Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ЕКІНШІ ТАРАУ

Ол Құдайынан жұбаныш тапты

Ол Құдайынан жұбаныш тапты

1, 2. Ілиястың өміріндегі ең елеулі күні қандай жайттар орын алды?

ІЛИЯС жаңбырдың астында жүгіріп келеді. Қас қарайып, даланы түнек басқан. Езрехелге дейін әлі талай жер бар. Ілияс жасы ұлғайған кісі болса да, тоқтамай жүгіріп келеді, себебі “Ехоба оған құдірет дарытты”. Тұла бойына тараған осындай күш-қуатты ол бұрын-соңды сезінген емес. Ол тіпті Ахаб патшаның арбасын тартып келе жатқан жүйрік аттарды да басып озды! (Патшалар 1-жазба 18:46 оқыңыз).

2 Қара аспаннан толассыз жауған жаңбыр тамшылары Ілиястың бет-жүзін шайып, көз аштырмай келеді. Алайда Ілиястың бар ойы бүгін болған ерекше оқиғада. Бүгінгі жеңіс расында да Ехоба Құдай мен шынайы ғибадатты биік шыңға көтерді. Ал Бағал тәңірі болса Кармил тауында ойсырай жеңілді. Оның жүздеген пайғамбары да әшкере болып, ақыры әділ жазаға тартылды. Соңында Ілияс Ехобаға жалбарынып, үш жарым жылға созылған қуаңшылықты тоқтатуын сұраған еді. Міне, Ілияс қазір сол дұғасының орындалғанына куә болып келе жатыр (Пат. 1-ж. 18:18—45).

3, 4. а) Езрехелге бара жатқанда, Ілияс не нәрсеге үміттенген болуы мүмкін? ә) Біз қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Ілияс 30 шақырымдай жерді жүгіріп өтті. Езрехелге жақындаған сайын оның кеудесінде үміт оты ұшқындай түсті. Ол бүгінгі жайттардан кейін енді бәрі басқаша болады, Ахаб патша да өзгереді, ол Бағалға табынудан бас тартып, Езабел патшайымды орнынан алып тастайды, Ехобаның қызметшілерінің қудалануына да шек қойылады деп ойласа керек.

Ілияс “Ахабтың алдына түсіп, Езрехелге дейін жүгіріп отырды”

4 Өмірде бәрі ойдағыдай бола бастағанда, көбісі ең ауыр сәттер артта қалды, енді жағдайымыз оңалады, әрі қарай бәрі жақсы болады деп ойлайды. Ілияс та солай ойлаған болса, бұл бізді таңғалдырмайды, себебі ол “біздікіндей сезімі бар адам болған” (Жақ. 5:17). Бірақ Ілиясты өмірдің шындығы күтіп тұрды. Оның жұмыр басына әлі талай қиындықтар түспек еді. Өйткені бірнеше сағаттан кейін-ақ Ілияс қатты қорқып, ұнжырғасының түскені сонша — өз-өзіне өлім тіледі. Ілияс қандай жағдайға душар болды? Ехоба өзінің пайғамбарының сенімін нығайтып, қорқынышқа берілмеуіне қалай көмектесті? Қазір осы сұрақтарды қарастырайық.

Жағдайдың басқа бағыт алуы

5. Кармил тауында болған жағдайлардан кейін Ахаб өзгерді ме және ол қандай көзқараста болған?

5 Ахаб Езрехелдегі сарайына да келіп жетті. Ол Ілияс күткендей өзгеріс жасады ма? Киелі кітапта: “Ахаб Езабел патшайымға Ілиястың не істегенінің бәрін, Бағалдың пайғамбарларын бірін қалдырмай семсермен өлтіргенін де айтып берді”,— делінген (Пат. 1-ж. 19:1). Байқасақ, Кармил тауында болған кереметті айта келе, Ахаб Ехоба Құдай жайлы бір ауыз да сөз қозғамады. Ол осы кереметті Ілиястың істеген ісі деп қана қарастырып, тәндік көзқарастағы адам екенін көрсетті. Осыдан Ахабтың Ехоба Құдайды мүлдем құрмет тұтпағанын көруге болады. Ал оның айтқандары қатыгез Езабелге қалай әсер етті?

