Экономикалық теңсіздік мәселесі шешіле ме?
Түрлі елдерде адамдар экономикалық теңсіздікке наразы болып, көтеріліске шығып жатыр. Ал COVID-19 пандемиясы кезіндегі карантиндік шектеулердің, азық-түлік тапшылығының, тиісті медициналық көмек ала алмаудың салдарынан жағдай одан сайын ушыға түсті. Нәтижесінде байлар мен кедейлердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей болып кетті.
Дүниедегі экономикалық проблемалар түбегейлі шешілетін кез келе ме? Иә. Киелі кітапта Құдай Тағала біздің қиындықтарымызды қалай шешіп беретіні айтылған.
Түйіні шешілетін мәселелер
Қиындық. Адамдар бүкіл адамзаттың қажеттіліктерін қанағаттандыратын экономикалық жүйе орната алмады.
Шешімі. Құдай барлық үкіметтердің орнына өзінің үкіметін қояды. Бұл үкімет Құдай Патшалығы деп аталады. Ол көктен бүкіл жержүзіне билік етеді (Даниял 2:44; Матай 6:10).
Нәтижесі. Құдай Патшалығы бүкіл дүниеге билік ететіндіктен, ондағы қиындықтарды ең дұрыс жолмен шешеді. Кедейлік деген атымен болмайды, адамдар ертеңгі күннің қамын ойлап уайымдамайтын болады (Зәбүр 9:7—9, 18). Олар бейнеттерінің зейнетін көріп, бала-шағаларымен бірге мән-мағынаға толы өмір кешеді. Құдай Сөзінде мынадай тамаша уәде жазылған: “Жұрт үйлер салып, соларға қоныстанады, Жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады. Олар үйді өзге біреу тұрсын деп салмайды, Жүзімдікті де жемісін өзгелер жесін деп отырғызбайды” (Ишая 65:21, 22).
Қиындық. Адамдар қайғы-қасірет пен жоқшылыққа әкелетін жағдайлардан қашып құтыла алмайды.
Шешімі. Құдай өз Патшалығы арқылы үрей мен уайым тудыратын жайттарды түгел жоқ қылады.
Нәтижесі. Адамдар бұдан былай жоқшылыққа ұшырататын жағдайларға кезікпейді. Мысалы, соғыстар, азық-түлік тапшылығы, пандемия дегендер келмеске кетеді (Зәбүр 46:9; 72:16; Ишая 33:24). Құдай Тағала былай дейді: “Менің халқым тыныштық орнаған жерлерге қоныстанып, Қауіпсіз мекендерде және жайбарақаттық орнаған тынығатын жерлерде тұрады” (Ишая 32:18).
Қиындық. Көп адам өзін ғана ойлайтын ашкөздерден жапа шегуде.
Шешімі. Құдай Патшалығының азаматтары өз қара бастарын емес, өзгелердің қамын ойлауды үйренеді (Матай 22:37—39).
Нәтижесі. Құдай Патшалығы билік еткенде, барлық адам бір-біріне Құдайға тән сүйіспеншілік көрсетеді. Бұндай сүйіспеншілік “өзімшіл емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). “Бүкіл киелі тауымда еш қиянат жасалмайды, Ештеңе қиратылмайды. Өйткені теңіздің суға толы болатынындай, Жер беті Ехоба a туралы білімге толады”,— дейді Киелі кітап (Ишая 11:9).
Киелі кітапта біздің осы заманның соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымыз айтылған. Өте жақын арада Құдай өз уәдесіне сай, экономикалық проблемалардың тамырына балта шабады b (Зәбүр 12:5). Ал ол уақыт келгенше, Киелі кітаптағы ақыл-кеңестердің арқасында қаржылай қиындықтармен күресе аласыз. Мәселен, “Азға қанағат ету” және “Ақшаға деген дұрыс көзқарас” (ор.) деп аталатын мақалалар сізге таптырмас көмек болуы мүмкін.
a Ехоба — Киелі кітапқа сай, Құдайдың адамзатқа ашқан есімі (Зәбүр 83:18).
b Киелі кітапқа неге сенуге болатынын білу үшін “Киелі жазбалар — ақиқаттың нақ көзі” деген мақаланы оқып көрсеңіз болады.