Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету

Апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету

1 АҚПАН, 2021

 2020 жылы көптеген табиғи апаттар болды және жер шарын COVID-19 пандемиясы жайлады. Осы орайда Ехоба куәгерлері зардап шеккендерге қалай көмектесті?

 2020 қызмет жылында a Басқарушы кеңестің Үйлестірушілер комитеті апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін 28 миллион АҚШ долларын бөлуді шешті. Бұл қаражат 200-ден астам табиғи апаттан зардап шеккен не басқа да жағдайларға ұшыраған бауырластарға көмек беруге жұмсалды. Мысалы, COVID-19 пандемиясы, тропикалық циклондар, Африкадағы су тасқыны, Венесуэладағы азық-түлік жетіспеушілігі және Зимбабведегі қуаңшылық бауырластарымызға біраз қиындықтар тудырды. Осы бөлінген қаражат азық-түлік, су, палаткалар, киім-кешек, дәрі-дәрмек, негізгі жуғыш заттарды сатып алуға және жөндеу мен құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Қазір соның бір-екі мысалын қарастырайық.

 COVID-19 пандемиясы. Пандемияның кесірінен дүниежүзіндегі бауырластарымыз физикалық, эмоциялық және экономикалық жағынан қиындық көрді. Бауырластарымызға көмектесу үшін дүниежүзі бойынша 800-ден астам Төтенше жағдайлар комитеті құрылды. Олар бауырластардың не нәрсеге мұқтаж екенін біліп, Үйлестірушілер комитетіне хабарлап отырды. Осының арқасында бауырластарға ең жақсы жолмен көмек көрсетілді.

 Жыл бойы Төтенше жағдайлар комитеттері бауырластарды азық-түлікпен, сумен, гигиеналық заттармен және негізгі дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп отырды. Кей жерлерде Төтенше жағдайлар комитеттері жергілікті ақсақалдармен қызметтесіп, бауырластарға мемлекеттен жәрдем алуға көмектесті.

 Біздің көмек көрсету жұмыстарымызды Куәгер емес адамдар да байқады. Мысалы, Замбияның Наконде қаласындағы Филд Симвинья деген бір шенеунік былай деді: “Зардап шеккен отбасыларына уақытылы көрсеткен көмектеріңіз үшін сіздерге шын жүректен ризамыз”.

 Анголадағы азық-түлік жетіспеушілігі. COVID-19 пандемиясының кесірінен Анголада азық-түлік тапшы болып, бағасы шарықтап кетті. Көптеген бауырласымыздың азық-түлік сатып алуға шамалары келмей қалды.

Бразилиядан Анголаға жіберілген азық-түлік жинақтары

 Бразилия филиалына Анголадағы бауырластарға азық-түлік жіберу тапсырылды. Бұл үшін бауырластар азық-түлік сатып алу мен оны жөнелтудің тиімді жолдарын іздестірді. Сөйтіп, азық-түлікті көтерме бағамен сатып алды. Шамамен 20 килограмдай болатын бір азық-түлік жинағының бағасы жөнелтумен қоса есептегенде, 22-ақ АҚШ доллары болды. Жинақтың ішінде күріш, фасоль, сұйық май сияқты азық-түліктер болды. Осы уақытқа дейін Анголадағы бауырластарымызға 33 544 азық-түлік жинағы (654 тонна) жіберілді. Осылайша Бразилия мен Ангола филиалдары бірігіп, 50 000-нан көп адамды азық-түлікпен қамдады!

 Осындай көмекті алғанда, бауырластар қандай сезімде болды екен? Анголаның шалғай бір аумағында тұратын Александре деген бауырлас былай дейді: “Ехоба мені жақсы көреді, мен жалғыз емеспін. Осыған тағы да көзім жетті. Ехобаның ұйымы мені бағалайды екен!” Ал Мариса деген жалғызбасты ана: “Ехоба менің көз жасымды көрді. Ехобаға және оның ұйымына деген алғысым шексіз!”— деді.