6. Езабел Ілиясқа қандай хабар жіберді және бұл нені білдірді?

6 Ахабтың айтқандарын естіген Езабел долданып, ашудан жарылып кете жаздады! Ол Ілиясқа: “Ертең тап осы уақытта саған сол пайғамбарлардың кебін кигізбесем, құдайлар мені жазалаған үстіне жазаласын!”— деген хабар жіберді (Пат. 1-ж. 19:2). Бұл жай ашу үстінде айтылған сөздер емес еді. Өйткені Езабел Бағалдың пайғамбарлары үшін Ілиястан өш алып, оны келесі күні-ақ жер құштыратынын өз өмірімен ант етті. Хабаршының Езрехелдегі кішігірім үйде ұйықтап жатқан Ілиясты тұрғызып, Езабелдің қаһарлы сөздерін жеткізіп жатқанын елестетіп көріңізші. Мұны естігенде, Ілияс пайғамбар не істеді?

Ол қорқынышқа бой алдырды

7. Езабелдің хабарын естігенде, Ілияс не сезінді және не істеді?

7 Ілияс Бағалға қарсы күрес аяқталды деп ойлап, қаншалықты қателескенін енді түсінді. Өйткені Езабелдің кері шегінер түрі жоқ еді. Ол бұған дейін Ехобаның бірталай пайғамбарының көзін құртқан болатын. Ендігі кезек Ілиясқа жетті! Киелі кітаптан білетініміздей, ол Езабелдің хабарын естігенде, қатты қорқып кетті. Сонда Ілияс Езабелдің төніп келіп, өзін қалай өлтіріп жатқанын елестетіп кетті ме? Ілияс осындай ойларға жол берген болса, оның неліктен қорқынышқа бой алдырғаны түсінікті. Содан Ілияс “бассауғалап қашып кетті” (Пат. 1-ж. 18:4; 19:3).

Қорқынышқа бой алдырмас үшін, басымызға төнуі мүмкін қауіптер жайлы ойлардың санамызды шырмап алуына жол бермеуіміз керек

8. а) Петірдің оқиғасы қай жағынан Ілиястікіне ұқсайды? ә) Ілияс пен Петірдің оқиғасынан қандай сабақ аламыз?

8 Құдайдың қызметшілерінің арасында қорқынышқа бой алдырған тек Ілияс қана емес. Киелі кітапта елші Петірдің де осы сезіммен бетпе-бет келгені айтылған. Ол Исаның бұйыруымен судың бетімен жүріп келе жатып, дауылды көргенде, қатты қорқып кетіп, суға бата бастаған (Матай 14:30 оқыңыз). Біз Ілияс пен Петірдің оқиғасынан маңызды бір сабақ аламыз: қорқынышқа бой алдырып қоймас үшін, басымызға төнуі мүмкін қауіптер жайлы ойлардың санамызды шырмап алуына жол бермеуіміз керек. Керісінше бізге үміт беріп, күш дарытатын Құдай жайлы ой жүгірткеніміз жөн.

“Осы көргенім де жетер”

9. Ілияс қайда бет алды және ол қандай күйде болды?

9 Бойын үрей билеген Ілияс оңтүстік-батысқа қарай бет алып, 150 шақырымдай жол жүріп өтті! Ол Яһуданың оңтүстігінде орналасқан Бер-Шеба қаласына жеткен соң, қызметшісін сол жерде қалдырды да, өзі шөл далаға қарай жол тартты. Күн шыға салысымен жолға шыққан Ілияс тіпті өзімен жейтін тамақ та алмаған еді. Жаны әбден күйзеліп, үрейі ұшқан ол ми қайнатқан ыстықта шөл даламен жалғыз өзі кетіп барады. Киелі кітапта оның “бір күндік жол жүргені” айтылған. Күн қып-қызыл болып, ұясына еңкейе бергенде, Ілиястың күш-қуаты сарқылды. Әбден қажып, діңкесі құрыған ол қасында тұрған бір бұтаның астына қисая кетті (Пат. 1-ж. 19:4).

