Айтып келмеген аурумен күрес
Сіз аяқ астынан ауруға шалдықтыңыз ба? Онда дертпен күресудің қаншалықты қиын екенін білетін шығарсыз. Бұл санаға салмақ салады, көңіл күйге әсер етеді, қалтаны да қағады. Аурумен қалай күрессеңіз болады? Ал үй ішіндегілердің бірі не досыңыз ауырып қалса, сіз қалай қол ұшын бере аласыз? Киелі кітап медициналық оқулық болмаса да, онда жазылған ақыл-кеңестердің сізге осындай қиын шақта көмегі тиеді.
Аурумен күресуге көмектесетін кеңестер
Медициналық көмекке жүгініңіз
Киелі кітапта не делінген? “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” (Матай 9:12).
Осы кеңестің мәні: Қажет болса, дәрігерлерге қаралыңыз.
Оны іске асыру үшін: Сізге қолжетімді ең жақсы емді іздеңіз. Кейде бір емес, бірнеше дәрігермен кеңескен дұрыс болатын шығар (Нақыл сөздер 14:15). Дәрігерлермен ашық сөйлесіңіз: сіз оларды түсінгеніңізге әрі оларға симптомдарыңызды анық жеткізгеніңізге көз жеткізіңіз (Нақыл сөздер 15:22). Сырқатыңыз бен оны емдеудің қандай жолдары бар екені жайлы көбірек біліңіз. Сізді не күтіп тұрғанын білсеңіз, сол жағдайға іштей дайын болып, дұрыс шешімдер қабылдай аласыз.
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз
Киелі кітапта не делінген? “Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар” (Тімөтеге 1-хат 4:8, “Жаңа өмір” баспасы).
Осы кеңестің мәні: Жүйелі түрде жаттығу жасау секілді жақсы әдеттер денсаулығыңызға тек пайдасын тигізеді.
Оны іске асыру үшін: Денеңізді әрдайым шынықтырып, пайдалы тағамдар жеңіз, ұйқыңызды қандырыңыз. Бәлкім, сізге сырқатыңызға байланысты біраз өзгерістер жасауға тура келген шығар. Дегенмен, мамандардың айтуынша, дене шынықтыру сияқты жақсы әдеттерге уақытыңыз бен күшіңізді аямасаңыз, бұның оң нәтижесі болмай қоймайды. Әрине, бұл ретте ауруыңызды және алып жатқан ем-домыңызды есепке алған жөн.
Өзгелердің көмегіне жүгініңіз
Киелі кітапта не делінген? “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17).
Осы кеңестің мәні: Қиын шақта сізге достарыңыз тірек бола алады.
Оны іске асыру үшін: Сенімді досыңызбен шер тарқатып сөйлесіңіз. Сонда біраз жеңілдеп, өзіңізді жақсы сезініп қаласыз. Достарыңыз бен туыстарыңыз сізге көмектескісі келетін шығар, бірақ қалай көмектесу керектігін білмеуі мүмкін. Сондықтан қандай көмек қажет екенін оларға нақты айтыңыз. Бірақ олардан тым көп күтпеңіз, істеген жақсылықтарына әрдайым алғыс айтыңыз. Алайда шаршап қалмау үшін, достарыңыз қаншалықты жиі келеді, қасыңызда қанша уақыт болады — сол жағын да ойластырып алыңыз.
Жақсы көзқарас сақтаңыз
Киелі кітапта не делінген? “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар, Күйреген рух сүйекті қуратар” (Нақыл сөздер 17:22).
Осы кеңестің мәні: Жақсы көзқараста болып, үмітіңізді үзбегеніңіз сізге тым күйзелмеуге және сабыр сақтауға көмектеседі.
Оны іске асыру үшін: Денсаулығыңызды ескеріп, қолыңыздан не келмейтініне емес, не келетініне назар аударыңыз. Өзіңізді басқалармен я ауырмай тұрған кезіңізбен салыстырмаңыз (Ғалаттықтарға 6:4). Қол жеткізе алатын, ақылға қонымды мақсаттар қойсаңыз, оң көзқарас сақтау жеңіл болады (Нақыл сөздер 24:10). Шама-шарқыңызға қарай өзгелер үшін бірдеңе істеңіз. Бұл көңіліңізді көтеріп, жағымсыз ойларға берілмеуге көмектеседі (Елшілердің істері 20:35).
Сырқатпен күресуге Алла Тағала қалай көмектеседі?
Киелі кітаптан көрінетіндей, Ехоба Құдай a ауырып қалған адамға көмектесе алады. Әрине, ол бізді таңғажайып түрде сауықтырып жібереді деп күтпейміз. Десе де Құдай өзіне құлшылық ететіндерге келесідей жолдармен көмектеседі:
Жантыныштығы. Ехоба Құдай бізге “адам ақылынан асқан тыныштық” сыйлайды (Філіпіліктерге 4:6, 7). Бұл тыныштық, немесе жантыныштығы, адамға сарыуайымға салынбауға көмектеседі. Жаратқан Ие мұндай тыныштықты оған дұға етіп, уайымын айтқандарға береді (Петірдің 1-хаты 5:7).
Ақыл-парасат. Ехоба Құдай зерделі шешімдер қабылдай алуымыз үшін бізге ақыл-парасат, яки даналық дарытады (Жақып 1:5). Адам Киелі жазбалардағы құны ешқашан жоғалмайтын ақыл-кеңестерді оқып біліп, өмірде іске асырса, осындай ақыл-парасатқа ие болады.
Нұрлы болашаққа үміт. Ехоба Құдай бізге жарқын болашақ уәде етуде. Сол заманда ешбір адам: “Мен науқаспын”,— демейді (Ишая 33:24). Осы үміттің жетелеуімен тіпті өте ауыр дертке шалдыққан көптеген адамдар жабырқамай, позитивті болып қалуда (Еремия 29:11, 12).
a Ехоба — Алла Тағаланың Киелі кітапта жазылған есімі (Зәбүр 83:18).