Дін де ақша табудың көзі ме?
Діндердің көбісі адамдарға Құдайды танып-білуге көмектесудің орнына, ақша табуға көбірек мән беретінін байқадыңыз ба? Олар әртүрлі тауарларды жарнамалап, сатады, діни қызметтері үшін ақы алады. Көп дінбасыларының алатын жалақысы өте жоғары, олар шалқып өмір кешеді. Соған бірнеше мысал:
Журналистер жүргізген бір зерттеу бойынша, бір католик епископы 13 жыл бойы шіркеуге түскен қаражатты пайдаланып келген. Ол сол ақшаға 150 реттей өзінің жеке ұшағымен және 200 реттей лимузинмен саяхаттапты. Сондай-ақ 4 миллионнан астам долларды шіркеудегі үйін жөндеуге жұмсаған.
Африканың бір елінде тұратын уағыздаушы үнемі діни қызметтер өткізіп тұрады. Оған он мыңдаған адам қатысады. Оның зәулім шіркеуінде неше түрлі тауарлар сатылады: “қасиетті майдан” бастап, өзінің суреті бар сүлгілер мен футболкаларға дейін. Діни қызметке келетіндердің басым көпшілігі кедей тұрады, ал өзі болса шіріген бай.
Қытайда буддистердің төрт киелі тауының екеуі коммерциялық ұйым ретінде тіркелген. Ал атағы жер жарған Шаолинь ғибадатханасын нағыз бизнестің ордасы деуге болады. Оның басында тұрған кісі жұртқа “монах-бизнесмен” деп әйгілі.
Америкадағы көптеген компаниялар мен фирмаларда діни қызмет атқаратын кеңесшілерді жалдау сәнге айналды. Бір есепке сай, олар компанияларға жеке өздерінің діни рәсімдерін ойлап шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ сол жерде істейтіндерге басқа да түрлі діни қызметтер көрсетеді.
Діндердің барған сайын бизнеске айналып бара жатқанына сіз қалай қарайсыз? “Діни қызметтері үшін ақша алған адамдарға Құдай қалай қарайды?” деп ойланып көргенсіз бе?
Дінді бизнеске айналдырып жүргендерге Құдай қалай қарайды?
Құдайға бұл еш ұнамайды. Мұны Киелі кітаптан білеміз. Мысалы, Құдай бұрын “ақыға тәлім берген” діни қызметкерлерге қатты наразы болған (Миха 3:11). Сондай-ақ оған ғибадат еткен орынды “қарақшылардың ордасына айналдырған” ашкөз діни саудагерлерді айыптаған (Еремия 7:11).
Иса пайғамбардың да дінді табыс көзі еткендерге ашуы келген. Оның күндерінде діни жетекшілер тойымсыз саудагерлерге Иерусалимдегі ғибадатханада сауда-саттық жасауға рұқсат берген. Ал өздері солардың есебінен пайда көріп отырған. Сатушылар болса Құдайға ғибадат етуге келген ақжүректі қарапайым адамдарды тонаған. Иса осы айлакер саудагерлерге: “Әкемнің үйін базарға айналдыруды доғарыңдар!”— деп, оларды ғибадатханадан қуып шыққан (Жохан 2:14—16).
Иса пайғамбардың Құдайға қалай қызмет еткенін де айтып өтпеске болмас (Жохан 8:28, 29). Ол Құдай жайлы үйреткеніне адамдардан ешқашан ақша алған емес. Жасаған таңғажайып кереметтері үшін де, мысалы, қарны аштарды тойдырғаны, ауруларды сауықтырғаны және өлгендерді тірілткені үшін бірде-бір тиын сұрамаған. Құдайға деген құлшылығының есебінен байып алу оның ойына да кіріп-шықпаған. О түгіл, оның тіпті өз үйі болмаған (Лұқа 9:58).
Исаның I ғасырдағы ізбасарлары дінді табыс көзі етпеген
Иса пайғамбар өзінің ізбасарларына діни қызметтері үшін ешқашан ақы алмаулары керектігін айтып: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер”,— деген болатын (Матай 10:8). Сол ертедегі ізбасарлар осы бұйрыққа құлақ асқан. Соның бірнеше мысалын көрейік:
Бір күні Шимон деген кісі Исаның елшілерінің бірі Петірге ақша ұсынады. Ол билік пен дәрежені сатып алғысы келеді. Бірақ елші Петір оның ұсынысынан бірден бас тартып: “Құдайдың сыйын ақшаға сатып аламын деп ойлағаның үшін ақшаң өзіңмен бірге құрып кетсін!”— деп қатты айтып тастайды (Елшілердің істері 8:18—20).
Елші Пауыл көп жерді аралап қызмет еткен. Жылдар бойы ол көптеген қауымға аянбай көмектессе де, еңбегі үшін ешқашан ақы сұрамаған. Пауыл да, қасындағы серіктері де “Құдай сөзінің саудагерлері” болмаған (Қорынттықтарға 2-хат 2:17). Қайта, Пауыл былай деп айтқан: “Көп шығынға ұшыратып, ешқайсысыңа ауыртпалық салмау үшін күні-түні жұмыс істей жүріп, сендерге Құдайдың ізгі хабарын уағыздадық” (Салоникалықтарға 1-хат 2:9).
Әрине, ертедегі Исаның шәкірттеріне ізгі хабарды айту үшін және қайырымдылық істерін жасау үшін қаражат керек болмады емес, керек болды. Бірақ олар Құдайға ғибадат етуге көмектескендері үшін жұрттан ешқашан ақша талап етпеген. Ал кімде-кім алғысын қаржылай білдіргісі келсе, мына екі принципті ескерген:
Қорынттықтарға 2-хат 8:12: “Құдайға әсіресе шын ықыласпен берілген сый-тарту ұнамды. Ол адамның қолда жоғына емес, барына қарай қабылдайды”.
Мәні: Адамның қанша бергені емес, қандай ниетпен бергені маңызды.
Қорынттықтарға 2-хат 9:7: “Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”.
Мәні: Құдай адамның садақаны қиналып, өз-өзін мәжбүрлеп бергенін қаламайды. Ал адам өзі қалап, шын жүректен берсе, бұған разы болады.
Ақшаға тоймайтын діндермен таяуда не болады?
Киелі кітапта діндердің бәрі бірдей Құдайға ұнай бермейтіні анық айтылған (Матай 7:21—23). Ондағы бір пайғамбарлықта барлық жалған дін жезөкшеге теңелген. Себебі олар ақшаны және басқа да пайданы көздеп, үкіметтермен одақтасып, ауыз жаласады. Олар қарапайым халықтың қалтасын қағады (Аян 17:1—3; 18:3). Бірақ сол пайғамбарлықта Құдай Тағала жақында бүкіл жалған дінді жауапқа тартатыны да айтылған (Аян 17:15—17; 18:7).
Қазір болса жалған діндер адамдарды алдап, Құдайдан алшақтатуда (Матай 24:11, 12). Ал Құдай жүрегі таза адамдарды оған қалай дұрыс ғибадат ету керектігін білуге және жалған діннен кетуге шақырады (Қорынттықтарға 2-хат 6:16, 17).