10, 11. а) Ілияс не жайында дұға етті және неге? ә) Келтірілген тармақтарды қолданып, рухы күйреген Құдай қызметшілері жайлы айтып беріңіз.

10 Қайғысы жанына батқан Ілияс өзіне өлім тілеп, Құдайға дұға етті. Ол: “Мен ата-бабаларымнан артық емеспін ғой”,— деді. Бұл сөздерімен ол жер астында топыраққа айналып кеткен ата-бабасының ешкімге көмектесе алмайтын күйіне меңзесе керек (Уағ. 9:10). Ілияс өзін өлген адамдардан еш айырмашылығы жоқтай сезінген. Сондықтан ол өмірден күдер үзіп: “Осы көргенім де жетер!”— деді.

11 “Құдай қызметшісінің осыншалықты жігерсіздік танытып, өзіне өлім тілегені несі?”— деп таңғалуымыз керек пе? Жоқ. Рухы күйреп, өлгісі келген Құдай қызметшілері Киелі кітапта жоқ емес. Мысалы, Рабиғаның, Жақып, Мұса мен Әйүптің де Ілиястікіндей күй кешкен кездері болған (Мұс. 1-ж. 25:22; 37:35; Мұс. 4-ж. 11:13—15; Әйүп 14:13).

12. Ұнжырғаңыз қатты түсіп жүрген болса, Ілиясқа қай жағынан еліктей аласыз?

12 Бүгінде біз “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан көпшіліктің, тіпті Құдайдың адал қызметшілерінің де, еңселері түсіп жатады (Тім. 2-х. 3:1). Басыңызға қиын жағдай түссе, сіз де Ілиясқа еліктеп, Ехобаға сезімдеріңізді ақтарып дұға етіңіз. Себебі ол — “жұбаныш атаулының қайнар көзі” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз). Ал Ілиясты Ехоба қалай жұбатты?

Ехоба өзінің пайғамбарын тастамады

13, 14. а) Ұнжырғасы түскен пайғамбарын Ехоба періштесі арқылы қалай демеді? ә) Ехоба әрқайсысымыздың жағдайымыз бен шама-шарқымызды білетіні сізге қалай әсер етеді?

13 Шөл далада бұтаның астында өзіне өлім тілеп жатқан пайғамбарына көктен көз салғанда, Ехоба не сезінді? Ілияс ұйқыға батқанда, Ехоба оған бір періштесін жіберді. Періште оны ақырын ғана түртіп оятып: “Тұр, тамақтанып ал”,— деді. Ілияс оянып, қасында дайын тұрған ыстық күлше нан мен судан ішіп-жеп алды. Киелі кітапта оның періштеге ас үшін ризашылық білдіргені жайлы ештеңе айтылмайды. Онда жай ғана: “Ол ішіп-жеп алды да, қайтадан жата кетті”,— делінген. Ілиястың еңсесі түскені сонша — сөйлеуге де шамасы келмегенге ұқсайды. Таңға жуық болса керек, періште Ілиясты қайтадан оятып: “Тұр, тамақтанып ал, әйтпесе ұзақ жол жүруге әлің болмайды”,— деді (Пат. 1-ж. 19:5—7).

14 Құдайдың арқасында әлгі періште Ілиястың қайда жол жүретінін әрі ұзақ жолға күші жоқ екенін білген. Мақсаттарымызды білетін әрі шама-шарқымызды өзімізден де жақсы білетін Құдайға қызмет ету неткен бақыт десеңізші! (Зәбүр 103:13, 14 оқыңыз). Жүрек жалғап алған соң, Ілияс не істеді?