Анголадағы бауырластар көмек алғандарына дән риза!

 Зимбабведегі қуаңшылық. 2020 қызмет жылында Зимбабвені қуаңшылық қысты. Соның кесірінен миллиондаған адам тамаққа жарымай қалды. Қуаңшылық Куәгерлерді де айналып өтпеді. Зимбабведегі мыңдаған бауырласымыз азық-түлікке зәру болды.

 Бауырластарға көмектесу үшін бес Төтенше жағдайлар комитеті құрылды. Жүздеген жариялаушы азық-түлікті қаптауға, оларды көлікке тиеуге көмектесті. Ал кейбір бауырластар азық-түлікті жөнелтуге өз көліктерін бере тұрды b. 2020 қызмет жылында 22 700-ден астам адамды тамақтандыру үшін 691 561 АҚШ доллары жұмсалды!

Азық-түлік алған Зимбабведегі бауырластар (пандемияға дейін)

 Көмек келгенге дейін көптеген бауырласымыздың азық-түліктері таусылып қалған еді. Сондықтан көмек келгенде, олар Ехобаны мадақтай бастады. Кейбірі тіпті Патшалық әндерін шырқай жөнелді.

 Бір аймақта жесір екі әйел бауырласымыз азық-түлік беруді ұйымдастырып жатқан мемлекеттік емес бір ұйымның кездесуіне барады. Бірақ бұл кездесу саяси реңк ала бастайды. Сонда бауырластарымыз олардың талаптарына көніп, бұл ұйымнан көмек алуға ар-ұяттары жібермейтіндерін түсінеді. Сөйтіп, кездесуден кетуді шешеді. Бауырластарымыз кетіп бара жатқанда, олар “Енді қайтып бізден келіп тамақ сұраушы болмаңдар” деп айғайлайды. Алайда екі аптадан кейін әлгі ұйымнан көмек келемін дегенше, сол жерге біздің бауырластарымыз барып, әйел бауырластарға азық-түлік апарып береді!

“Ехоба өзінің қызметшілерін ешқашан тастамайды” (Приска)

 Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету ісі айналадағы адамдарға жақсы куәлік болды. Мысалы, бір кішкентай ауылда тұратын Приска деген бауырластың оқиғасын алайық. Қуаңшылықтың салдарынан болған қиындықтарға қарамастан, Приска бауырлас әр апта сайын сәрсенбі және жұма күндері қызметке шығатын. Тіпті жер жырту маусымында да ол солай ететін. Ауылдастары оны келеке-мазақ етіп: “Егістікте жұмыс істеудің орнына уағыздап жүресің. Бұлай жүре берсең, отбасын аштан қалады”,— деп айтатын. Ал Приска бауырласымыз оларға: “Ехоба өзінің қызметшілерін ешқашан тастамайды”,— деп жауап беретін. Содан көп ұзамай, ол біздің ұйымнан көмек алады. Бұған оның кейбір көршілері таңғалып: “Құдайың шынымен де сені тастамайды екен. Біз ол туралы білгіміз келеді”,— деп айтады. Қазір Приска бауырластың жеті көршісі қауым кездесулерін радио арқылы тыңдап жүр.

 Бұл дүниенің соңы жақындаған сайын, табиғи апаттар көбеймесе, азаймайды (Матай 24:3, 7). Сіздердің donate.mt1130.com сайты арқылы жомарттықпен жасаған садақаларыңыз өте бағалы! Солардың арқасында мұқтаж бауырластарға дер кезінде қажетті көмек көрсете аламыз.

a 2020 қызмет жылы 2019 жылдың қыркүйек айы мен 2020 жылдың тамыз айы аралығын қамтиды.

b COVID-19 пандемиясына байланысты шектеулер болғандықтан, бауырластарға азық-түлік жеткізу үшін рұқсат алу керек болды. Сондай-ақ олар өздері де вирус жұқтырып алмас үшін сақтық шараларын ұстанды.