адам назир антын уақытша ғана ұстанса, Самсон, Самуил және шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия сияқты Құдайдың қызметшілері өмірлерінің соңына дейін назир болды.

^ 9-абзац Ғибадатхана, яғни киелі шатыр, ағаш қаңқалары бар төртбұрышты шатыр болған. Оның жабыны сапалы материалдардан — итбалық терісінен, әдемі кесте түсірілген маталардан — жасалса, жақтаулары мықты ағаштардан жасалып, күміспен не алтынмен қапталған. Киелі шатыр төртбұрышты ауланың орта жағында орналасты. Сол жерде өте үлкен құрбандық ошағы да тұрды. Кейіннен діни қызметкерлерге арнап киелі шатырдың айналасына қосымша бөлмелер соғылды. Самуил солардың бірінде тұрған болса керек.

^ 12-абзац Жазбаларда екі сорақы іс жайлы жазылған. Біріншіден, діни қызметкерлердің үлесіне құрбандықтың қай бөліктері тиетіні Заңда нақты айтылған еді (Мұс. 5-ж. 18:3). Алайда ғибадатханадағы діни қызметкерлер өздеріне мүлдем басқа тәртіп орнатып алды. Олар ет асылып жатқанда, қызметшілерін жіберетін. Қызметші үлкен шанышқысымен келіп, шанышқысына ілінген етті әкете беретін. Екіншіден, әлдекім құрбандық ошағына барып, әкелген құрбандығын шалмақ болғанда, опасыз діни қызметкерлер жұмсап жіберген қызметші оған дөрекілік көрсететін. Ол құрбандықтың майы Ехобаға арнап өртелгенін күтпей, діни қызметкерге шикі ет беруін талап ететін (Мұс. 3-ж. 3:3—5; Сам. 1-ж. 2:13—17).