15, 16. а) Ехоба берген тамақты жеп алған соң, Ілияс не істеді? ә) Ехобаның өз қызметшілеріне көрсетіп отырған қолдауын неліктен бағалауымыз керек?

15 Киелі кітап былай дейді: “Ілияс тұрып, ішіп-жеп, әлденіп алды да, 40 күн, 40 түн бойы жүріп отырып, шынайы Құдайдың тауы Хорибке келді” (Пат. 1-ж. 19:8). Өзінен алты ғасырдай бұрын өмір сүрген Мұса және шамамен он ғасыр кейін өмір сүрген Иса сияқты, Ілияс та 40 күн, 40 түн бойы ораза тұтты (Мұс. 2-ж. 34:28; Лұқа 4:1, 2). Періште ұсынған әлгі нан мен су Ілиястың барлық азабын жеңілдетпесе де, бойына ерекше қуат дарытты. Соқпақсыз шөл даланы бір күн не бір апта емес, бір жарым айдай кезіп жүрген қарт кісіні көз алдыңызға елестетіп көріңізші!

16 Ехоба бүгіндегі қызметшілеріне ғажайып түрде ас-су бермейді. Алайда ол бізді аса маңызды рухани аспен қамтамасыз етеді (Мат. 4:4). Біз Құдай Сөзі мен оған негізделген әдебиеттерден Ехоба жайлы біліп, рухани нәр аламыз. Мұндай рухани ас-су басымызға түскен жағдайлардың бәрін шешіп бермейтін шығар, бірақ өзіміз көтере алмайтын қиындықтарда табанды тұруға күш-қуат береді. Сондай-ақ ол мәңгілік өмірге қол жеткізуге көмектеседі (Жох. 17:3).

17. Ілияс қайда келді және бұл жер несімен ерекше еді?

17 Ілияс 320 шақырымдай жерді артта қалдырып, ақырында Хориб (Синай) тауына келіп жетті. Кезінде бұл тауда Ехоба жанып тұрған тікенді бұтаның арасынан періштесі арқылы Мұсаға тіл қатқан болатын, ал кейінірек дәл осы тауда Исраилмен Заң келісімін жасасқан еді. Ілияс осы тауда түнемек болып, бір үңгірге кірді.

Ехоба пайғамбарын жұбатып, күш дарытты

18, 19. а) Ехобаның періштесі қандай сұрақ қойды және Ілияс не деді? ә) Қандай үш нәрсе Ілиястың еңсесін түсірді?

18 Хориб тауында Ехоба, періштесі арқылы болса керек, Ілиястан: “Ілияс, мұнда не істеп жүрсің?”— деп сұрады. Бұл сұрақтың жұмсақтықпен қойылғаны сонша — Ілияс бірден ішіндегісін ақтарып салды. Ол былай деді: “Мен Әскербасы Ехобаға зор құлшыныспен қызмет еттім. Себебі Исраил халқы сенің келісіміңді бұзып, құрбандық орындарыңды қиратып тастады, пайғамбарларыңды да семсермен өлтірді. Жалғыз мен ғана қалдым, бірақ олар менің де жанымды алмақшы” (Пат. 1-ж. 19:9, 10). Ілиястың бұл сөздерінен оның рухын күйреткен үш нәрсені байқауға болады.

19 Біріншіден, ол атқарған еңбегім бекер болды деп ойлаған. Ілияс Құдайға ғибадат етуді және оның киелі есімін мадақтауды жылдар бойы басты орынға қойып келген. Ол “Ехобаға зор құлшыныспен қызмет етсе” де, елдегі жағдай ушыға берді. Опасыз халық бүлікшіл жолынан қайтпады, ал жалған ғибадат болса өркендей берді. Екіншіден, Ілияс: “Жалғыз мен ғана қалдым”,— деп, бүкіл халық ішінде Ехобаға қызмет ететіндерден өзі ғана қалғандай сезінген. Үшіншіден, оны үрей биледі. Өзі сияқты пайғамбарлардың көбісі өлтірілгендіктен, ол ендігі кезек менікі деп ойлады. Ілиясқа осындай сезімдерін ашық жеткізу оңай болмаған шығар, бірақ ол көкіректікке жол бермей, бәрін де қысылмай айтып берді. Ехобаға ішіндегісінің бәрін ақтарып айтуымен Ілияс Құдайдың барлық адал қызметшілеріне керемет үлгі қалдырды (Зәб. 62:8).

20, 21. а) Хориб тауында Ілияс не нәрсеге куә болды? ә) Ехоба Ілиясқа құдіретін не үшін көрсетті?

20 Ехоба Ілиястың қорқынышын сейілтіп, көңілін орнықтыру үшін не істеді? Ол періштесін жіберіп, Ілиясқа үңгірдің аузына келіп тұруды бұйырды. Ілияс әрі қарай не боларын білмесе де, құлақ асып сол жерге барды. Бір кезде далада алапат дауыл соғып, тауларды жарып, жартастарды талқандады! Топырақ суырған бұл қара дауылдың даусы құлақ жаратындай зор болды! Елестетіп көріңізші: жел Ілиястың киімін жұлқылап қояр емес, Ілиястың өзі болса көзін алақанымен қалқалап әуре. Бір кезде оның аяғының астындағы жер көшіп бара жатқандай болып, қатты жер сілкінді. Сосын, кенеттен лапылдап от жанды! Ілияс оның ыстығына шыдай алмай, үңгірдің түкпіріне қарай тығыла кетті (Пат. 1-ж. 19:11, 12).

Ехоба ғажайып құдіретімен Ілиясты жұбатып, күш дарытты

21 Киелі кітапта Ехобаның дауылдың ішінде де, жерсілкінісі мен өрттің ішінде де болмағаны айтылған. Ілияс Ехобаның Бағал сияқты ойдан шығарылған табиғат құдайы емес екенін білетін. Ал Бағал бұлттардың үстінде отыратын, жаңбыр жауғызатын құдай деп есептелген. Табиғаттың ғажайып құбылыстарын Ехобаның өзі жаратқан, сондықтан ол табиғат күштерінің қай-қайсысынан да құдіретті. Оны тіпті көктердің көгі сыйғыза алмайды! (Пат. 1-ж. 8:27). Хориб тауында көргендері Ілиясқа қалай әсер етті? Есімізде болса, бұған дейін оның бойын үрей билеген еді. Құдіреті шексіз Ехобаның өзі жар болып тұрғанда, Ахаб пен Езабел оған не істей алады?! (Зәбүр 118:6 оқыңыз).

22. а) “Ақырын шыққан дауыс” Ілиястың көңілін қалай орнықтырды? ә) “Ақырын шыққан дауыс” кімнен болуы мүмкін? (Сілтемені қараңыз.)

22 Өрттен соң жым-жырт тыныштық орнап, “ақырын шыққан дауыс” естілді. Ілияс тағы да “Ілияс, мұнда не істеп жүрсің?” деген дауысты естіді *. Сонда Ілияс тағы бір рет уайымын айтып, шерін тарқатып алса керек. Ехобаның кейінгі айтқандары оның көңілін біршама орнықтырып тастады. Өйткені Ілияс Ехоба үшін өзінің өте бағалы екенін сезінді. Ехоба оған Исраилде Бағалға табынушылықты жою үшін не істемек ойы бар екенін ашты. Ілиястың еңбегі бекер болмады, өйткені Ехоба шынайы ғибадаттың жеңіске жетуі үшін әлі де күресіп жатқан еді. Бұған қоса, Ехоба ниетін жүзеге асыру үшін әрі қарай да Ілиясты қолданбақ еді. Ол оған нақты нұсқаулар беріп, кері қайтуды бұйырды (Пат. 1-ж. 19:12—17).

23. Ілияс өзін жалғыз сезінбес үшін Ехоба қандай екі нәрсе жасады?

23 Ілияс өзін жалғыз сезінбес үшін Ехоба екі нәрсе жасады. Біріншіден, ол Ілиясқа кейін өзінің орнына пайғамбар болатын Елішені майлауды тапсырды. Еліше Ілиясқа жылдар бойы серік болып, жәрдемдеспек еді. Мұның Ілияс үшін нағыз жұбаныш болғанында сөз жоқ! Екіншіден, Ехоба оған келесідей керемет хабар айтты: “Менің Исраилде Бағалға тізе бүгіп, оның мүсінін сүймеген әлі де 7000 адамым бар” (Пат. 1-ж. 19:18). Расында да Ілияс жалғыз емес еді. Бағалға бас имеген адал кісілердің әлі де бар екені Ілиястың жанына шипа болды. Ілияс сол кездегі рухани түнек басқан заманда осы адамдарға мызғымас адалдықтың үлгісі болу үшін қызметін бұрынғыдай жалғастыра беру керек еді. Ехобадан келген періштенің “ақырын шыққан даусымен” айтқан сөздері Ілиясты бір марқайтып тастағанында күмән жоқ!

Басшылықтарды ұстанып өмір сүрер болсақ, Киелі кітап біз үшін “ақырын шыққан дауыс” іспетті болады

24, 25. а) Ехобаның “ақырын шыққан даусын” қалай ести аламыз? ә) Ехобаның Хориб тауында айтқандарынан Ілиястың жұбаныш тапқанын қайдан білеміз?

24 Ілияс сияқты біз де табиғаттың орасан зор күшін көргенде, қастерлі сезімге бөленіп, тамсанып жатамыз. Бұл солай болу керек те. Өйткені жаратылыстар Ехобаның зор құдіретке ие екенін паш етеді (Рим. 1:20). Ехоба бүгінгі күні де адал қызметшілерін қолдау үшін өзінің шексіз құдіретін қуана-қуана қолданады (Шеж. 2-ж. 16:9). Ал оның Сөзі Киелі кітаптан біз Ехоба жайлы одан да көп білеміз (Ишая 30:21 оқыңыз). Ондағы басшылықтарды ұстанып өмір сүрер болсақ, Киелі кітап біз үшін “ақырын шыққан дауыс” іспетті болады. Киелі кітап беттері арқылы Ехоба бізді түзетеді, сондай-ақ жұбаныш беріп, бізді қаншалықты жақсы көретініне сендіреді.

25 Сонымен, Ехобаның Хориб тауында айтқандарынан Ілияс жұбаныш тапты ма? Әрине! Көп ұзамай ол қайтадан батылдық пен құлшыныс танытып, жалған ғибадатқа қарсы күресті. Құдай рухының жетелеуімен жазылған Жазбалардан жұбаныш алар болсақ, біз де Ілиястың сенімін серік ете аламыз (Рим. 15:4).

^ 22-абзац “Ақырын шыққан дауыс” періштенің даусы болса керек. Патшалар 1-жазба 19-тараудың 9-ыншы және 15-інші тармақтарында Ілиясқа Ехобаның атынан сөйлеген сол бір періште болуы мүмкін. Бұл жағдай исраилдіктерді шөл далада бастап жүрген Ехобаның періштесін есімізге салатын шығар. Сол періште жайлы Ехоба: “Ол менің атымнан әрекет етеді”,— деген болатын (Мұс. 2-ж. 23:21). Бір ескере кететін жайт, Иса жерге келмес бұрын Құдайдың өкілі ретінде қызмет етіп, Құдайдың қызметшілеріне оның сөзін жеткізген (Жох. 1:1).